Дзюдо

Елдос Сметов: Жеңіс бәрімізге ортақ

Елдос Сметов: Жеңіс бәрімізге ортақ
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан әлем чемпионатында Елдос Сметов қола жүлдегер атанды. Әлем үздіктерінің қатарына енген спортшы Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, Токио татамиіндегі кездесулерін қорытындылады.

- Әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Менің салмағымдағы кіл мықтылар жиналды. Шыны керек, жапондық балуанмен белдесуде біраз қателікке бой алдырдым. Өзімнің қателігімнен ұтылдым. Әлем біріншілігі жыл сайын өтетін жарыс. Гран-при, Гранд-слэм» турнирлері де жылына бірнеше рет өтеді. Ал Олимпиада ойындары төрт жылда бір келетін дода. Сондықтан, мұндай қателіктерді Олимпиада ойындарында жіберуге болмайды. Келесі жылы өтетін Олимпиададан бұрын мұндайдың орын алғаны дұрыс та шығар.

Қола медаль үшін өткен кездесуде өзімнің командаласым Ғұсман Қырғызбаевпен кездестім. Бұл белдесуде екеуміздің де деңгейіміз шамалас болды. Екеуміз де артық кетіп, немесе кемшін түскен жоқпыз. Тек Алланың қалауымен жеңіс маған бұйырды. Медальді мен алсам да, Ғұсман алса да, қазақ елінің қоржынына түседі ғой. Біз бір командамыз. Сол себепті, жеңіс те ортақ, - деді Елдос.

Айта кетелік, Елдос Сметов 60 келі салмақта әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Бұған дейін ол 2015 жылы өткен әлем чемпионатында топ жарып, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған.

Ал Ғұсман Қырғызбаев әлем чемпионатының қорытындысы бойынша үздік бестікке енді.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер