Басқа

Елімізде алғаш рет спорттық медицинадан халықаралық конференция өтті

Елімізде алғаш рет спорттық медицинадан халықаралық конференция өтті
news-banner7
mobile-news-top

Бүкіләлемдік бокс академиясы мен ProSport медициналық орталығының базасында «Жоғары деңгейлі спортшыларды дайындау жүйесіндегі медициналық қамтуға мультидисциплинарлы тәсіл» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Спорттық медицина тақырыбындағы ауқымды іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Конференцияны Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырды. Сондай-ақ, бұл жиын PROSPORT заманауи спорт орталығының ашылуына орайластырылған. Ашылу салтанатына Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, Қазақстан ҰОК вице-президенті Данияр Абулгазин, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов қатысты.

Спорттық-медициналық орталықтағы жаңа техникалық жабдықтар мен қызмет көрсету ауқымының кеңдігі әлемдік деңгейдегі спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанатын қарапайым жандарға сапалы диагностикалық, медициналық және реабилитациялық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

«Жақында ҰОК бас Ассамблеясының отырысы өтіп, Тимур Асқарұлы Құлыбаев аталған ұйымның президенті қызметіне қайта сайланғанын білесіздер. Алғаш рет оны басшылық қызметке 2015 жылы сайлады. Сол кезден бастап Тимур Асқарұлы біздің спортшыларды медициналық тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіру жағын қолға алған. Жобаны іске асыру мақсатында барлық олимпиадалық спорт түрлері кешенді ғылыми топтармен жабдықталды. PROSPORT медициналық орталығы - біздің алғашқы қарлығашымыз. Екінші орталық Нұр-Сұлтанда ашылады.

Екі жылдан соң конференцияны елордамызда бой көтеретін спорттық орталықтың базасында, үлкен көлемде ұйымдастырамыз деген үміттемін. Аталған орталықта міндетті түрде медицинаға көңіл бөлінеді. Бұл конференцияға біз әлемдік деңгейдегі спикерлерді шақырдық. Олар бізге заманауи спорттық медицинадағы жаңа трендтер мен өзгерістер туралы айтып, еліміздегі осы саланың мамандары мен біздің көптеген әріптестеріміз құнды ақпарат алды. Бұл жоба жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, біз ҰОК пен спорттық Федерациялардағы оқиғаларды баяндайтын боламыз деп ойлаймын. Біздің спортшыларымыздың әлемдік аренада жақсы нәтиже көрсетуіне бәріміз күш салайық»,- деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің вице-президенті Данияр Абулгазин.

Мұнда баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөліскендер қатарында ХОК өкілі, Aspetara спорттық медицина орталығының клиникалық жобалар жөніндегі реабилитация және ортопедия госпиталі сапасы жөніндегі Департамент директорының орынбасары Род Уайтли, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің спортшының биологиялық паспорты жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік мүшесі доктор Йорк Олаф Шумахер, Халықаралық Олимпиада комитетінің медицина және ғылыми комиссиясының мүшесі, Брайтон университетінің спорттық ғылым жөніндегі профессоры Янис Питсиладис, Украина дене тәрбиесі және спорт ұлттық университетінің олимпиадалық спорт тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Владимир Платоновтар бар.

Конференция баяндама және арнайы шеберлік сағаттары форматында өтті. Спорттық медицина саласындағы маңызды тақырып мен сауалдарды кеңірек қаузау үшін жиын үш ірі бөлімнен тұрды. Олар – «Спорттық медицина», «Функционалды диагностика, оңалту және жаттығу үдерісі» және «Спорттағы психология». Қатысушылар спортшылардың Олимпиада ойындарына дайындығы, жарыс алдында және жарыс кезінде қалпына келу негіздері мен атлеттерді кешенді түрде тексеруге арналған заманауи әдістер турасында әңгіме өрбітті.

ХОК өкілі Род Уайтли олимпиадашыларды оңалтуға қатысты шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар, конференцияда фармацевтикалық өнімдер мен жаңа медициналық технологияларға арналған көрме ұйымдастырылды.

Бүкіләлемдік бокс академиясында әлемдік деңгейдегі шетелдік дәрігерлер жиыны 2018 жылы да өткен болатын. Аталған басқосуда медико-биологиялық қамту, антидопинг және спортшыларды жоғары жетістіктерге дайындау басты тақырып болды. Жиынға Германия, АҚШ, Чехия, Венгрия және ТМД елдерінен мамандар шақыртылды.

«Мұндай конференцияларды өткізудің пайдасы көп. Мәселені талқылап, әріптестік қатынас орнату үшін әлемдік мамандардың басын қосу өте маңызды іс саналады. Осылайша, біз бірлесіп жұмыс істап, аймақтардағы қызметтің дамуына үлкен үлес қосамыз. Демеушілер мен өндірістің, спорттық федерациялар мен олимпиадалық қозғалыстың қатысуынсыз біз прогреске қол жеткізе алмаймыз», - дейді Брайтон университетінің спорттық ғылым жөніндегі профессоры Янис Питсиладис.

Айта кетелік, конференцияға қатысу үшін 200-ден аса адам тіркелді. Олардың арасныда медицина университеттерінің өкілдері, спорттық дәрігерлер, диспансер қызметкерлері, бапкерлер мен антидонинг саласының қызметкерлері бар.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер