Әлем футболы

Бельгия мен Ресей қара үзді. Қазақстан қайтпек

Бельгия мен Ресей қара үзді. Қазақстан қайтпек
news-banner7
mobile-news-top

2020 жылы өтетін Еуропа чемпионаты іріктеу кампаниясында Қазақстан құрамасы 7 ұпай жинап, І тобының үшінші орнына жайғасты. Бельгия мен Ресейді қуып жету теориялық тұрғыда болмаса былайша мүмкін емес сияқты. Prosports.kz тілшісі аталмыш топтағы жағдайды саралап көрген.

Өткен түнде Қазақстан құрамасы Никосияда Кипрмен тең түсті. Алексей Щеткин ұлттық құрама сапындағы алғашқы голына көрімдік сұрады. Тіпті екінші минутта соғылған гол кипрліктерді есеңгіретіп тастағандай көрінді бізге. Алаң иелерінің бақытына орай, Сотириу есепті теңестіріп кетті. Біздің жігіттер соққан голдан кейін ашық футболға көшті. Бұл Михал Билектің жаңа тактикасы болатын. Бәлкім сырт алаңда мұндай ұстаным керек те емес шығар, алайда ойынның жалпы мазмұны жанкүйерлерге ұнағаны анық. Жә, айтпағымыз ол да емес. Ұлттық құрамамыздың қарсыластары туралы жеке-жеке сараптап көрейік.

Бельгия.

Түнде топ көшбасшысы Сан-Мариноға қонаққа барды. Бір қызығы бельгиялықтар FIFA рейтингінде 1-орында тұрса, санмаринолықтар 211-сатыда, дәлірек айтсақ, ең соңғы орынды ешкімге «берер» емес. Роберто Мартинес шәкірттері 5 ойынның бесеуінде де жеңіске жетіп, ұпайдан шашау шығармай тұр. Оның үшеуінде ірі есеп тіркелген. Бельгияға тек ресейліктер гол соға алды, тек 1 ғана гол! Азар бастаған жігіттер қарсыластарының қақпасына 15 доп тоғытты. 5 ойында 15 ұпай, 15 гол. Шіркін, неткен максимализм дейсің! Бұл команданың осы қарқынынан таймай, топтан бірінші орынмен шығарына ешкімнің таласы жоқ. Ресейліктердің де...

Ресей.

Көршілер Еуропа біріншілігіне жолдама алдық деп, бөркін аспанға атып жатыр. Спорт сайттарынан көзіміз шалып қалды. Бөркін дейміз-ау. Сөздің сірәғысы да... Өз елінде өткен әлем чемпионатынан кейін, күшейіп кеткен Черчесовтың командасы Бельгиядан басқаны бұйым құрлы көрмейді. Шотландияны ұтқан кезде, бұлармен де жаман ойнамаспыз деп отырғанда құрамамызды күл-талқан еткен Ресей ғой бұл. Ресейліктердің 5 ойында 17 гол соққанын да тілге тиек еткіміз келеді, бірақ оның тоғызы Сан-Марино қақпасына соғылды. Сол матчта Мишель Цеволи екі рет өз қақпасына гол соғып алса, Дзюба покер авторы атанды. Рас, орыстар соңғы екі матчта минималды есеппен жеңіске жетті, бірақ алдағы күнтізбеге көз салсақ, олар үшін өте ыңғайлы болып тұр. Қазақстан мен Шотландияны өз алаңында қабылдап, Кипрмен сырт алаңда күш сынасады. 9 ұпай қолда дей беріңіз. Демек, орыс жанкүйерлері бекер қуанбапты.

Қазақстан.

Михал Билек Арно Пайперстен кейінгі нәтижелі бапкер десек, еш қателеспеспіз, дей тұрғанмен қазақ құрамасын алда ауыр ойын күтіп тұр. 3 күннен кейін Ресейге барып емтихан тапсырамыз. Нұр-Сұлтандағы 0:4 есебінен кейін бірдеңе деу қиын, алайда бұл футбол ғой. Кім біледі?.. Дәл сол күні Сан-Марино мен Кипр ойнайды. Аралдықтар жеңіске жетсе, Қазақстанмен теңеседі.

Ел құрамасы қалған бес ойында кем дегенде алты ұпай алуы мүмкін деп ойлаймыз. Ресей мен Шотландия алаңдарында ұпай ұстана аламыз ба? Нұр-Сұлтанға келетін Бельгиямен ойында ше? Қайдам...

Шотландия.

Шотландиялықтар жаралы арыстан сияқты. Алғашқы ойында Қазақстан ұлттық құрамасынан ойсырай ұтылмағанда 9 ұпай болар ма еді?!

Команда алдағы екі турда да 6 ұпаймен қалуы мүмкін. Себебі, өз жерінде Бельгиямен, түзде Ресеймен ойнайды. Ал қалған үш тур шотландиялықтардың пайдасына шешілуі әбден мүмкін.

Кипр.

Кипрліктер алғашқы турда Сан-Мариноны 5:0 есебімен жеңді. Одан кейін қатарынан үш рет жеңілді. Тек түнде Қазақстанды жеңе алмай, пұшайман болған команда бір ұпай олжалап, 4 ұпаймен бесінші орында тұр. Әрине олар FIFA рейтингінде қазақтардан жоғары орналасқан. Сол үшін І тобындағы жоғары орындарға ұмтылатыны анық. Кипрді алда сырт алаңдағы Сан-Марино және Қазақстанмен болатын екі матч күтіп тұр. Осы екі ойында ұпайды максималды түрде жинамаса, үшінші орынның ауылы алыстап кетері анық.

Сан-Марино.

Ұпайды оңды-солды шашатын «жомарт» команда ұпай еншілемек түгілі, гол соға алмай келеді. Қақпасына 24 доп жіберіп алған әуесқойлар құрамасының соңғы орында қалғаны қалған.

Бұл топтағы күрес Қазақстан, Шотландия және Кипр құрамалары арасында болары анық. Бельгия мен Ресейден кейінгі 3-орынға ие болу да үлкен мәртебе болары сөзсіз.

І тобының кестесі

Команда

Ойын

Жеңіс

Тең ойын

Жеңіліс

Доп айырмасы

Ұпай

1.

Бельгия

5

5

0

0

15-1

15

2.

Ресей

5

4

0

1

17-4

12

3.

Қазақстан

5

2

1

2

8-8

7

4.

Шотландия

5

2

0

3

5-9

6

5.

Кипр

5

1

1

3

7-6

4

6.

Сан-Марино

5

0

0

0

0-24

0

Сұрмергендер.

І тобында ең көп гол соққан Ресей құрамасының шабуылшысы Артем Дзюба. Тіпті ресейлік жалпы EURO-2020 кампанияcы үздіктерінің бірі болып отыр. Шабуылшы 6 гол соғып, 2 нәтижелі пас авторы атанған. Одан кейін бельгиялықтар Эден Азар мен Батшуайи 3 голдан салған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер