Бокс

Бас бапкер: Боксшылар тартысты жекпе-жектерде мінез көрсетіп, жеңіске жетті

Бас бапкер: Боксшылар тартысты жекпе-жектерде мінез көрсетіп, жеңіске жетті
news-banner7
mobile-news-top

Амманда Токио Олимпиадасына жолдама үлестірген лицензиялық турнир аяқталып, қазақстандық боксшылар елге оралды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ерлер командасы сегіз салмақтың барлығында да жолдама алды.

Команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев турнирдің ұйымдастырылуына тоқталып, Париждегі әлемдік іріктеу турниріне Қазақстан боксшыларының қатысу мүмкіндігі туралы айтты.

«Жарыс өте тартысты өтті. Олимпиада жолдамасы сарапқа салынғандықтан, жігіттерде жауапкершілік сезімі мықты болды. Барлығы да мінездің арқасында жолдамаға иелік етті, ал нәтижесі өздеріңіз білесіздер. Турнирде жеңіске жеткен Бекзад Нұрдәулетов пен Василий Левиттің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бекзад әлем чемпионы атанған соң, Азиядағы іріктеу турнирінде топ жарып отыр. Ал Левит аздаған үзілістан соң жеңіс тұғырына қайта оралып, Азияның үздік боксшысы атануда. Олардың қарсыластары да қарымды болғанын ұмытпау керек.

Зәкір Сафиуллин мен Әбілхан Аманқұл өте тартысты жекпе-жекте 2:3 есебімен ұтылды. Қола жүлдегер атанған Абылайхан Жүсіпов те үнділік боксшыға қарсы бар өнерін салды. Жүсіпов техникалық тұрғыдан алда болған. Бірақ төрешілер үндістандық боксшыны жеңімпаз деп таныды. Барлық боксшылар жақсы жұдырықтасты. Серік Бибосынов жарыстың соңғы күнінде қосымша лицензияны ұтып алса, жас спортшы Серік Теміржанов өзі қатысып отырған алғашқы ірі жарыста Олимпиада жолдамасын иеленіп отыр», - дейді бас бапкер.

Ғалымбек Кенжебаев көктемде Парижде өтетін әлемдік іріктеу турниріне де қазақстандық спортшылардың қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

«Бұл сұрақты бапкерлер кеңесі шешетін болады. Парижде де оңай болмасы анық, өйткені, көптеген тәжірибелі спортшылар Амманда жолдамадан қағылды. Сол себепті, жақсылап ақылға салу керек», - дейді ол.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер