Дзюдо

Сметов: Мақсатыңа жету үшін өз ісіңе махаббатпен қарауың тиіс

Сметов: Мақсатыңа жету үшін өз ісіңе махаббатпен қарауың тиіс
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін қазақстандық спортшылар Халықаралық Олимпиада күнін тойлап жатыр. Отандық олимпиадашылар Ұлттық Олимпиадалық комитет ұйымдастырған интерактивті кездесуде тікелей эфирге шығып, спорттағы қызық оқиғаларымен және бала армандарының орындалу туралы бөлісті.

Дзюдодан әлем чемпионы және қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов кішкентай кезден арманыңа адал болып, өз ісіңе махаббатпен қарау керегін айтты.

- Арман, мақсат адамның жасымен өлшенбейді. Кішкентаймын деп, мақсатсыз, жоспарсыз жүруге де болмайды. Кішкентай кезіңнен бастап, белгілі бір мақсат қойып, соған махабатпен қарау керек. Жолдан тайып кетпей, мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керек деп ойлаймын.

Мәселен, өзім үлкен жарысқа шығарда міндетті түрде жоспар құрып, сол жарысты жеңу керек деп мақсат қоямын. Себебі, кішкентай кезімде арман, мақсаттарымды ақ қағазға түсіріп отыратынмын. Өскенде бұл әдет болып қалыптасып кетті.

Спорттағы үлкен жетістіктердің алдында өзімнің мақсатым болған. Әлем биігі былай тұрсын, ол кезде әлі Қазақстан чемпионы да болмаған едім. Көп спортшылардың қатарында болдым. Сонда үйге келіп "2014 жылы Азия ойындарында чемпион боламын. 2015 жылы әлем чемпионатында жеңімпаз атанамын.

2016 жылы Рио Олимпиадасының биігін бағындырамын" деп, тайға таңба басқандай, ақ қағазға жазып қойған болатынмын. 2016 жылы Олимпиада ойындарынан кейін сол қағазды іздедім, бірақ таппадым. Ол қағаздың құны бөлек еді. Себебі, отбасым алдында, өсіп келе жатқан ұл-қыздарым мен өзімнің жеке тарихым үшін маңызды, жігерлендіретін дүние болатын еді деп ойлаймын. Дәл сол күннің уақытын жазып, құмыраның ішіне салып койған болатынмын. Кішкентай етіп бүктеп қойған соң, оны үйдегілер қоқыс деп ойлады ма екен, таба алмай қалдым. Десе де, қағазға жазылған дүниемнің бәрі дерлік орындалғанына қуаныштымын.

Адам бойында арман мен мақсат қатар жүреді. Оларды бөліп жаруға я тасада қалдыруға, көңіл бөлмеуге болмайды. Себебі, өз ісіңе деген арман, мақсатыңды арқасында оларға деген махаббат пайда болады. Барлық адам бірдей спортпен айналыса бермейді ғой.Спорт болмаса да, басқа сала маманы болса да өз ісінің мықтысы, жеңімпазы болуға болады. Қандай қиын кезең болса да, өз ісіңді сүю керек. Өз ісіңе деген сүйіспеншілік, махаббат сені үлкен жетістікке жетелейді. Кез келген қиындыққа төтеп беріп, жігерді ояту керек болады. Спортта жеңіс те жеңіліс те қатар жүреді. Соған қарамастан, өмірде жеңімпаз болуға барынша талпыну керек, - дейді Елдос Сметов тікелей эфирде.

Түпнұсқасы: Olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер