ММА

Арман Оспанов: Келешекте мұхиттың арғы жағында өнер көрсетуім керек

Арман Оспанов: Келешекте мұхиттың арғы жағында өнер көрсетуім керек
news-banner7
mobile-news-top

Алматыдағы АСА 105 турнирінде Расул Мирзаевты нокаутпен жеңген Арман Оспанов Forbes.kz сайтына берген сұхбатында өткен жекпе-жекті қорытындылап, алдағы жоспарымен бөлісті.

Арман, 6 наурыз күні Алматыда керемет өнер көрсетіп, ресейлік Расул Мирзаевты нокаутқа жібердіңіз. Әрине, қарсылас оңай болған жоқ. Дегенмен, өзіңізге қаншалықты сенімді болдыңыз, бапкер қандай мінет қойды?

- Иә, өздеріңіз көрдіңіздер, «Алматы Аренада» АСА тұжырымы бойынша кезекті бәсеке өтті. Қазақ спортшыларына керемет қолдау болды, 15 мыңға жуық көрермен жиналды, бәрі де ерекше көңіл күймен қайтты деп ойлаймын. Жалпы, жаттықтырушымен белгілі бір тактика бойынша жоспарымыз болды, себебі Расул Мирзаев мықты спортшы, деңгейі жоғары, қазақ халқы оны жақсы біледі. Ресей, ТМД елдерінде өте әйгілі, жауынгерлік самбодан әлем чемпионы. Сосын, Қазақстанға келіп, жерлесіміз Ержан Естановты ұтып кеткені бар, бір емес, екі емес, үш рет қатарынан жеңді. Сондықтан, бұл кездесу халықтың көкейінде көптен бері жүрді. Бірақ, бұл жолы намысты қолдан бермей, оны бірінші руандта жеңуге тура келді. Біріншіден, бұл жеңіске ең алдымен Жаратушының арқасында, екіншіден көп еңбек етудің нәтижесінде және «Арлан» ММА мен өзімнің бауырым Аман Айтжанның командасы, жаттықтырушылардың, әкемнің батасымен, анамның дұғасымен, жалпы көптің тілегімен жеттім деп ойлаймын.
Жекпе-жектен кейін Расулдың командасы төрешінің шешіміне наразылық білдірді деген ақпарат болды. Сіз бұған не дейсіз? Реванш болуы мүмкін бе?

- Төрешінің шешіміне наразы болды деп ойламаймын. Бейнекөріністе бәрі анық көрініп тұр. Бұл жерде Расул Мирзаевтың өзі нокдаун жағдайында болып, рефлексте қолымды байламақ болды, ауыр соққылар алды, салдарынан өзіне бірден келе алмады, бұл дегеніміз мен дарытқан соққылар оның миына қатты әсер еткенін білдіреді, әрине, әккі спортшы болғандықтан, орнынан тұруға тырысты, бірақ тепе-теңдік ұстай алмады, оның үстіне жойқын соққылардан жағы екі жерден сынып, шекесі қансырап, маңдайының терісі жыртылып кетті. Сондықтан, менің ойымша реванш деген болмайды. Реванш, тек төрешілермен келіспегенде, аз ғана ұпай санымен жеңілгенде болады. Жалпы, менің ойымша оның спорттық мансабы ұзаққа бармайды, себебі осыдан кейін Мәскеуде операцияға түсті, зақымданған жағын қалпына келтіруге біраз уақыт кетеді, осы уақыт аралығында формасын жоғалтуы мүмкін, сол себепті жуырда спортқа қайта оралады дегенге күмәнім бар, бәлкім осымен оның мансабы аяқталуы да мүмкін шығар.

Бір кездері Америкада жаттықаныңызды білеміз. Ал бұл жолы оқу жаттығу неліктен Дағыстанда өтті?

- Америка, Тайланд, Дағыстан елдерінде оқу-жаттығулар жиынын өткізіп жүрміз. Бұндай жаттығу бірінші рет емес, бұған дейін де бірнеше рет барғанбыз және тек сыртта емес, өз елімізде де көп жаттығамыз. Біріншіден, дағыстандық жаттықтырушылармен өте көп жұмыс істедік, онда үнемі барып тұрамыз, бір-бірімізбен бауыр болып кеткенбіз, екіншіден, үйдің шаруасына, отбасына алаңдамас үшін сыртта жаттығу қажет. Өйткені, отбасы мен тірлікті және спортты қатар алып жүру оңай емес. Білесіздер, менің отбасым үлкен, бес қызым бар, әке-шешем бар, қара шаңырақтың, үйдің жағдайы бар, спорттан бөлек жұмыстарым бар. Ал сыртта күндегі күнтізбе бойынша, нақты кестеге сай, бәрі жоспарлы жүзеге асады, ұйқы уақытында, жаттығуға еш кедергі жоқ, қойған мақсатыңа жету үшін тек шынығумен боласың. Шынында көбі сұрайды, дағыстандық спортшымен шығу үшін неліктен Дағыстанға барып жаттығудасың дейтіндер көп. Дағыстандық қарсыластың мықтығығын білу үшін, Дағыстанға бару керек секілді. Маған сол залдың атмосферасын сезіну, қарсыластардың маған деген көзқарасын білу үшін және небір майталмандар шыққан елден күрес өнерін меңгеру үшін өз-өзімді баптау керек болды. Dagfighter залына барып, бауырларымызбен спарринг серіктес болып, Мансур Учакаев деген жаттықтырушының тактикасымен жұмыс істеп қайттық. Дағыстан өте ұнады. Ал,екінші оқу-жаттығу жиыны Алматы облысы, Талғар ауданында AIBA академиясында өтті, «Арлан ММА» командасымен, Игорь Фунтиков деген жаттықтырушының қолдауымен жұмыс істедік.

- Жуырда АСА ұйымымен келісім аяқталғанын білеміз. Америкадан шақырту алғаныңыз жайлы мәлімет бар. Кімдер шақырды, қай кезге?

- Иә, АСА (Absolute Championship Akhmat) бойынша келісім аяқталды. Қазір келешектің келісім-шарты бойынша менің менеджерім, америкалық Әли Абдул-Азиз және Резван Магомедов деген жігіттер айналысуда. Мен Абул-Азизбен екі жылдан бері істеп келемін, қазірге дейінгі кездесулерім, келісімдер сол арқылы жасалды, онымен UFC тұжырымы бойынша үш әлем чемпионы жұмыс істейді. Олар: Камару Усман, Генри Сехудо және Хабиб Нурмагомемдов. Олардан бөлек қаншама ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша тек менімен қарым-қатынаста, күн сайын байланысып тұрамыз. Жуық арада жақсы жаңалықтар болып қалуы мүмкін. Болашақта Американың атақты промоушендерінде өнер көрсетуді жоспарлап жүрмін. Грэг Джексонның АҚШ-тағы спортшыларды дайындайтын арнайы орталығынан шақырту алдым. Келешекте мұхиттың арғы жағында өнер көрсетуім керек.

Қазір қайдасыз? Демалыс қайда өтіп жатыр, әлде жаттығу басталып кетті ме?

- Қазіргі уақытта Төлеби ауданында, Леңгір қаласында, тау бөктеріндемін. Спорттан бөлек жұмыстарымыз барын айттым, қазір бір құрылыспен айналысудамыз. Алдағы Рамадан айына дайындық үстіндеміз. Отбасыма, балалар тәрбиесіне мән беріп жатырмын. Жаттығу тоқтаған жоқ, қол қалт еткенде залға барамыз, оның үстіне қазір Аман бауырым кездесуге дайындалып жатыр, оған ақылымызды айтып, жәрдем беру керек. Жалпы, Қазақстанда мықты спортшылар өте көп, біз көбіне АҚШ, Кавказ, Бразилияны атап жатамыз, бірақ біздің жігттер олардан еш кем емес, егер мемлекет, жалпы жекелеген кәсіпкерлер оларға қаржылай қолдау, демеу жасаса үлкен дәрежеге жетуге болады және оған жетеміз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер