Бокс

Әлем чемпионаты: Алтыннан кімдер үмітті?

Әлем чемпионаты: Алтыннан кімдер үмітті?
news-banner7
mobile-news-top

Бокстан әлем бірінішілігінде ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды. Алтын, күміс, қола жүлделерге таласатын боксшылардың бәрі анықталды. Алты қазақ боксшысы 1/2 финалда жұдырықтасуға мүмкіндік алды. Құрама еншісінде алты медаль бар деген сөз.

Ширек финалға Қазақстаннан жеті боксшы жолдама алған еді. Күтпеген жерден екі жыл бұрынғы жаһандық додада қарсылас шақ келтірмеген 57 келідегі Қайрат Ералиев, 1/4 финалда өзбек боксшысынан ұтылып, жарыстан шықты. Бокс жайлы әлемге әйгілі «Солақай» деген кино бар. Сонда бапкер шәкіртіне: «саған қорғануды үйрену керек, бетпен соққыны қабылдау - қорғаныс емес» деп айтқаны бар. Дәл осы кеңесті біздің Қайратқа да айту керек. Шапшаң, соққысы дәл, аяқпен жақсы қимылдайтын боксшы қорғаныста қолмен тосқауыл қоюға ұмтылмайды. Қарсылас соққысын бетпен қабылдайды. Соның салдарынан бірнеше соққы өткізді, қабағы жыртылды. Нәтижесінде дәрігерлер жекпе-жекті тоқтатып тастады. Жеңіс қарсыласқа бұйырып кетті.

Қазақстанның күміс жүлдегері Сәкен Бибосынов (52 келі) Еуропаның үздігі армян Артур Огонесянды сан соқтырып кетті.

Армяндардың тағы бір боксшысын Тұрсынбай Құлахмет медальсыз қалдырды. 75 келіде жұдырықтасатын Тұрсынбай Арман Дарчинянды ұтты. Енді Құлахметте кемі қола бар. Осы жылы Азия чемпионатында үздік атанған боксшымыз әлем чемпионатында да алтыннан алқа тағады деген үміттеміз.

Азияның жарыстарында үш мәрте қоланы еншіілеген иорданиялық Хусейн Яшаишқа әлемдік доданың қоласы осы жылы бұйырмайтын болды. Себебі, Олимпиаданың күміс жүлдегері қазақстандық Василий Левит оны ұтты. 91 келіде бәсекелесетін Левит жарыс жолында өте сенімді келеді.

Абылайхан Жүсіповтың жарқырайтын кезі келген секілді. Қазақ боксының салмағы саналатын 69 келіде ел намысын қорғайтын Жүсіпов ширек финалда Доминикан Республикасының өкілі Роан Поланконы еш қиындықсыз ұтті. Екі жыл бұрын өткен әлем чемпионатында Абылайханның еншілеген қоласы бар. Мықтылығын дәлелдеп, осы салмақта чемпион атануға мүмкіндік мол.

81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Бекзат Нұрдәулетов түрік боксшысы Байран Малканды сабап тастады. Үшінші раундта нокдаунға да жіберді. Бекзаттың жартылай финалдағы қарсыласы өте мықты. Кубалық Хулио Ла Крус Риода өткен Олимпиаданың чемпионы. Төрт мәрте әлем чемпионатында топ жарған.

91 келіден жоғары салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев та ширек финалда айтарлықтай қарсылық көре қойған жоқ. Неміс боксшысы Нелфи Тиафаканы 5:0 есебімен жеңді.

1/2 финалда өнер көрсететін қазақстандық боксшылардың қарсыластары:

52 келі. Сәкен Бибосынов — Амит Пангхал (Үндістан)
69 келі. Абылайхан Жүсіпов — Андрей Замковой (Ресей)
75 келі. Тұрсынбай Құлахмет — Эумир Марсиаль (Филиппин)
81 келі. Бекзат Нұрдәулетов — Хулио Ла Крус (Куба)
91 келі. Василий Левит — Хулио Кастильо (Эквадор)
+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев — Джустис Хуни (Австралия)

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер