Басқа

Дидар Сағади: «Алматыдан» кетуіме әкімнің ауысуы себеп болды

Дидар Сағади: «Алматыдан» кетуіме әкімнің ауысуы себеп болды
news-banner7
mobile-news-top

Елімізде кәсібін жетік білетін спорт менеджерлері саусақпен санарлық. «Спорт менеджері» мамандығын даярлайтын оқу орындары және жоқ. Дей тұрғанмен, осы бір кәсіпті меңгерген жандардың көбеюі бізді қуантады. Солардың бірі – Дидар Сағади. Он жылға жуық уақыттан бері Алматы қаласында өткізілген спорттық шаралардың басы-қасында жүрген Дидармен Prosports.kz тілшісі әңгімелесіп қайтқан еді. Кейіпкерімізбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Дидар, соңғы кезде көрінбей кеттіңіз?..

- «Адам ауылдан кеткенімен, ауыл адамнан кетпейді» деген тәмсіл бар еді ғой. Тура солай спортқа қатысты айтар едім. Әлі де сол спорт саласының бір пұшпағын илеп жүрміз.

- Өткен маусымда «Алматы» хоккей клубының басшысы болып, біраз шаруаның бетін қайырып жүр едіңіз. Клуб ребрендинг жасап, команда атауын «Жолбарыс» деп өзгерттіңіздер. Мұның себебі неде?

- «Алматы» атауы көптеген салада бар. «Жолбарыс» деп атауымыздың басты себебі де осы. Бәзбіреулер «Барысқа» еліктеушілік деді. Бұл қате пікір, мысалы ҚХЛ-да «Динамо» атты екі клуб бар, ЖХЛ-да екі «Торпедо» бар. Біздікі тіпті «Барыс» та емес қой?!

Екіншіден, футболда алматылық «Қайрат» брендке айналған, хоккейде де «Жолбарысты» жоғары деңгейлі клуб қатарына қосқымыз келді. Қала берді, Ресейде ЦСКА мен СКА клубтары бар, сол сияқты, «Барыс» пен «Жолбарыстың» өз дербиі болса қандай ғанибет болар еді.

- Қызметке қандай жоспармен келдіңіз, жалпы?

- Негізгі жұмыс жоспары үш бағытта өрбуі тиіс болатын. Біріншісі - спорттық көрсеткіштер (ойыншылар, турнирлік кесте, жабдықтар, т.б.), екіншісі - маркетинг (брендтті қалыптастыруға арналған іс-шаралар, жарнама, демеушілер, серіктестер, т.с.с) және үшіншісі жасөспірімдерге ерекше көңіл бөлдім. Менің ең бірінші қолға алғаным, команданың чемпионаттағы жағдайын түзеу еді. Үнемі 8-10 орындардан көтеріле алмай жүрген командаға серпіліс керектігін түсіндім. Біріншілікте бірде-бір рет жүлдегер атанып көрмеген, тек кубокта жартылай финалға дейін жеткен. Біздің нақты жоспарымыз бар-тұғын. Екінші компонент бойынша бірқатар жұмыс атқардық, мысалға: ребрендинг, демеуші мен әріптестер іздеу, трансляцияны сату, клуб атрибутикасы, жанкүйерлер жинау, чирлидинг деп кете береді. Сондай-ақ PR мәселесіне көп көңіл бөлдік. Клуб өзін өзі ақтауы тиіс. Ал ең басты жоспарымыз матчтардың трансляциялары болатын. Мен басшылыққа келіп, трансляция жайлы сөз қозғағанда миығынан күлгендер де болды. «10 жылдан бері біз қол жеткізе алмай жүрген дүниені жас басшы қайдан жасасын, құр энтузиазм ғой» дейтіндер де табылды. Қазақстан хоккей федерациясымен, Qazsport телеарнасымен келісімге келгенде олардың аузына құм құйдық. Мен оны екі жарым айда жүзеге асырдым. Жетістігіміз осы.

- Бір маусымда жоспарларыңыз қанша пайызға орындалды?

- Жоғарыда айттым ғой, нақты жоспарым болды деп. Ол үш жылға арналған еді. Өйткені жоспардағы орындауға тиіс шаралар бір жылда жүзеге аспайды. Оған асықпай қадам басып жету керек. Жалпы жартысын орындадық деп ойлаймын. Оның арасында «Барыс» клубын Алматыға шақыру да бар болатын. Осы мәселемен мықтап айналыстым. «Барыстың» басшысымен жүздестім. Олар Алматыға келді. Қатты қуандым, негізі. Мықты ұжым оңтүстік астанаға ат басын тірегенде дұрыс жолда келе жатқанымды ұғындым.

- «Әттегенайыңыз» болды ма? Бәлки уақыт жетпей қалған шығар?

- Әрине. Онсыз болмайды. Біріншісі, «Халық Аренаға» жасөспірімдерге арналған Воркаут пен футбол алаңын орнатып үлгермедім. Ауадай қажет жабдық бұл. Аталмыш аренада 400-ден аса хоккейшілер, 200-ден аса былғары қолғап шеберлері, 200-ден аса балуандар жаттығады. Арена басшылығының құлағына алтын сырға, мүмкін болашақта осы жоба қолға алынатын шығар. Екіншісі, біздің зерттеуіміз бойынша, көптеген ойыншылар жастар лигасынан кәсіпқой спортқа ауысқан шақта хоккеймен қош айтысады, оның себебі практиканың жетіспеуі. Осыған орай, студенттер лигасының құрылуына күш салдым. Бұл лига, хоккейге жаңа ойыншыларды тартуға септігін тигізеді. Оған мысал ретінде футзалдан студенттер лигасын келтіруге болады. Үшіншісі, Қазақстанда тұңғыш рет «Қысқы классика» деп аталатын ойындар сериясын жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені – «Медеуде» өткізгім келген. Алматы қаласынан 18 км жерде, Кіші Алматы шатқалында, теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте орналасқан мұз айдынындағы матчтар кім-кімді де бей-жай қалдырмайтыны анық еді. Бір өкінішім – осы. Уақыт жетпей қалды.

- Сонымен клубтан неге кеттіңіз? Кім ықпал етті немесе не түрткі болды.

- Бұған басты себеп, Алматы қаласы әкімінің ауысуы еді. Біздің елде командамен келіп, командамен кету деген үрдіс бар емес пе... Орынды босатуға тура келді. Былай қарасаңыз, менің Азиада, Универсиада сынды мультижарыстарды ұйымдастыру жағынан тәжірибем де мол ғой, соған қарамастан қызметтен кеттім. Екінші жағынан клубтың турнир кестесіндегі жағдайы да сылтау болды.

- Қазір «Алматы» атауы клубқа қайтарылды. «Жолбарыс» несімен ұнамай қалды? Бәлкім, қазақы атау болғандықтан шығар?

- Иә, нағыз қазақша атау ұнамай қалған болуы керек. Қорқып, жан-жағымызға жалтақтап қарауды қоюымыз керек. Бірден ауыстырып тастады.

- Жалпы өзі хоккей шаруашылығы қазақшадан жұрдай емес пе еді? Федерация сайтына кірсең, тек орысша ақпараттарды ғана көзіміз шалып жүр. Мұны талай айттық та, жаздық та. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр.

- Басшылықта орыстар отырса қазақ тілі қайдан дамысын?! Төл хоккейіміз қазақшаланбай, ісіміз өнбейді. Мәселен елімізде өзге елден келген қандастардың да көп екені анық. Ауыл адамдары арасында да орысшаны білмейтіндер бар. Оларға хоккейде болып жатқан мәселелерді қалай жеткіземіз? Тіпті олар осындай жағдайлардан кейін өз балаларын хоккейге қалай бермек? Қарапайым ғана мысал, әлеуметтік желілерде хабарландыруды тек орыс тілінде береді. Бұл қазақтілді көрерменнің құқығын аяққа таптау дейміз бе, қалай ойлайсыз? Атыраудағы «Бейбарыс» хоккей клубы қазақшаға көп мән бермейді, ал жергілікті халықтың дені – қазақтар. Өзімізді өзіміз сыйламасақ, тілімізді, бізді кім құрметтесін?

- Кейінгі буын арасында қазақ балалар бар ма өзі?

- Бар және аз емес. Бұл қуантарлық жайт. Енді бірнеше жылдан кейін қазақ балалары ел намысын қорғайды деп сенемін.

- Хоккей ойыны бұқараға қолжетімді спорт па?

- Жас өренді хоккейге баулу үшін кем дегенде 300 мың теңге ақша керек және бұл тек киімі мен керек-жарағына ғана жетеді. Кез келген отбасының табысы ол сомаға жетпейді де. Орта есеппен алсақ ері мен әйелінің табысын есептесең 200-300 мың аралығында болуы мүмкін. Сонда ата-аналар баланы хоккейге қайтіп береді? Бокс пен күресте қарагөздеріміздің көп жүретіні де содан шығар.

- «Жолбарысқа» оралайықшы. Демеуші мен әріптестерді тартуды мақсат тұттық деп қалдыңыз. Осы жөнінде толық айта кетіңізші...

- Көптеген адаммен кездесу өткіздік. Бизнес саласындағы азаматтармен жолықтық. Бұл жағынан жемісті жұмыс істедік деуге де болады.

- Қателеспесем, Daco Motors компаниясы Yokohama сауда белгісімен демеуші болды.

- Иә. Әлемдік брендке айналған Yokohama сауда белгісінің демеуші болғанын мақтан тұтамыз. Сырымбек Тау мырза менің идеямды бірден қолдай кетті, сөйтті де клуб жыртығына жамау болды. Өтінішімізді жерге тастаған жоқ. Команда ойынына өздері келіп қолдау білдіріп отырды. Қаншама өнер адамы келіп, жанкүйерлік етті.

- Қазақстандық деңгейдегі хоккей клубымен пайда табуға бола ма?

- Әрине болады. Тек PR жарнама жағын дұрыс жасау керек.

- Дидар, жас болсаңыз да тәжірибелі спорт менеджерісіз. Біздің елде спорт менеджменті қаншалықты дамыған?

- Бұрынғымен салыстырғанда көш ілгері. Мәселен Ұлттық олимпиада комитетінің атқарып жатқан шаруасын айтуға болады.

- Жеке басыңыз туралы айта кетіңізші. Қазір не істеп жүрсіз?

- Бірді-екілі жобаны пысықтап жатырмын. Мәселен қазақ спорты туралы деректі фильм түсіруді қолға алдым. Бұл да қажырлылықты талап ететін үлкен еңбек екен.

- Демек, спорттан өзге ешқандай салаға кете алмайсыз?

- Басқа қызметтерге шақырған, дей тұрғанмен спорт саласы жаныма жақын екен.

- Дидар, әңгімеңізге көп рақмет! Сізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Мадияр Арстанбаев

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер