Басқа

Баландин балалармен онлайн кездесу өткізді

Баландин балалармен онлайн кездесу өткізді
news-banner7
mobile-news-top

Халықаралық Олимпиада күні қарсаңында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті сандық форматтағы бірнеше іс-шараны қолға алды. Солардың бірі – танымал спортшылардың денсаулығында ерекше қажеттіліктері бар балалармен интерактивті кездесу өткізуі. Онлайн жүздесуді Қазақстан ҰОК пен ЮНЕСКО бірлесіп ұйымдастырып отыр деп жазады Prosports.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.

Бағдарламаның кезекті қонағы – жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин. Ол балалармен емін-еркін тілдесіп, спорттың өміріндегі алатын орнына ерекше тоқталды.

«Баршаңызды көргенім үшін қуаныштымын! Бүгінгі кездесуге қатысқандарыңыз үшін рахмет! Алдымен өзімнің спортқа келу тарихыма көз жүгіртсем деймін. Спорт ең алдымен балалық шақтан басталады. Бала кезден-ақ біз аулада әрі-бері жүгіріп, қызықты ойындармен көңіл аулаймыз. Мұның бәрі спорттың бастау алар шағы. Ал әрі қарай қандай бағытқа бет бұратыны адамның өзіне байланысты. Менің жолым болды десем болады. Ата-анам мені кішкентай кезден жүзуге берді. Олар қандай да бір мақсатсыз, тек жүзіп үйренсін деген оймен бассейнге ап келген. Үлкен мақсаттар қойған жоқпыз. Үйдің маңында жүзетін жер болмаған соң, үйірмеге беруді жөн санады. Осылайша алғаш рет бассейнге келдім. Алғашында ағаммен бірге жаттықтым. Негізі, мұны жаттығу деп атау да қиын (күлді). Кейін бапкерлердің көзі түсіп, ата-анама мені кәсіби түрде дайындау керектігін айтқан. Арада жылдар өткен соң, жоспарлы жаттығулар арқылы мен өз арманыма жақындай түстім. Олимпиада ойындары қыс астында еді. Әрине, дәл қазір бұлай айтқан оңай сияқты. Бірақ мен үшін әрбір күн сынаққа толы болды. Мәселен, таңғы алтыда ұйқылы-ояу тұрасың да, жетіде мұздай суға сүңгисің. Мұның бәрін сол сәтте орындау өте қиын, бірақ алдағы мақсатың үшін бәрін ұмытасың. Олимпиадаға қалай жолдама алғаным да есіме түсіп отыр. Олимпиада қарсаңындағы жыл өте ауыр өтті. Дайындық жүргізетін жерді анықтай алмай, біраз уақыт жоғалттық. Өйткені, Рио айтарлықтай алыс жер және уақыт айырмашылығы да үлкен болды. Сондықтан, сағат белдеуін біртіндеп жылжыта бергенді жөн көрдік. Алдымен Беларусьте, кейін Португалияда дайындалдық. Содан соң, Бразилияға ұшып келдік те, алғашқы екі аптада Рио маңындағы шағын қалашықта тұрдық. Ең соңында Олимпиада ауылына көшкен едік. Олимпиада ауылы маған ерекше әсер қалдырды. Мен үшін барлығы қызық еді. Айналамның бәрі толған чемпиондар, бәрі бір жерде тұрып жатыр. Бұрын теледидар мен газеттен көріп, интернеттен оқыған спорт жұлдыздары қол созым жерде жүргені, сенімен бірге асханаға баратыны таңырқатты. Бұл есте қаларлық жайт еді. Күн сайын осы ортада жүргеніме, осындай спорт мерекесіне қатысым болғанына қуандым. Әрине, ең үлкен жарыс алда күтіп тұрды. Мұнда қыдырып келмегенімді, ел намысын абыроймен қорғау қажеттігін жақсы түсіндім. Жаттығу жиындары қанша қиын болса да, айналадағы атмосфера әсерінен бәрі оңай өтетін. Екі финалдан басқаның бәрі оңай болды. 100 метрге жүзуден өткен алғашқы финал есіме түссе, бапкерім екеуміздің дым данышпансып кеткеніміз еске түседі. Сегізінші орын алдым, бәрі мен ойлағандай болған жоқ. Десе де, бапкерлерім мен достарым қолдауын аямады. Келесі күні менің енді қателесуге құқығым жоқ екенін түсіндім. Менің оң жамбасыма келетін қашықтық, сол үшін аянбауым қажет. Іріктеуден өттім, жартылай финал да артта қалды. Финалдың да ауылы алыс емес. Қасымда досым, ресейлік Антон Чупковтың болғаны оң әсерін тигізді. Өйткені, біз финалға шыққан ең жас спортшылар едік. Біз финалға ең соңғы болып жолдама алғандықтан, ең шеттегі екі жолақта жүзетін болдық. Жарысты күтіп отырып, төрт жылғы дайындығымыз екі минут ішінде зырлап өтетінін әңгілемедік. Өзімнің бірінші орын алғанымды көргенде: «Расында бәрі мен ойлағандай болды ма?» деп таң қалдым. Кейін досым Антонның да үштікке енгенін көріп, құдды ертегіде жүргендей күй кештім. Бірінші күні ұйықтамағаным анық, көзім ілінген жоқ».


Одан кейін Дмитрий балалардың сұрағына жауап берді. Балалар танымал спортшыға түрлі сұрақтар қойып, қызықты сұхбат жасады. Әңгіме аяқталар тұста Баландин балаларға үлкен өмірде сәттілік тіледі. Айта кетелік, Қазақстанның әр аймағындағы балалардың қатысуымен өтетін эфирлер сериясы одан әрі жалғасын табады. 19 маусым күні фристайл-акробатикадан әлем кубогі кезеңдері мен Универсиада жүлдегері Жанбота Алдабергеновамен онлайн жүздеу өтеді. Олимпиадашылармен онлайн кездесулер халықаралық Олимпиада күніне орай ұйымдастырылуда.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер