Қысқы

Жанбота Алдабергенова: Жаңа бапкердің үйретуімен техникамызды толық өзгерттік

Жанбота Алдабергенова: Жаңа бапкердің үйретуімен техникамызды толық өзгерттік
news-banner7
mobile-news-top

Шаңғы акробатикасынан Қазақстан ұлттық құрамасы бұл күндері Белоруссияның Минск қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Жаңа маусымға дайындықты Олимпиада чемпионы Антон Кушнирмен бастаған қазақстандықтар Қытайдағы әлем кубогі кезеңінде бақ сынайды. Olympic.kz сайтына сұхбат берген команда үздігі Жанбота Алдабергенова алдағы маусым қарсаңындағы жоспарларымен бөлісті.

«Бүгінде Минск қаласында оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Әзірге суға секіріп жаттығудамыз. Қар үстіндегі дайындықты Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғысы курортында бастамақпыз. Ал қараша айының ортасында Финляндияда жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Сол кезде трамплиннен секіруді бастаймыз. Биылғы маусымдағы ең бірінші турнир Қытайда өтеді. Желтоқсан айында әлем кубогінің алғашқы кезеңінде бақ сынаймыз. Міне, әзірге басты дайындығымыз осы жарысқа бағытталған», - дейді ол.

Жанбота команданың жаңа бапкері, Сочи Олимпиадасының чемпионы Антон Кушнирдің дайындық жүйесіне де тоқталып өтті.

«Антон бізді әлем чемпионы деңгейіне жеткізуді көздеп отыр. Мамыр айынан бастап қызметіне кіріскен ол біздің техникамызды нөлден бастап жаңартты. Секіру элементтерін түгелдей қайтадан дайындадық. Сондай-ақ, техникамызды толығымен өзгерттік. Спорттағы ең қажетті дүниелердің бірі – тұрақтылық. Кушнир бізге осыны үйретуде. Әрине, осы маусымнан бастап тау қопарамыз деп айта алмаймын. Біздің қазіргі мақсатымыз – секіру элементтерін тұрақты түрде орындап, болашақта қиын элементтерді бағдарламамызға қосу», - дйді Жанбота.

Қазақстан командасының үздігі 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасындағы сәтсіздікті де ұмыта қоймаған.

«Оңтүстік Кореядағы қысқы ойындарды еске алғым келмейді. Өйткені, жаттығу басталған бетте құлап қалдым да, ұйымдастырушылар жарысқа жібермеді. Тек ауруханада жатқаным есте қалды. Олимпиада аяқталған соң біраз үзіліс алып, денсаулығыма көңіл бөлдім. Дегенмен, ұлттық құрама мүшесі болғандықтан әлем чемпионатына қатысуымыз міндетті еді. Сондықтан, толығымен демалдым деп айта алмаймын. Ендігі мақсат – алдағы маусымды сәтті өткізу», - деп сөзін аяқтады Жанбота.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер