Дзюдо

Дзюдошыларымызға әлем чемпионатынан жүлде бұйыра ма

Дзюдошыларымызға әлем чемпионатынан жүлде бұйыра ма
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін Жапонияда дзюдодан әлем чемпионаты басталады. Төрткүл дүние көз тігетін Токиодағы турнирге жер жаһаннан 147 елдің 841 дзюдошысы, соның ішінде Қазақстанның 16 үкілі үміті қатысады. Осыған орай, Prosports.kz сайтының тілшісі жанкүйер сенімін кімдер ақтауы мүмкін деген сұрақтың жауабын таппаққа талпынып көрген болатын.

Қазақстанда дзюдо спорты аса жылдам қарқынмен дамып келеді. Содан болар, Күншығыс еліне елеңдейтіндердің қарасы өте көп. Оны әртүрлі әлеуметтік желілердегі жазбалар мен пікірлерден байқаймыз. Бақсақ, Сметов пен Галбадрахты жүлдегер ретінде көреді жұрт. Бұл басқаларына күмәнмен қарайды деген сөз емес. Күні бұрын дзюдодан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Айдын Смағұлов «Әрине, нақты ештеңе айта алмаймыз. Бәрін бір Алла біледі. Дегенмен, мақсатымыз - бір алтын, бір қола медаль алу. Медаль саны бұдан да көп болуы мүмкін. Балуандардың барлығы да бабында», - деген болатын. Сол екі жүлденің иесі Елдос пен Отгонцецег болады-ау деп болжайды ел. Елдос та «Әлем чемпионатына қызу дайындық жүріп жатыр. Қарсыластарымның бәрі - қайрауы жеткен қылыштай. Бүгінге дейін үздік бестіктегі дзюдошылардың барлығымен күрестім. Рейтингте қазір бесінші орында тұрмын. Менен төменгі орындағы балуандардың да біразын білемін. ТОР-20 қатарындағы спортшылардың барлығымен дерлік кездестім. Бұйырса, бар күшімді саламын. Олардың да маған дайындап отырған тосынсыйы бар шығар. Бірақ мен де аянып қалмаймын», деп жанкүйерлерінің көңілін орнына түсіргендей болды.

«Сырт көз – сыншы» демекші, құраманың қазанында қайнап жүргендерден гөрі, сырттай тілеулес болып отырған бірнеше адамның пікірін білген едік.

Жандос Қонысбаев, мемлекеттік жаттықтырушы: «Бұл жолы Бозбаевтың бағы басым болады»

«Алдымен айтарым, Жапонияға елдегі №1 саналатын, әлемдік рейтингте 40-50-орындардан төмен тұрмаған, оның ішінде олимпиадалық рейтингке кіріп тұрған дзюдо шеберлері жақсы дайындықпен аттанып кетті. 60 келіде Елдос пен Ғұсманның салмағында Рио олимпиадасына қатысқан 8 балуан бар. Қала берді, әлем біріншіліктерінде атой салғандар жетерлік. Сметовке де, Қырғызбаевқа да оңай соқпасы анық. Бірақ екеуі де бабында. Қарап қалмас.

66 келідегі Ерлан Серікжанов, бәріңізге белгілі, өткен жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ерлан еуропалық, оның ішінде әлемдік рейтингте жоғары сатыда тұрған Израилдің Фликкер, Шмойлов деген екі дзюдошысына аса ыңғайсыз қарсылас, яғни еуропалықтар Серікжановтан ығады. Дей тұрғанмен, бұл салмақта екі жапониялық бар. Екеуі де өте мықты. Менің ойымша, Ерлан кем дегенде 1/8 немесе ширек финалға шығуы бек мүмкін. Елдос Жұмақанов та - тәжірибесі толысқан шебер спортшы. Ол өзін көрсетуі тиіс Токиода.

73 келілік Жансай Смағұловтың соңғы кездері бабы келіспей жүр. Оған да оңай түспесі анық. Алайда Жансайды өзінің бар мүмкіндігін көрсетуі қажет. Сондықтан оған да сенім артамыз. Үміттенеміз.

81 келі салмақ нәтижесінде екі бірдей дзюдошының болуы бізді қуантады. Руслан Мұсаев пен Дидар Хамзаның да үміті бар. Жалпы күресетін адамның бәрінде мүмкіндік болады. Дидардың бағын өткен жылы төрешілер байлады. Биыл кемінде қола жүлдеге ілінуі керек деп топшылаймыз.

90 келіде өте еңбекқор, талантты Ислам Бозбаевтың финалға жетуге толық мүмкіндігі бар. 3-4-кездесуінде Оңтүстік Корея және испаниялық қарсыластарын жеңсе, жүлденің ауылы жақындай түседі. Бозбаев дәл осы чемпионатта жақсы нәтижеге жетеді деп үміттеніп отырмыз. Исламның ең бір жақсы тұсы – кез келген әдісті өте мұқият жасайды. Кейде бір кемшілігін байқатып алады. Онысы - аса қатты беріліп күреспейтіні. Қарсыласы қатты шаршап қалса да, Исламның күш-қуаты сарқылмаған күйде тұрады. Сондай кезде мүмкіндігін пайдаланса, құба-құп болар еді. Бабы келісіп тұр, бағы жанса, медалдің ауылы алыс емес.

Бас бапкер Айдын Смағұловпен Алматыда жүздесіп, біраз шаруаны талқылағанбыз. Жаттықтырушы әр спортшының 90-100% дайындықпен кетіп бара жатқанына сенімді. Біз де өз тарапымыздан ұлттық құраманың әр мүшесіне сенім білдіреміз. Халықтың, елдің, мемлекеттің үмітін ақтап келуді Алла нәсіп етсін», дейді маман.

Батыр Мұқатаев, дзюдо мен самбодан спорт шебері, Елдос Сметовтың жақын досы: «Төккен тер жүлдеге айналсын деп тілеймін».

«Құрамадағы жігіттердің қай-қайсысы да - өте мықты дзюдошылар. Мұны мен ешбір пафоссыз, эмоцияға берілмей айтып тұрмын. Елдос пен Ғұсман таныстыруды қажет етпейді. Қарсыластарын өте жақсы біледі. Біразымен белдескен. Елдос екінші рет әлем чемпионы атанса деп тілеймін. Жаттығу жиындарында төккен тер текке кетпесе екен. Қысқасы 60 келінің алтынын күтеміз. 66 келідегі Ерлан Серікжанов – өткен жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Биыл чемпион атануға қауқары жетеді. Елдос Жұмақанов – Гранд Слам турнирінің жеңімпазы. Осал ешкім жоқ. Жансай да - бірнеше халықаралық турнирлерде топ жарған тәжірибелі балуан. 81 келі салмақ дәрежесіндегі Руслан Мұсаев пен Дидар Хамзалар жас та болса бас болуға әзір тұр. Ислам мен Айбек те аянып қалмас», деп ағынан жарылды спортшы.

Руслан Меделбек, белгілі спорт журналисі: «Жексенбіде Жапониядан сүйінші хабар жеткей!»

«Қазақстан жанкүйерлері әлем чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесіндегі саңлақтардан жүлде күтеді. Екі бірдей үмітіміз бар, олар - Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев. Сметов былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері 23 жасар жапон Рюджу Нагаямамен бір себетке түсті. Нагаяма Осака Гранд Слам және Дюссельдорф гран-приінде алтын алды. Сметов те, Қырғызбаев та бұл жас балуанмен әлі жолыққан жоқ. Сметов Нагаямадан басым түссе, жартылай финалда былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 60 келіде әлемдік рейтинг басында тұрған ресейлік Роберт Мшвидобадзепен күреседі. Сметов бұл балуанды қалай жеңуді біледі. Екеуі төрт рет татамиде тіресіп, үшеуінде Елдос жеңген. Сметов осы екі қарсыласынан өтсе, финалға шықты дей беріңіз.

Ал Қырғызбаев былтырғы ӘЧ қола алған грузин Амиран Папинашвилимен бір себетке түсті. Амиранмен кездеспес бұрын ол биыл Баку Гранд сламында алтын алған бразилиялық Филипе Китадаиды жеңуі тиіс. Бұл екі қарсыласын жеңсе, 2017 және 2018 әлем чемпионы жапон Наохиса Такато күтіп тұр. Қырғызбаев, жаңылмасам, Такатомен әлі белдеспеді. Бұл белдесу өте қиын болады.
Ал Сметов үшін әзірге Такато алынбайтын қамал болып тұр. Бес кездесу - бес жеңіліс. Такатоны қазақстандықтар арасында тек Рустам Ибраев (2015 жылғы Астанада өткен ӘЧ күміс жүлдегері) жеңген.

Жігіттерге сәттілік тілейміз. Жексенбіде Жапониядан сүйінші хабар жеткей!», деп жазады журналист Фейсбкутегі жеке парақшасында.

Берік Ерғалиев, дзюдо жанкүйері, әлеуметтік желілердегі дзюдо парақшаларының әкімшісі: «Әлем чемионатында екі қолаға ие боламыз»

«Меніңше осы жолғы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы қоржынына Елдос Сметов пен Отгонцэцэг Галбадрах екі қола салады. Басқа спортшылардың мүмкіндігі 0-ге тең. Осы пікірімнен кейін мені спортшылар мен жанкүйерлер жек көріп кетсе де, жанкүйер ретіндегі пікірім осы. Салыстырмалы түрде айтайын, Ислам Бозбаев «өлім тобына» түсті. Әрі кетсе бесінші орынды місе тұтады ол. Әлемдегі мықты дзюдо сарапшылары биылғы әлемдік дода Жапонияның алтын чемпионаты болады деп баға беріп отыр. Жапониялықтар «бес алтын жүлде біздікі» деп алақан ысқылайды.

Мен дзюдо маманы, бапкер емеспін. Пікірімнен айнымаймын. «Арық айтып, семіз шыққан дұрыс шығар. Ал дзюдошыларымыз алтын мен күмістен тау тұрғызып жатса, оған қатты қуанарым анық», дейді жанкүйер.

Біз естіген, оқыған, біз сұраған пікірлер легі осындай болды. Ал чемпионаттың басталуына да санаулы сағаттар қалды. Сол себепті қазақстандықтардың алғашқы қарсыластары туралы тізбелей кетейік.

Ерлер:

60 келі Елдос Сметов - Саоуд Аламири (Кувейт)

Ғұсман Қырғызбаев - Джулио Молина (Гватемала)

66 келі Ерлан Серікжанов - Ниджат Шихализада (Әзірбайжан)/Кюок Нго Хуан (Вьетнам) жұбының жеңімпазы

Елдос Жұмақанов - Жуан Постигос (Перу)/Божидар Темельков (Болгария) жұбының жеңімпазы

73 келі Жансай Смағұлов - Бутбул Тохар (Израиль)

81 келі Руслан Мұсаев - Кристжан Тонице (Эстония) Дидар Хамза - Доминик Рессель (Германия)

90 келі Ислам Бозбаев - Милан Рандл (Словакия)

100 келі Айбек Серікбаев - Даниель Дичев (Болгария).

Әйелдер:

48 келі Отгонцэцэг Галбадрах - Шира Ришони (Израиль)

52 келі Анна Казюлина - Цю Нгуин (Вьетнам) 57 келі Севара Нишанбаева - Фионг Нгуин Нгог Дием (Вьетнам)

63 келі Иоланта Бердібекова - Приска Ауити Алкараз (Мексика)

70 келі Мөлдір Нарынова - Юрий Альвиер (Колумбия)

78 келі Зарина Райфова - Сара-Марям Мазоуз (Габон)/Мамадама Сулла (Гвинея) жұбының жеңімпазы

+78 келі Назгүл Маратова - Кайра Саит (Түркия).

Еске сала кетейік, Qazsport телеарнасы әлем чемпионатынан тікелей трансляция жүргізеді.

Дайындаған Мадияр Арстанбаев

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер