Бокс

Желідегі жазбалар: Гена шау тартыпты

Желідегі жазбалар: Гена шау тартыпты
news-banner7
mobile-news-top

Кеше, 6 қазан күні қазақстандық Геннадий Головкин мен Сергей Деревянченко IBF және IBO тұжырымдарының чемпиондық белбеулері үшін жұдырықтасқан болатын. Төрешілер бірауыздан Головкинді жеңімпаз деп таныды. Бұл туралы қазақстандықтар не дейді. Prosports.kz осыған орай әлеуметтік желілерге шолу жасап көрген болатын. Жазбаларды қаз-қалпында беруді жөн деп таптық.

Несіп Жүнісбаев, ардагер спорт журналисі: Мен жекпе-жекті тікелей эфирден толық тамашаладым. Егер төреші болсам, тең есеп тіркер едім

Көсемәлі Сәттібайұлы, журналист: ГЕНА ЖЕҢДІ, БІРАҚ КӨҢІЛДЕ ДЫҚ ҚАЛДЫ

Неге? Өйткені Генажанның бұрынғы джебі жоқ. Джеб - қарсыластың бетіне (басына, кеудесіне, ішіне) қарай тіке сермелетін соққы. Генаның осы джебі үшін «бес» деген баға қоюға болатын бұрын. Қалғаны техниканың ісі еді, әсіресе, төбеден төмен қарай сылқ еткізіп ұрған соққысын айтсаңшы.
Ал мына Сергеймен болған жекпе-жегінде соққылары қарсыласына дәл, жақсы тиіп жатқанымен, олары өте аз болды. Қарсыласына қол сермемей, оңынан, солынан алмакезек ұрмай, бетін қолғабымен бүркеп барып, «тұрып қалуы» Сергейді «оятып» жіберді. Соққылары біздің Генаға тимесе де өршеленіп кетті. Ә дегендегі құлағанын да, қабағы жарылғанын да ұмытып, ашық төбелеске кірісті.
Менің ойымша, мақтаулы бапкер деген Джонатан Бэнксіңіз айналайын Генаны өзінің ең сүйікті тәсілі «джебінен» айырыпты.
Генажанға әлі де болса джеб керек. Өйткені алдыңғы қолын сермесе болды нәтиже болатынын көз көрді.
«Канело» да осы ойыннан кейін ГГГ-ны қандай сөздермен түйреп алсам екен деп ойланып отырған шығар. Өйткені, Гена кеше ғана ол туралы «оны да, оның промоутерлік компаниясын да ешкім жақсы көрмейді» деп салғанда, «қап, әттеген-ай, бекер айтты-ау осы сөзді» деп ем...
Әліптің артын бағайық.

Жанпейіс Назарғали, Маңғыстау облыстық бокс федерациясының қызметкері: Менің есебім бойынша 114:113 болды, нокдаун шешті кездесу тағдырын. Құтты болсын!

Руслан Меделбек, журналист: Шау тартыпты. Ширақ қимыл 37 жасқа беріліпті. Төрт жыл бұрынғы ойнақшыған Гена жоқ. Күрзі соққыларының да үні бәсең шығады. АҚШ-та Альвареспен не Деметриус Андрадемен осылай бокстасса, жеңіске жете алмас та еді... Қолғапты шегеге ілетін уақыт есік қағып тұр-ау...

Сәбит Рысбаев, желі қолданушысы: Енді Гена ұтты ұтылды деген тартыс басталады. Гена ұтылса біз не ұтамыз. Украиндер ғана қуанады болды. Қашаннан бері біз тек әділетсіздіктермен күресетін болғанбыз. Гена осы бокстан 15 миллион доллар тапты. Алдында Альвареспен 25 миллион доллар тапқан. Спортшы болған соң осылай болу керек. Депутат, әкім болып халыққа жексұрын болғанша. Үлкен спорт үлкен ақша. Генаның ұтылуы алпауыттарға қажет емес. Деревянченконы біз танығанмен Америкада ол аса танымал емес. Әрі осы арқылы Гена Қазақстандық боксшыларға Америкада жол ашып беріп жатыр. Сол үшін Генаға тек қуанамын.

Айта кетелік, қос боксшы арасындағы жекпе-жек 12 раундқа созылды. Украиналық алғашқы раунда нокдаунға түсіп, қабағы жарылды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер