Басқа

Жасталап Санауов: Каратеден Токио Олимпиадасына жолдама алу оңай емес

Жасталап Санауов: Каратеден Токио Олимпиадасына жолдама алу оңай емес
news-banner7
mobile-news-top

Каратеден Қазақстан командасының бас бапкері Жасталап Санауов команда қоржынына түскен алғашқы жолдамаға қатысты пікір білдірді. Бас жаттықтырушының айтуынша, Дархан Асаділовтің тарихи жолдамасы өзге спортшыларға рух беріп, Токио Олимпиадасына қатыссам деген талаптарын шыңдай түсуде деп жазады Olympic.kz.

«Дарханның Олимпиада ойындарына мерзімінен бұрын жолдама алғаны біз үшін өте қуанышты жайт! Ол өзінің еңбекқорлығының, кәсіби шеберлігінің және төзімділігінің арқасында осындай жетістікке жетіп отыр. Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі басталғанға дейін Дархан әлемдік рейтингте алғашқы жүздікке де енбеген болатын. Себебі, карате Олимпиада бағдарламасына енбегендіктен, біз көбіне Азия аймағындағы турнирлерге, Азия ойындарына басымдық бердік. Ал осыдан үш жыл бұрын рейтингілік бәсекелер басталғанда Дархан бастаған спортшыларымыз бар күшін салды.

2018 жылғы маусымда біз бар болғаны 7-8 жүлде иемденсек, 2019 жылы қырыққа жуық медаль қоржынға түсіпті. Бұл біздің команданың үлкен күшпен алға басып келе жатқанын көрсетеді.

Дархан Асаділов командадағы ең тәжірибелі спортшыларының бірі. Каратеден Олимпиадаға іріктеу турнирі өте қиын әрі қатал болғанына қарамастан, ол ең алғаш болып лицензия иеленіп отыр. Рейтингілік турнирлердің аяқталуына әлі үш айдай уақыт бар. Дархан өзінің басты қарсыластарынан қара үзіп кетті. Былтыр 11 Премьер-лига кезеңінің сегізінде жеңіске жетті. Жаңа жыл басталғалы бері үш турнирге қатысып, екеуінде финалға шықса, біреуінде қола жүлдегер атанды. Яғни, ұпай қоржыны молайған соң, оны ешкім де қуып жете алмайтыны түсінікті болды. Дарханның бұл қадамы команда спортшыларына үлкен жігер, үлкен сенім сыйлады. Өйткені, жолдама алу оңай емес. Ал Токио апаратын жол қиын әрі ұзақ.

Мысалы, біздің спортшылар екі апта сайын әлемнің әр түкпіріндегі жарысқа қатысады. Биыл олар жаңа жылды да отбасында қарсы алған жоқ. 3 қаңтар күні біз Чилиде өтетін Премьер-лига кезеңіне аттанып кеттік. Олар үй бетін көрмей, үнемі жарыста, оқу-жаттығу жиынында жүреді. Соның ең үлкен өтеуі – Олимпиада ойындары болмақ.

Біздің ендігі мақсатымыз – лицензияға таласты одан әрі жалғатыру. Алда әлі үш жарыс бар. Одан бөлек, мамырдың соңында рейтингілік турнирлер аяқталып, Азия аймақтық іріктеу сыны өтеді. Мейілінше көп жолдама алу үшін барымызды саламыз», - дейді бас бапкер.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер