Бокс

Ерік Алғабек: Біздің команда боксшыларына аз ғана уақыт керек

Ерік Алғабек: Біздің команда боксшыларына аз ғана уақыт керек
news-banner7
mobile-news-top

Бокстан Қазақстан әйелдер командасы Аммандағы лицензиялық турнирден жалғыз жолдамамен оралды. 75 келідегі Надежда Рябец қола жүлдемен қатар Токио ойындарына апаратын билетті де ұтып алған болатын. Өкінішке қарай, қалған төрт салмақтағы қыздарымыз қуантқан жоқ. Ангелина Лукас (51 келі), Дәметкен Келімбет (57 келі), Римма Волосенко (60 келі) бірінші кездесуде жеңілсе, Валентина Хальзова (69 келі) жолдамаға қол созым жерден тоқтады. Аймақтық іріктеу турнирі қалай өтті? Бұрымды боксшыларға не жетпеді? Olympic.kz-ке команда бас бапкері Ерік Алғабек жауап берді.

- Аммандағы аймақтық іріктеу турнирінен жалғыз лицензия олжаладық. Бес салмақтың біреуінде ғана жолдама алғанымыз көңіліңізді түсірді ме?

- Жалпы, бокстан іріктеу турниріне аттанар кезде үш салмақта лицензия алуды жоспарладық. 60 келідегі Римма Волосенко, 69 келідегі Валентина Хальзова және 75 келідегі Надежда Рябец жолдамамен оралады деген сенім болды. Ал 51 және 57 келіде бізге қиын соғарын түсіндім. Өйткені, соңғы төрт-бес жылда сары құрлықтағы бокс қарқыны үдеп келеді. Сондықтан, екі жеңіл салмақтағы боксшыларға оңай болмағаны анық. Бірақ бәрі біз ойлағандай болған жоқ. Командаға әлі де уақыт керек. Аздаған уақыттан соң құрлықтағы мықтыларды да қуып жетеміз.

- Іріктеу турнирінде төрт спортшымыздың жеңілгенін немен түсіндіресіз?

- Әр салмаққа тоқталып өткенім жөн шығар. 51 келіде Ангелина Лукасты апардық. Ангелинаны жасөспірімдер қатарында жүрген кезінен бері танимын. Талантты боксшылардың бірі. Бірақ бұл турнирде жолы болмады.

57 келідегі Дәметкен Келімбет те өте мінезді қыз. Дәметкен бұл жарыста тәжірибенің аздығынан ұтылды. Ол бұған дейін ірі халықаралық жарыстарға қатыспаған. Оның үстіне, бірінші кездесуде тәжірибелі қытайлық боксшымен кездесті.

60 келідегі Римма Волосенко мені қатты таң қалдырды. Римманың жолдама алатынына күмәніміз болмаған. Өткен жылғы әлем чемпионатында жүлдегер атанған қыз. Ол бірінші раундта мүлде жұдырықтаспай қойды. Екінші раундта сәл жиналғандай болған, бірақ үшінші раундты тағы да қарсыласына беріп қойды. Одан мұндай нәтиже күтпеген едім.

69 келідегі Валентина Хальзова да құрамадағы тәжірибелі қыздардың бірі. Ол жартылай финалға өту үшін барын салды. Бірақ қытайлық қарсыласының адуынды екенін көрдіңіздер. Меніңше, Валентинаға қалпына келу үшін аз ғана уақыт керек. Балалы болған соң, енді күш жинап келеді. Ол жүлдеге таласа алатын боксшыларымыздың бірі.

75 келідегі Надежда Рябецтің өнерін өздеріңіз көрдіңіздер. Оны ең алғаш рет жасөспірімдер арасынан байқаған едім. 2015 жылы өз қатарластары арасында Азия чемпионы атанып, 2018 жылы жасөспірімдер Олимпиадасынан жүлде алды. Жастығына қарамай, Токио Олимпиадасына жолдама алып отыр.

- Аймақтық іріктеу турниріне баратын команда қалай жасақталды? Тәжірибелі Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова, Дариға Шәкімовалардың сырт қалуына не себеп болды?

- Жоғарыда аты аталған спортшылар бұл турнирге себепсіз бармай қалған жоқ. Мәселен, 51 келідегі Назым Қызайбай соңғы төрт жылдан бері Азияда жүлде алған жоқ. Ал Ангелина Лукас өзі қатысқан соңғы үш халықаралық турнирден медальмен оралды. Сондай-ақ, шетелдегі жарыстардың бірінде Назымды да ұтқан болатын.

69 келідегі Дариға Шәкімова да жақсы боксшы. Бұл салмақта айтарлықтай бәсекелестік бар. Бірақ соңғы он жылда команданың бірінші нөмірлі спортшылары ғана шетелге жарысқа шығып, ірі турнирлерге қатысқан. Ал екінші, үшінші нөмірлі боксшылар өз кезегін күтіп, күні бүгінге дейін тасада қалып қойды. Соның салдарынан, біздің резервтегі мықты спортшыларымыз әлі ашыла алмауда.

Мәселен, жоғарыда айтып өткен Дәметкен Келімбет шетелдердегі жарыстарда жұдырықтасу тәжірибесінің аздығынан ұтылды. Дәл осындай жағдайда жүрген бірнеше талантты спортшылар бар. Солардың көзін ашуымыз керек. Соларға мүмкіндік беруіміз керек. Жанкүйерлердің әлі күнге дейін санаулы боксшы қыздарымызды жатқа білуінің себебі осыда.

Тек қана бірінші нөмірлі спортшыларды шыңдай бермей, көлеңкеде қалған басқа боксшылардың да спорттағы жолын ашуға міндеттіміз. Бізге жетпей тұрған нәрсе – уақыт. Аз ғана уақыт болса, мықты спортшыларды жарысқа қосамыз.

- Енді жолдама алатын бір ғана мүмкіндік қалды. Париждегі әлемдік іріктеу турниріне аттанатын құрамда өзгеріс бола ма?

- Әрине, өзгеріс міндетті түрде болады. Біз бапкерлер қауымымен ақылдаса отырып, Париждегі әлемдік іріктеу сынына кімдердің баратынын анықтаймыз. Амманға барған боксшыларға екінші мүмкіндік беріле ме, жоқ па, әлі нақты айта алмаймын. Үздік боксшылар өз аймағындағы іріктеу турнирінде жолдама алып қояды. Сол себепті, Франция астанасындағы турнирде лицензия алу мүмкіндігі бар бізде. Азиядағы әйелдер боксының шоқтығы биік. Осыны ұмытпау керек. Мысалы, мен 51 келіде алты боксшының мықты екенін есептеп барғам. Бірақ алты емес, он спортшы көзге түсті. Азия чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері де алғашқы айналымда ұтылғанын көрдім. Сондықтан, бізге тек алға жылжу керек.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер