Басқа

Эльмир Алимжанов: Әлемдегі барлық команда біздің нояндармен санасады

Эльмир Алимжанов: Әлемдегі барлық команда біздің нояндармен санасады
news-banner7
mobile-news-top

Семсерлесуден Қазақстан командасының мүшесі Эльмир Алимжанов Ұлттық Олимпиадалық комитет ұйымдастырған онлайн жобада қонақ болды. Instagram желісіндегі тікелей эфирде маңызды сұрақтарға жауап берген Эльмирдің сұхбатын Olympic.kz назарларыңызға ұсынады.

Карантиндегі уақыт

Міндетті түрде жаттығу жасаймын. Егер жаттығу үзіліп қалса, ағзада қарсылық байқалады. Мәселен, жарыстан кейін бір апта өткен соң ағзам тағы да дайындықты талап етіп тұрады. Мен 20 жылдан аса уақыттан бері жаттығу жасап келем, ағза да соған үйренген. Сол себепті, режимді тоқтатпаймын. Әрине, үйде жаттығу үшін бар жағдай жасалмаған. Бірақ қандай да бір жаттығуларды орындайтын мүмкіндік бар. Сондай-ақ, бұл әйеліммен, отбасыммен бірге болуға қолайлы уақыт. Осы сәтті пайдаланып жатырмын. Кіші ұлым: «Папа, сен қашан кетесің?» деп сұрап қояды. Мені кетіп қалады деп ойлап жүр. Үнемі сыртта жүретінімен үйреніп қалған.

Маусым қорытындысы

Өкінішке қарай, бізде олимпиадалық маусым әлі аяқталған жоқ. Біз Аргентинадағы жарыста жүргенде вирусқа қатысты шектеулер басталды. Әлем бойынша шекара жабылмай тұрғанда елге жетіп алғанымыз дұрыс болды. Шұғыл үйімізге жол тартқанымызға әлі қуанамын. Жоспарланған жарыстар түгел өткен жоқ. Әлі де турнирлер бар. Ал біздің командамыз үшін бұл маусым айтарлықтай табысты болған жоқ. Соңғы командалық турнирде жақсы нәтиже көрсеткеннің өзінде, Олимпиадаға жолдама алу үшін санаулы ұпай жетпей қалды. Жекелей сында жолдама алатын мүмкіндік әлі бар. Руслан Курбанов қазір іріктеуде алда келеді. Федерация қорытынды жүйені қайта қарап шығады. Мен үшін де маусым жақсы өткен жоқ. Бірақ әлі де сынға түсуге болатынын сеземін. Спорттық бабым жақсы. Келесі Олимпиадаға дайындалатын күшім бар. Біздің спортта міндетті түрде күтпеген жаңалықтар болады. Егер командалық сында мүлт кетсек, жекелей сында көзге түсетін спортшы табылады. Шпагамен семсерлесуде бұл дәстүрге айналды.

Команда туралы

Шынымды айтайын, біздің командаға әлемде бәрі таң қалады. Рас айтамын. Сол италиялықтар да, француздар да мұндай құраммен мақтана алмайды. Семсерлесуде элиталы топ бар, оған үздік 16 спортшы кіреді. Аталған топқа кірген нояндар жарысты іріктеусіз бастайды. Біздің Вадим Шарлаимов сол топқа кірді. Дмитрий Алексанин екеуміз үздік төрттікте болсақ, Руслан Курбанов алғашқы сегіздік қатарына енді. Мұндай мүмкіндік кез келген құрамада кездесе бермейді. Осындай құрам бола тұра, Олимпиада жүлдесін алмағанымызға бәрі таңырқайды. Қазақстанда спорттың бұл түрі енді дамып келеді, сондықтан, бәрі де алда. Біздің командадағы спортшылар жан жақты, түрлі стильде, түрлі жылдамдықта сынға түседі. Бұл өте жақсы нәрсе. Біреуі солақай, біреуі оңқай. Қарсыластарға біздің ыңғайымызды табу қиын, сол қуантады. Бізбен бәрі де санасады.

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының алтыны

Бұл керемет оқиға. 2006 жылы біз Кореяда өткен әлем чемпионатында жеңіске жеттік. Бұл сенсация еді. Қазақстанда бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының алтыны болмаған. Тек менің інім Энвер ғана кадеттер арасындағы әлемдік сынның күмісін иеленді. Ресейліктер жасөспірімдер арасындағы әлемдік сынның алтынын иеленген, чемпион команда ретінде сынға түсті. Осыны ұмытпау керек. Біз үздік төрттікке енген соң, қандай да бір медаль болатынына қуандық. Жартылай финалда Германиямен кездескен едік. Бұл командада жекелей сында топ жарған өте мықты спортшы бар. Біздің қатарымызда қазір Ресейде тұратын бір жігіт болатын. Сол әлгі қарсыласты 8:2 есебімен ұтты да, біз финалға шықтық. Ал Италиядан басым түскен ресейліктер ақтық сында бізге қарсылас атанатынына ерекше қуанды. Себебі, олар бізді қалпақпен ұрып аламыз деп ойласа керек. Финалға дейінгі үш-төрт сағат ішінде біраз жаттығу жасадық. Ал қарсыластарымыз қозғалған жоқ, бізді оңай ұтамыз деп ойлады. Осылайша, алтын үшін өткен матчта біздің команда жеңіске жетті. Олар бізді мүлде бағаламаған еді.

Қарсыластарды зерттеу

Жарысқа 300-ге жуық спортшы қатысады. Олардың бәрін зерттеп шығу қиын. Сондықтан, бұл жерде тәжірибенің көмегіне сүйенеміз. Командаластардың да көмегі тиеді. Егер бұрын аталған қарсыласпен кездескен болсақ, бір-бірімізге кеңес береміз. Сондай-ақ, спортшы туралы мәліметтерді бапкерлер көп біледі. Қандай да бір айырмашылығын, стилі мен техникасын түсіндіреді. Турнир кезінде қандай да бір қарсыласқа алдын ала дайындалу қиын. Жеребеде кез келген спортшы саған қарсы шығуы мүмкін. Тек алғашқы 64 ноян анықталған соң, қандай да бір қорытынды шығаруға болады. Десе де, біздің спортта алдын ала болжам жасау қиын. Ешкім күтпеген спортшы жеңіске жетуі мүмкін. Әлем чемпионаттарында екі рет жеңген спортшылар саусақпен санарлықтай. Өйткені, кез келген спортшы чемпион атана алады.

Экипировка жайлы

Айтарлықтай жаңашылдық жоқ. Барлық спорттық экипировканы ұзақ уақыт қолдануға болады. Мысалы, мен өзімнің ескі экипировкаммен техникалық тексеруден өте аламын. Қазір қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Киімді тіккенде кевлар жіптерін пайдаланады. Масканың өзі айтарлықтай ауыр. Яғни, қазір спортшының қауіпсіздігі бірінші орынға шықты. Ал шпага әр спортшы үшін арнайы жасалады. Мәселен, командалас жігіттердің шпагасын ала алмаймын, өйткені, маған оны қолданған ыңғайсыз. Алексанин солақай. Тап осы себептің өзі жеткілікті. Біз шпаганы өзімізге ыңғайлы етіп жасатамыз.

Ең есте қалған сәттер

2006 жылғы әлем чемпионатының алтынын алған сәт естен кетпейді. Финалдық кездесуді әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Әрбір деталь көз алдымда. Ал Лондон Олимпиадасындағы өкініш ұмытылмайды. Кореялық спортшымен жиі кездескен едім, Азия чемпионатының финалында ұтылғанмын. Олимпиада ойындарында онымен кездесуім екіталай еді. Бірақ жеребе соған жолықтырды. Соңына дейін шайқассам да, жолым болмай қойды. Аталған қарсыласым Олимпиаданы қола жүлдемен аяқтады. Сол күнді жиі есіме алып, көп нәрсені басқаша істеу керек еді деп ойлаймын. Спортта жүрген соң тек жарқын сәттер ғана емес, жеңілістің ащы дәмі де есте қалады.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер