русский язык
Бокс

Олжас Сәттібаев: Алдағы уақытта өзімді кәсіби бокста сынап көргім келеді

Олжас Сәттібаев: Алдағы уақытта өзімді кәсіби бокста сынап көргім келеді
news-banner7
mobile-news-top

52 келі салмақ дәрежесінде біраз уақыт ұлттық құраманың негізгі боксшысы болған Олжас Сәттібаев спорттағы мансабын аяқтағаннан кейінгі өмірі туралы, карантин кезінде не істеп жатқандаығын Prosports.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

- Бокстан кейнгі өмір қалай екен, қазір немен айналысасыз ?

- Боксты қойдым. 20 жыл өмірімді боксқа берген соң, боксты ұмытып, қалыпты өмір сүріп кете алмайсың. Қазіргі жағдайда нақты жұмысым жоқ. Карантиннен кейін жұмыс істеу ойымда бар.

- Карантиндегі уақытты қалай өткізіп жатырсыз ?

- Барлық уақытымды отбасыма арнап жатырмын. 5 баласы бар көпбалалы әке болып жүрген жайым бар. Боксты қойғалы бері бала-шағаның тәрбиесімен айналысып жүрмін. Әлемді дүркіретіп жатқан вирус кезінде, үйде отырмыз.

- Алдағы уақытқа қандай жоспарыңыз бар ?

- Спортты мүлде тастап кеттім деп айта алмаймын. Өзімнің біліп-көргенімді жастарға үйретсем деген ойым бар. Жұмыс орнын беріп жатса, жұмыс істеуге дайынмын. Жамбыл облысынан талай чемпиондар шыққан. Сондай ағаларының жолын жалғайтын жастарды шығаруға үлесімді қосқым келеді. Нақты бапкер болам деп те айта алмаймын. Бірақ спорт саласында қызмет жасауға ойым бар.

- Әуесқой бокстағы мансабыңызда бір қатты қуанған және өкінген сәтіңіз бар ма ?

- Бұл кетіп жатқан жалған өмір ғой. Мен үшін әрбір жеңісім жүрекке қуаныш ұялайтын сәт деп айта аламын. Әр спортшының арманы жеңіске жету. Олимп шыңын бағындыру қазақтарда кішкентай кезден басталатын арман десек болады. Олимпиада алтыны оңайлықпен келмейді. Қатты өкінген сәтім болды деп айта алмаймын. Спортқа арнаған әрбір сәтімді бағалаймын. Барлық сәттерді сағынышпен еске алып отырамын. Бүрынғы кездегідей үзбей жаттығу жасаудың өзі қазір арман ғой.

- Спортқа қайта оралуыңыз мүмкін бе ?

- Қолғапты толықтай шегеге ілдім деп айта алмаймын.Бірақ әуесқой бокстан кеткенім анық. Жақында Америка құрама штаттарына барып біраз уақыт Мадияр Ашкеевпен бірге жаттығып келдім. Алдағы уақытта өзімді кәсіби бокста сынап көргім келеді. АҚШ-тағы жаттығулардан үлкен әсер алып қайттым. Жасым 31 келсе де кеш емес деп ойлаймын. Әзірге осындай ойларым бар.

- Ұлттық құраманың Аммандағы көрсеткен нәтижесіне қандай баға бересіз ?

- Ұлттық құраманың қатысқан жарыстарын бақылап отырамын. Аммандағы Олимпиадаға іріктеу турнирінде барлық боксшыларымыз өте жақсы өнер көрсетті. Бас бапкер Ғалым Кенжебековты атап өткеніміз дұрыс. Ұлттық құрамада жас жігіттер көп. Ішінде тіс қаққан Зәкір Сафиуллин, Василий Левит бар. Өзім өнер көрсеткен 52 келі салмақтағы жігіттер жайлы айтатын болсам. Бұл салмақтағы жігіттердің қайсысын жіберсеңде лицензия алып келуге дайын деп ойлаймын. Олимпиадада барлық жігіттерден үлкен үміт күтемін.

- 2016 жылғы Олимпиададан бері барлық ірі жарыстарда Өзбекстан құрамасы алдымызды орап келеді. Қашан көршілерімізден озамыз ?

- Ұлттық құрамамыз тәуелсіз ел болғанна бері Олимпиада ойындарында тұрақты нәтиже көрсетіп келе жатыр. Біз өзбек ағайындарға қарағанда тұрақытырақпыз. 2016 жылғы Өзбекстанның Олимпиадада атой салуы саяси ойын болып кетті деп ойлаймын. Аммандағы турнирдің өзінде көп жағдайда өзбекстандықтардың қолын көтеріп жатты. Зәкір Сафиуллин финалда өзбекстандық боксшыны үш раундта да жеңді.Кез-келген боксты түсінетін адам Зәкір ұтқанын айтады. Бірақ жеңісті өзбекстандыққа берді. Соңғы кезде жарыстарда жүлде саны бойынша Өзбекстан құрамасы алда жүргенін мойындау керек. Мойындауда ерлік дейді ғой. Бірақ біздің жігіттердің олардан еш жері кем емес. Біз өзбекстандықтардан оза аламыз. Алдағы уақытта осы жағдайды түзеу керек.

- Кәсіби бокста қазақ жігіттерінің саны жетерлік. Кәсіби бокстағы үздік үш қазақстандық деп кімдерді айта аласыз ?

- Қазіргі кезде көп боксшылар өз уақыттарын ұстамай, кәсіби боксқа ауысып жатыр. Ұлттық құрамада бірінші нөмір екеніңді дәлелдеу үшін көп уақыт жұмсау керек. Жас жігіттердің кәсіби бокста туымызды желбіретіп, жақсы өнер көрсетіп жүргендігі қуантады. Геннадий Головкин ағаларының жолын қуады деп Садриддин Ахмедов, Сұлтан Зәуірбек және Батыр Жүкембаевты айтуға болады деп ойлаймын. Одан бөлек Мадияр Ашкеев, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтановты айтуға болады. Ешкімді бөліп жарғым келмейді. Барлық қазақ жігіттеріне тілектеспін. Осы жігіттер болашақта әлем чемпионадары болады деп сенемін.

Естеріңізге салатын болсақ, Олжас Сәттібаев 52 келі салмақ дәрежесінде көптеген жарыста ел намысын қорғаған. 2016 жылы Рио Олипиадасында ширек финалға дейін жеткен. 2006 жылы жастар расындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2009 жылы құрлықтық бәсекеде қола жүлдегер, 2013 жылы әскерилер арасындағы әлем чемпионы, 2015 жылы Азия чемпионы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;