русский язык

«Қайратта» екі Месси, «Астана» батысқа бағыт алды. ҚПЛ-дағы алыптардың трансферлері

«Қайратта» екі Месси, «Астана» батысқа бағыт алды. ҚПЛ-дағы алыптардың трансферлері
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан чемпионатында кезекті маусымның басталуына жиырма күн қалды. Еліміздегі екі алып клуб шама-шарқы келгенше сапты күшейтіп жатыр. «Астана» шетелден шабуылшы іздеп әлек болса, «Қайратқа» «қырғыз Мессиі» келді. Prosports.kz «Астана» мен «Қайраттың» трансферлік саясатына көз жүгіртіп көрмек.

Ел чемпионы «Астана» Роман Григорчуктің жұмысына көңілі толмай, украин маманымен қош айтысты да, Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билекке тізгінді тапсырды. Қазақ футболында бұл қалыпқа айналған дәстүр. Чех бапкерінің қол астында Ұлттық құрама түрленіп сала берді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Елордалық командаға қандай жаңашылдық әкелетіні уақыт еншісінде.

Өткен маусымда «Астана» жанкүйерлерінің жүйкесін жұқартқан Рангела Янга командадан кетіп тынды. Роман Муртазаевтың келісімшарт мерзімі аяқталып, екі жақ оны ұзартпауды жөн көрді. 28 жастағы Сергей Хижниченко «Ордабасы» футболшысы атанды. Осылайша, чемпиондар қысқы трансфер кезінде үш бірдей шабуылшысымен қоштасты.

Соңғы сыбыстарға сенсек, «Астана» шабуылшыны шетелден іздеп жүрген көрінеді. Бельгиялық «Сент-Трюйден» шабуылшысы Мохамед Буйя Турей үшін қазақ командасы хорват клубы «Хайдукпен» таласып жатқан көрінеді. Норвегия біріншілігіндегі үздік сұрмергендердің бірі, «Мольде» шабуылшысы Леке Джеймске қызығып отыр.

«Қайсарды» өрге сүйреп, Қазақстан кубогын жеңіп алуға көмектескен армян Тигран Барсегян «Астана» намысын қорғайтын болады. Марин Томасов командада қалғанын ескерсек, бір типтегі екі көшбасшы футболшыға алаңнан қалай орын тауып беремін деп Билектің басы қатары анық. Сонымен қатар, Беларусь құрамасының жартылай қорғаушысы 20 жастағы Макс Эбонг та алдағы маусымда елордалық командада бақ сынайды.

Қызықтың бәрі «Қайратта». Алматылық команданың орталық алаңы үңірейіп қалған еді. Исламбек Қуат, Георгий Жуков және Бауыржан Исламхан үштігі өткен маусымда «Қайраттың» жартылай қорғанысындағы негізгі күш еді. Қуаттың орнына Қазақстан чемпионатымен жақсы таныс Камо Оганесянды тапты, Жуковты жоқтатпауға бойында жеңімпаз менталитет бар Польша құрамасының футболшысы 27 жастағы Яцек Гуральский келді. Бұл футболшы болгар футболының алыбы «Лудогорецпен» екі мәрте чемпионатты жеңіп алған. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде доп тепкені тағы бар. Яцекпен үш жылдық келісімшарт жасалды. Алматылық клуб үшін жақсы трансфер.

Қайрат Боранбаевқа бір Месси аздық етті. Өткен маусымда «Қазақтың Мессиі» атанған Еркебұлан Сейдахметті қатарына қосып алған «Қайрат», енді көрші қырғыз елінде «Месси» атанған жас талант алматылық ұжыммен 2+1 жүйесінде келісімшарт жасады. Былтырғы маусымда Гүлжігіт Алыкулов беларусьтік «Неман» клубында ойнап, 24 мачта 4 гол соққан. Бішкектің «Дордой» клубының түлегі. 2017 жылы түркиялық «Антальяспор» клубының жастар командасында доп тепкен. Қырғыз ұлттық құрамасы үшін төрт ойын өткізіп, екі гол соққан. 2019 жылы Қырғыз Республикасының үздік футболшысы атанды. Байқағанымыздай, 19 жастағы футболшы әбден ысылған.

«Қайрат» өткен маусымдағы үздік сұрмергені Адеринсола Эсеоланы сапта сақтап қала алды. 28 жастағы украин шабуылшысымен 2021 жылдың соңына дейін келісімшарт мерзімін ұзартты. Эсеоламен бәсекелес болған венгр Мартин Эппельді Бельгия біріншілігіне жіберді де, орнына Бірінші лигаға түсіп қалған «Ақтөбеден» Абат Айымбетовты өз қатарына қосып алды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;