Басқа

Нұрбақыт Теңізбаев: Алматы облысында спорт қарқынды дамып жатыр

Нұрбақыт Теңізбаев: Алматы облысында спорт қарқынды дамып жатыр
news-banner7
mobile-news-top

Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Нұрбақыт Теңізбаев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында облыстағы спорттың жағдайы туралы баяндап берді.

– Жоғары жетістікке жеткен спортшыларымыз өте көп. Қазіргі таңдағы ең жоғары жетістік ол – 2021 жылғы Токио Олимпиада ойындарының 6 жолдамасы. Қоржынымызда грек-рим күресі және жеңіл атлетикадан 2, садақ ату спортынан 4 жолдама (3 жекелей, 1 командалық) бар.

Сонымен қатар, 2019 жылғы әлем және Азия чемпионатында спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кетсек, Елдос Қабденов ересектер арасында джиу-джитсудан әлем чемпионы болды. Ауыр атлетикадан Сон Игорь және самбо күресінен Ділдаш Құрышбаева әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді. Динара Жұмабаева самбодан әлем біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионатында Адлан Асқаров күміс алса, жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының жеңіс тұғырынан Ақмолда Сайрамкез, Сайхан Тайсуев, Ольга Пастухова сынды спортшыларымыз көрінді.

– Алматы облысындағы спорт нысандары қаншалықты

– Облыста дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 3591 спорттық құрылымдар бар. Оның ішінде дене шынықтыру спорттық мәндегі нысандар (ДШМ) – 742, білім беру ұйымдарда (БҰ) -2634, спорт мектептерде (СМ) – 215 (оның ішінде ауылдық жерде - 2732, жекеменшік – 166) спорттық құрлымдар жұмыс жасайды.

Соның ішінде: 25 стадион, 2 спорт сарайы, 11 спорттық құрылымдар кешені, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 30 спорт кешені (оның ішінде 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені), 2 шаңғы базасы, 248 атыс тирі, 4 атыс алаңы, 2 яхт-клуб, 1 конькимен жүгіру стадионы, 19 хоккей корты, 2105 жазықтық құрылым, 26 теннис корты, 7 ипподром, 50 бассейн, 879 спорт зал, 178 жалғасып салынған спорт залдар бар.

Облыстағы барлық спорт нысаны 100%-ға жүктелген. Жыл сайын дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар саны өсіп келеді. Мысалы, қазіргі уақытта облыста спортпен жүйелі түрде 600 мыңнан астам адам шұғылданады. Бұл облыс халқының 30,5%. Ал барлық спорт нысанының сыйымдылығы 147714 адамды құрайды.

– Дарынды жас спортшыларымыздың жағдайы қалай? Өзге облыстарға кетіп жатқан жоқ па?

Облыста барлық спортшыға айтарлықтай көңіл бөлініп, жағдай жасалып жатыр. Сол себепті өзге аймаққа кетуге негіз жоқ. Алматы облысы әкімдігінің тарапынан 173 үздік спортшыға 30 мыңнан 300 мыңға дейін және 43 мүмкіндігі шектеулі спортшыға 50 мыңнан 400 мыңға дейін ай сайынғы ақшалай сыйақы төленіп жатыр.

– Жергілікті меценаттар аймақ спортын қолдауға көмектесе ме? Егер көмектессе, қандай жобалар жүзеге асырылды?

– Алматы облысында 1193 спорттық алаң бар. Оның 893 ауылды жерлерде орналасқан. Оларға футбол, баскетбол, волейбол, Street Workout алаңдары жатады. Заман талабына сай 53 Street Workout алаңы бар. Сондай-ақ, 2020 жылы облыста 9 Street Workout алаңы салыну жоспарланып жатыр (Көксу 1, Сарқан 1, Талғар 5, Ұйғыр 2 аудандарында).

Ауылдық жерлерде спорт алаңдарын қамтамасыз ету бойынша ауыл тұрғындарының ішінен шыққан меценаттардың көмегімен және жергілікті бюджеттен 2019 жылы 23 спорт алаңы салынды. Олар: Панфилов ауданында 3 спорттық алаң, оның ішінде 1 меценат көмегімен; Ескелді ауданында жергілікті бюджеттен 3 спорттық алаң; Жамбыл ауданында 2 спорттық алаң, оның ішінде 1 меценат көмегімен; Сарқан ауданында тұрғындар көмегімен 1 спорттық алаң; Көксу ауданында 2 спорттық алаң, оның ішінде 1 меценат көмегімен; Балхаш ауданында 3 спорттық алаң меценат көмегімен, оның ішінде 1 жергілікті бюджет есебінен; Кербұлақ ауданында 7 спорттық алаң, оның ішінде 1 меценат көмегімен; Еңбекшіқазақ ауданында 2 спорттық алаң жергілікті бюджет есебінен салынып отыр.

– Коронавирус пандемиясының кесірінен Алматы облысында тоқтаған турнирлер қашан бастауын алады?

– Әлемде коронавирус індетінің салдарынан барлық спорт іс-шарасы тоқтады. Алматы облысында жоспарланған барлық аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар еліміздегі эпидемиялық жағдай оңалған соң өтеді.

– Олимпиада циклының бұзылуы жаттығу процесіне қаншалықты әсер етеді? Бұрынғы спортшы ретінде қалай ойлайсыз?

Олимпиада циклының бұзылуы әр спортшыға әр түрлі әсер етеді деп ойлаймын. Бұл әркімнің дайындығына байланысты. Физикалық және психологиялық тұрғыдада кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені әрқайсысының жылдық жоспары бар. Мысалы, жасы үлкен спортшыға келсек, келесі Олимпиада ойындарына дейін жас спортшылар шыңдалып жақсы дайындықпен келеді. Ал жас спортшыларға келсек, оларға қосымша дайындық жаттығуларын арттырып, шыңдалуына бір мүмкіндік болады.

– Жоспар бойынша Алматы облысының қанша спортшысы Олимпиада ойындарына жолдама алады деп күтілуде?

Қазіргі таңда 2021 жылғы Токио Олимпиада ойындарына 5 спортшы жолдама алды және 1 жолдама командалық есепте бар. Грек-рим күресінен 77 келі салмақ дәрежесіндегі спортшы Асхат Ділмұхамедов, жеңіл атлетикадан Айман Ратова, садақ атудан Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганькин жолдама иеленген. Қосымша тағы 6 жолдама алу жоспарымызда бар.

– Конфедерация кубогы туралы да айта кетсек. Турнир көбіне Алматыда өтеді. Бірақ жергілікті спортшылар көп жағдайда сәтсіз өнер көрсетіп жүр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Конфедерация Кубогы 2016 жылдан бастап өтіп келеді. Жыл сайын финалды Алматы қаласында қабылдайды. Топтық кезеңдері 2016-2018 жылдары Талдықорған қаласында өтті. Конфедерация Кубогына облысымыздың спортшылары барлық спорт түрі бойынша қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр

Мәселен, еркін күрес шеберлері 2016 және 2017 жылдары 1 орынды, 2019 жылы 2 орынды иеленді. Грек-рим күресінен 2016-2018 жылдары 3 жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Боксшыларымыз, таеквондошылармыз бен дзюдошыларымыз да үздік үштіктен көрініп жүр.

– Бұрын Алматы облысының қалаларында футбол клубтары болатын. Қаскелеңде «Сұңқар», Талғарда «Ақбұлақ» бар еді. Қазір тек талдықорғандық «Жетісу» қалды. Облыста басқа футбол клубтары бола ма?

– Болашақта мемлекеттік бюджет есебінен облыста футбол клубтарын ашу жоспарда жоқ. Себебі қазіргі таңда Алматы облысында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыратын «Жетісу» кәсіпқой футбол клубы бар. Аталған клубтың жүйесінен үш команда Премьер – лига, Бірінші лига және жастар арасындағы ел біріншілігінде ойнайды. Егерде жеке кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан жекеменшік футбол клубын ашу бойынша ұсыныс болса қарастырамыз.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер