русский язык
Футбол

Саулюс Ширмялис: «Біз чемпиондармен ойнадық»

Саулюс Ширмялис: «Біз чемпиондармен ойнадық»

Саулюс Ширмялис, Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері:

- Біз әлем чемпионымен ойнадық бүгін. Олардың тоғыз ойыншысы әлем чемпионы атанған. Оларға қарсы ең үздік ойыншыларымыщзды шығаруымыз керек еді. Бірақ жарақат проблемасына байланысты қорғанысымызда бүгін жаңа ойыншылар ойнады. Үшеуі тұңғыш рет жастар құрамасының сапында алаңға шығып тұрғандар. Мен бұл ойынды тағатсыздана күттім. Жігіттер де солай. Бірақ жарақаттар кедергі болды. Бұл біз үшін үлкен сабақ.

- Соғылған голдан кейін аз да болсы үміт пайда болды ма? 

- Кімге қарсы ойнап жатқанымызды ескеруіміз керек. Оның үстіне, негізгі құрамның жеті ойыншысы алаңға шыға алмады. Біз онсыз да еліміздің ең үздік лимитчиктерін шығардық. Мәселен, Айымбетов алаңға шықты. Көрдіңіздер ғой, француздардан еш кем түскен жоқ. Өзге ойыншыларымыз да солай. 

- Гол соғу үшін Жаңғылышбайға бірінші таймда не жетіспеді?

- Қарсыластар мұндай сәттерде аздап созып жүрді. Ал мен ойын басында өз шәкірттерімнен қақпаға соққы жасауда көп созбауды сұрадым. Егер тап сондай мүмкіндік Жаңғылышбайда Қазақстан чемпионатында болғанда ол оны мүлт жібермес еді. Алдымен өзіне ыңғайлы позиция жасап алар еді. Оның барлығына мұндай ойында уақыт жоқ. Оның үстіне әлгі сәтте оған қарсы "Челси" ойыншысы Курт Зума ойнады. 

- Осы іріктеу додасын қалай қорытындылауға болады?

- Мен білсем, бұл Қазақстан құрамасы жинаған ең көп ұпай. Тобымызда үшінші орынға тұрақтаймыз деп үміттенемін. Қандай қорытынды? Бұл жігіттер ұлттық құрамаға бір қадам жақындады. Ертең екі қақпашымыз да ұлттық құрамаға кетеді. Бейсебеков те жақын қалды. Жуков та ұмтылып тұр. Басқа да дарынды жігіттер бар. 

- Жастар құрамасымен ары қарай жұмыс істей бергіңіз келе ме?

- Менің келісімшартым осы жылдың соңында аяқталады. Ол 1+2 жүйесі бойынша ғой. Қараша айында жаңа команда жасақтаймыз. Толыққанды медициналық тексерістен өткіземіз. Жалпы, жастарға сенуіміз керек. Мен осы футболшылармен танысқаныма қуаныштымын. Олар менің сенімімда футболшы ретінде де, адам ретінде де ақтады. 

- Премьер-лига бапкерлеріне жастарға жиі сенім арту керек дер ме едіңіз?

- Мен өзім де Премьер-лига клубтарын жаттықтырамын. Өз бойыңнан сондай сенімді шығарудың қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Осындай жеңілдіктер болып тұрған кезде барынша пайдаланып қалу керектігін жастарға да жиі түсіндіріп жатамын. Өйткені, "лимиттен" кейін мұндай жеңілдіктер болмайды.  

- Футболшыларға қандай балл қойдыңыз? 

- Жігерліктерінде мін жоқ. 8-9 деген жоғары балл қояр едім. Иә, бүгін біз жоқ жерден бір-екі гол жіберіп алдық. Дегенмен, ойыннан кейін жігіттерге алғыс айтып, бірге жұмыс атқарғанымыз үшін рахметімді білдірдім. Кейін бейнеқайталауды сараптап, қорытынды шығарамыз. Ең бастысы, осы ойыннан өздері бір қорытынды шығарулары тиіс.

kff.kz

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;