русский язык
Футбол

Қазақстан – Латвия 0:0. Жеңіске лайық ойын

Қазақстан – Латвия 0:0. Жеңіске лайық ойын

2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі бастау алды. Алғашқы турда Қазақстан құрамасы өз алаңында латвиялықтарды қабылдап, ұпай бөлісуге мәжбүр болды.

Алғашқы минуттан-ақ қазақстандықтар басымдыққа ие болуға тырысқанымен, көп ұзамай қонақтар допқа иелік ете бастады. Ал алаң иелері Латвия ойыншыларын өз жарты алаңында күтіп алып, қысымын күшейтті. 7-ші минутта қақпа аңғарына алғашқы соққыны Юрий Красножан шәкірттері жасады, алайда қауіпті қарымта шабуыл нәтижесіз аяқталды. Бұл ұмтылыс қазақстандықтардың ойынына жан бітіріп, алаң иелері сәт сайын Колинько қақпасын торуылдаумен болды. Қазақстаннан мұндай ойынды күтпесе керек, латвиялықтар допты жиі жоғалтты.

12-минутта Анатолий Богданов алыстан соққы бағыттап көрді, алайда доп қақпадан биік кетті. Араға санаулы уақыт салып қазақстандықтар қысқа пастармен тағы бір шабуылдың шетін шығарды, бұл жолғы ұмтылыс қақпаға соққы жасаумен аяқталған жоқ. 17-минутта Дмитрий Шомко айып алаңына қауіпті пас асырды, допқа бірінші жеткен Таңат Нөсербаев мүлт кетті. Марьян Пахарь шәкірттеріне шабуыл жасау былай тұрсын, қарсыласының жарты алаңына бару қиынға соқты. Тіпті, бірінші таймның  орта белінде ойыншылары жиі жарақат алумен болды. Нәтижесінде 27-минутта Артис Лаздиньштің орнына Александр Фертов шықты.

34-минутта қонақтар Андрей Сидельников қақпасын алғаш рет нысаналады – Артем Рудневтің бұл соққысы қиыс кетті. Бұған жауап ретінде қазақстандықтар жылдам қарымта шабуылда есеп ашып кете жаздады, өкінішке қарай, Дмитрий Шомко ұрымтал тұста допты нысанадан биік тепті.

Командалар үзіліске кетер сәтте Шомко тағы бір шабуылды желге ұшырды. Айып алаңында қараусыз қалған Дмитрий допты тоқтатып алып, қақпаны нысаналауға тырысқан, десек те, қорғаушылар уақытында араласты.     

Екінші тайм да қазақстандықтардың басымдығымен басталды. Дегенмен командамызға шешуші сәтте қақпаға дәл соққы жасау жетіспей жатты. Әйтпесе біздің құрама қай жағынан алып қарағанда да, қарсыласынан басым болды. Тек Александр Колинько иелігіне дәл бағытталатын бір соққы керек еді – бұл тұрғыда қонақтардың қорғаушылары өз қақпасын тиісінше жауып, міндеттерін толық атқарды.  

68-минутта Андрей Сидельников қауіпті шабуылдың бетін қайтарды – тамаша комбинациядан кейін Владислав Габов қақпашымызбен бірге-бір шыққан болатын, бақытымызға орай, Андрей орнынан табылды. Екі минуттан кейін Рудневтің соққысынан кейін Сидельниковтың өзі де шарасыз қалды – абырой болғанда, біздің командаға қақпа маңдайшасы көмекке келді.      

Соңғы минуттарда Қазақстан ойыншылары жылдам ойнап, қалайда есеп ашутың амалдарын іздесе, латвиялықтар жиі уақыт созумен болды. Біздің команда ұмтылыстарын алаң ортасында ойнаған Смақов арқылы бастап тұрды. Десек те, футболшыларымыз соңғы пас беру кезінде допты жиі жоғалтып алды.       

Қазақстан құрамасы қанша тырысып баққанымен, Колинько қақпасынан саңлау таба алмады. Осылайша Еуро-2016 іріктеу турнирінің алғашқы турынан кейін қоржынымызда бір ұпай бар.

Қазақстан – Латвия 0:0 (0:0)

Қазақстан: Сидельников, Воротников, Абдулин, Смақов, Мирошниченко, Логвиненко, Исламхан (Нұрғалиев 82), Нөсербаев (Жолшиев 73), Шомко, Богданов, Хижниченко;

Латвия: Колинько, Булвитис, Габов, Горкшс, Максименко, Лайзанс, Ковалев, Лаздиньш (Фертов 27), Зюзин, Шабала, Руднев (Вишников 79);

Есткертулер: Шабала 23, Горкшс 29, Зюзин 90+3

09.09.2014 ж. Астана. «Астана Арена».

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;