Грек-рим күресі

Асхат Ділмұхамедов: Әр спортшының әлем чемпионы атанатын мүмкіндігі бар

Асхат Ділмұхамедов: Әр спортшының әлем чемпионы атанатын мүмкіндігі бар
news-banner7
mobile-news-top

Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында алғашқы бестікке еніп, Олимпиада жолдамасына иелік еткен Асхат Ділмұхамедов Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сұқбат берді.

- Асхат, әлем чемпионатында алтын жүлдеге тым жақын тұрдыңыз. Бірақ қорытынды есепте қола жүлде де бұйырмай кетті. Жеңіс үшін не жетпей қалды деп ойлайсыз?

- Жеңіске жету үшін бар күшімді салдым. Өз еліміздегі сында менің де жүлде алғым келді. Бірақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма?!» деп қазақ бекер айтпаса керек. Жартылай финалда венгр балуанымен күресіп, 1:1 есебімен тең түстім. Соңғы ұпайды қарсыласым иеленгендіктен, финалға да сол өтті. Тап сол сәтте венгриялық балуанның жолы болып кетті.

- Сізге жеребе өте ауыр түсті. Олимпиада және әлем чемпиондарынмен бір топта болдыңыз. Олардың қатарында әйгілі ресейлік балуан Роман Власов та бар. БАҚ өкілдері бұл жеңісізді күтпегені анық. Жалпы, осы кездесуге қандай тактика қолдандыңыздар?

- Рас, маған жеребе тым ауыр түсті. Сайдың тасындай іріктелген Олимпиада және әлем чемпиондары күтіп тұрды. Дегенмен, Роман Власовты жеңгенім айтарлықтай сенсация емес. Бұған дейін де чемпиондарды ұтып жүрмін. Тіпті, бұл кездесуге ерекше тактика да қолданған жоқпын. Өзімнің әдісіммен күресіп шықтым. Меніңше, әр спортшының әлем чемпионы атанатын мүмкіндігі бар. Тек қана тынымсыз еңбек етіп, өз күшіне сенуі қажет.

- Әлем біріншілігі аяқталған соң, қандай көңіл-күйде болдыңыз? Жартылай финалға жетіп, чемпиондарды жеңіп, кейін мүлде медальсіз қалу...

- Осы әлем чемионатында жүлдегерлер қатарына қосылмасам да, көпшілік күресімді жақсы бағалап жатыр. Әлі күнге дейін мүлде бейтаныс адамдардан құттықтау хабарламалары келуде. Кәсіби тұрғыда нәтиже болмағанымен, моральдық тұрғыда жанкүйерлерге жақсы эмоция, командалас балуандарға сенімділік сыйладым деп ойлаймын. Бұл өте маңызды нәрсе.

- Нұр-Сұлтандағы жанкүйер қолдауын қалай сезіндіңіз? Өз еліңізде күрескен қиын ба әлде жеңіл ме

- Сөз жоқ, өз жеріміздегі додада жанкүйер қолдауы ерекше қуат берді. Көрерменнен мықты қолдау сезіндім. Оның үстіне, адаптация да жақсы өтті. Осы жағынан жеңілірек болған шығар. Менің ойымша, мықты балуан өз жерінде де, шетелде де тайсалмай, жақсы күрес көрсетуі керек.

- Әлем чемпионатынан кейін бапкерлер күресіңізді қалай бағалауда?

- Әрине, жаттықтырушылар барлығын талқыдан өткізді. Қай бағытта жұмыс істеу керектігін де анықтап берді. Көптеген маңызды ақпарат алдым. Көрсетілген бағыттар бойынша жаттығуды бастап та кеттім. Бұйырса, 2020 жылы Токио Олимпиадасы өтеді. Мен күресетін салмақта жолдама бар. Бірақ төртжылдық додасында кімнің күресетінін бапкерлер шешеді. Өзім дайындығымды шыңдап, жаттығуды тоқтатпайтынымды айтқым келеді.

Түпнұсқасы: Olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер