Футзал

Жаңатастың жауһары - Жаманқұлов (видеосұхбат)

Жаңатастың жауһары - Жаманқұлов (видеосұхбат)
news-banner7
mobile-news-top

Қазақ футзалын Серік Жаманқұловсыз елестету мүмкін емес. Мұнымыз көпірте мақтап, артық айтқанымыз емес. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, шағын алаңда доп теуіп жүргендердің ішінде шоқтығы биік бір футзалшы табылса, ол осы Түгелбайдың баласы екені даусыз. Жақында ғана мәнсабын аяқтаған футзалшымен Prosports.kz сайтының тілшісі Мадияр Арстанбаев сұхбаттасып қайтқан еді.

Әлқисса, алдымен Серік Жаманқұлов туралы қысқаша жазып өтсек. Тараз топырағында талай таланттың туғаны рас. Сондай өреннің бірі Жаңатаста дүниеге келді. Көптеген балалар сияқты ол да допқа құмар болып өсті. Туған ағасы Ахат Жаңатаста жаттықтырушы болды. Серік үшінші сыныптан бастап ағасының қол астында жаттыға бастаған.

Серіктің футзалшы болу-болмауы да екіталай еді. 10 сынып оқып жүргенде әскери комиссариатқа барып, медициналық тексеруден өткен оның жүрегінде тесік пайда болғаны анықталды. Анасының айтуынша, оған дене шынықтыру сабағына қатысуға тыйым салынған көрінеді. Доп тебуден қалған Серік далада футбол ойнап жүрген құрдастарын көргенде үйіне келіп жатып алады, тіпті тамақ ішпей қоятын болған. Қазақы емге жүгінген оның отбасы бір жыл бойы жылқының қазы-қартасын жегізген. Қызықты қараңыз, араға жыл салып, тағы бір тексерістен өткенде әлгі тесік бітеліп қалған.

Екінші себеп, оның банк саласында қызмет етуі еді. Жаманқұловтың қазақстандық банктердің бірінде бөлім басшысы болғанын біреу білсе, біреу білмес. Алғаш ҚазККА-да оқып жүргенде академия сапында ойнаған Серік, біраз уақыт «Аңсардың» құрамында да доп тепті.

Ал алматылық «Қайраттың» қатарына қосылған 2009 жылды футзалшы ешқашан жадынан шығармақ емес. Сол кезден бастап Серік Жаманқұлов жыл өткен сайын қайрауы жеткен қылыштай жарқылдады.

Серік Жаманқұлов туралы қызықты мәліметтер:

1983 жылы 18 қарашада Жамбыл облысы Жаңатас қаласында дүниеге келген. Төрт ағайынды: екі ағасы, бір қарындасы бар.

Ең алғашқы жаттықтырушысы – Ахат Жаманқұлов

Амплуасы - әмбебап ойыншы

Ең алғашқы ойнаған командасы – «Фосфорит» (Қаратау)

2009 жылдан бастап «Қайратта» 10 жыл ойнады

2014 жылдан бастап Қазақстан құрамасының бөлінбес бөлшегіне айналды

Қазақстанның он дүркін чемпионы (2010-2019)

Қазақстан Суперкубогының төрт дүркін иегері (2012, 2013, 2014. 2018)

Қазақстан кубогының 8 дүркін жеңімпазы (2009, 2010, 2013-2018)

2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 5 ойынның барлығында (Ресей, Хорватия (2), Италия, Испания және Сербия) гол соғып, басқа аталмыш чемпионаттың үздік сұрмергендерінің бірі болды.

УЕФА кубогының екі дүркін жеңімпазы (2013, 2015), үш дүркін қола жүлдегері (2009, 2014, 2017)

Құрлықаралық кубоктың иегері (2014)

Еременко кубогының төрт дүркін жеңімпазы (2014, 2016, 2017, 2018)

Отбасылы. 1 ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Футзалшымен болған сұхбатты сайтымыздың Youtube арнасынан тамашалауға болады:

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер