Дзюдо

Ғұсман Қырғызбаев өзбек балуанынан ұтылғанына өкінді

Ғұсман Қырғызбаев өзбек балуанынан ұтылғанына өкінді
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан Токиода (Жапония) өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалға дейін сүрінген жоқ, деп жазады Prosports.kz. Өз тобында кіл мықтыларды жарыс жолынан шығарған балуан жүлдеге қол созым жерде тұрған еді. Алайда, жартылай финалда күтпеген жерден есе жіберіп, қола үшін күресте командаласы Елдос Сметовтен жеңілді. Әлем чемпионатының жүлдесіне біртабан жақын тұрып, жарысты бесінші орынмен аяқтау қаншалықты қиын? ҚР ҰОК ресми сайтына берген сұхбатында балуан Токио төріндегі доданы қорытыныдылады.

«Әлем чемпионатына үлкен дайындықпен келдім. Тіпті, нағыз бабымда болдым десем, артық емес. Топтық кезеңде Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегерлерін, сондай-ақ, көпшілікке белгісіз жас балуандардан басым түстім. Негізі, аса танымал емес дзюдошылармен күресу қиынға соқты. Ал жартылай финалдағы Шарафуддин Луфтиллаевпен өткен кездесуде жеңілгеніме әлі де таң қалып тұрмын. Өйткені, татамиге шығарда оны жеңетіміне сенімді болғам. Бірақ күрес кезінде өзімді қамшылай алмадым. Неге екенін білмеймін, ойымның бәрі финалдық белдесуге ауды. Ойша финалда күресіп жүргенімді елестетіп, қарсыласымды мүлде сезбедім. Алдын ала ақтық сын туралы ойлап кеткенім бірден кері әсерін тигізді. Луфтиллаевтан таза ұтылып, құлаған соң ғана есімді жидым. Бұл менің басты қателігім. Тағдырдың жазғаны бесінші орын екен. Қанша тырыссақ та, одан асып түсе алмас едім», - дейді Қырғызбаев.

Сондай-ақ, Ғұсман қола жүлде үшін Елдос Сметовпен өткен кездесуге де өз бағасын берді. «Елдоспен бұрыннан күресіп жүрмін. Бір командада, жарты нанды бөліп жеп жүрген жолдаспыз. Алғашында күресім жүрмей, қандай да бір әдіс жасауға батылым бармай, біраз жүрдім. Қанша дегенмен, өз командаласым ғой. Кейін негізгі уақыт аяқталып, «алтын ұпай» басталғанда ғана жиналу керектігін түсіндім. Бұл жерде кім жеңсе де, қазақтың байрағын көтеретін еді. Сондықтан, Елдос үшін қуаныштымын», - дейді балуан.

Ғұсман Қырғызбаев әлем чемпионатындағы ең қиын кездесуге де тоқталып өтті. «Бразилиялық Филипе Китадаймен кездесу оңай болған жоқ. Ең ауыр кездесу деп соны айтар едім. Ол өте жылдам қозғалады. Кез келген уақытта әдіс жасап үлгеретін спортшы. Күш жағынан мықты деп айта алмаймын, бірақ өте епті екені анық. Ал грузин балуаны Амиран Папинашвилидің күші көп. Екеуміз қанша жыл спортта жүрсек те, татамиде жолымыз алғаш рет түйісті. Оның күш-әлеуетінің мықтылығына күмән жоқ. Қуанышқа қарай, Амиранды да жеңдім. Бірақ өзбек балуаны Шарафуддиннен жеңілгеніме әлі сене алмай тұрмын. Мен іштей финалда тұр едім ғой... Оны ұтатыныма тым сенімді едім. Осы жеңіліс өзегімді өртеп барады. Бапкерлерім мен жанкүйерлерден ұялып тұрмын. Жаттықтырушылар бізге қанша күш жұмсады. Жанкүйерлер үлкен үміт күтті. Солардың үмітін ақтамағаным өкінішті. Әлем чемпионатына алтын аламын деп келген ем, бұйырғаны бесінші орын ғана болды. Дегенмен, Токиода өзімнің бабымда болғанымды, күресімнің жақсы жүргенін ұмытпау керек», - деді Қырғызбаев.

ФОТО: Сали Сабиров

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер