ММА

Дәурен Ермеков: UFC-ге бір қадам қалды

Дәурен Ермеков: UFC-ге бір қадам қалды
news-banner7
mobile-news-top

Биылғы жылдың 11 сәуірінде Ресейдің Сочи қаласындағы WOW АРЕНА кешенінде Fight Nights Global 97 турнирі өтеді. Аталмыш турнир кешінде қазақстандық Дәурен Ермеков пен ресейлік Владимир Минеев орта салмақтағы чемпиондық атаққа таласады. Осыған орай, Prosports.kz тілшісі ақтөбелік сарбаздың дайындығы жөнінде өзінен сұрап білді.

- Дәурен, қайырлы кеш! Турнирге дайындығың қалай өтіп жатыр?

- Ойдағыдай, шүкір. Күн-түн демей жаттығып жүрмін. Спарринг-әріптестерім де көмегін аямайды. Клубтағы басқа да жігіттермен күш сынасып, әйтеуір қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз.

- Минеевтің әлсіз тұстарын зерттеп көрдің бе? Қай жағынан басым екен?

- Әлсіз жерін білеміз (күлді). Владимир өте қарымды ғой. Мықты тұсы – қолы мен аяғы бірдей жұмыс істейді, бұл жекпе-жек кезінде үлкен басымдық береді.

- Бапкермен бірлесіп қандай да бір тактика құрған шығарсыңдар?

- Әрине, онсыз болмайды. Бір емес, бірнеше әдіс, айла-тәсілдер ойластырып отырмыз, себебі жекпе-жек қалай өрбитінін білмейсің, кез келген жағдайға дайын болуың керек. Кейде бір соққы бәрін шешіп кетеді.

- Минеев өз жерінде ғаламат қолдауға ие болатын шығар?

- Керісінше, қысым көп болады оған. Жанкүйерлерінің алдында аса үлкен жауапкершілік бар. Соны пайдалануымыз керек. Көрерміз...

- Дәурен, осы титулға ие болсаң, қай тұжырымға жол тартасың? UFC ұйымымен келісімшартқа отырады деген сыбыс бар...

- Әлемдегі ең үздік саналатын промоушн – басты мақсатым, әрі арманым. Сол үшін Fight Nights Global 97 турнирінде тек жеңіске жетуім керек. Басқа жол жоқ.

- Жеңілсең, бәрін басынан бастауға тура келе ме?

- Иә, бір қадам артқа шегінесің. Одан кейін өзіңнің мықтылығыңды қайта дәлелдеуің керек. Сол үшін қайтсем де жеңісті қолдан бермеуім қажет.

- Спарринг-әріптестер деп қалдың. Қазақстандық файтерлердің ішінде кімді үздік деп санайсың?

- Бөле-жара айту қиынның қиыны. Олар өте көп (күлді).

- Дегенмен де...

- Жалғас Жұмағұлов пен Сергей Морозов.

- Тек біреуін атасаң?..

- Жако (Жалғас Жұмағұлов - Prosports).

- Шетелдік ММА шеберлерінен кімді үлгі тұтасың?

- Джон Джонс. Октагонда шиыршық атып тұрады. Өте мықты. Қарсыласының мысын басып жібереді. Жақсы қасиеттері көп спорттық тұрғыдан.

- Алдағы жекпе-жек алдында жанкүйерлеріңе, жалпы қазақстандықтарға айтарың бар ма?

- Елдің қолдауы маңызды. Барша қазақ еліне, оның ішінде ақтөбеліктерге көп рахмет айтамын. Қайда бармасақ та алақандарында ұстап, көтермелеп жүреді. Сәуірде өтетін кездесуімді де қалт жібермей тамашалайтынына күмәнім жоқ. Әуелі Алланың, содан кейін сіздердің қолдауларыңыздың арқасында осындай дәрежеге жетіп жүргеніміз анық.

- Көп рахмет!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер