Әлем футболы

Біз білетін һәм біз білмейтін БАТЭ

Біз білетін һәм біз білмейтін БАТЭ
news-banner7
mobile-news-top

Елордалық «Астана» футбол клубы Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде БАТЭ клубымен кездеседі. Беларустің бетке ұстар клубын қаншалықты білеміз? Жанкүйерлер айтып жүрген БББ немесе Беларустегі Борисовтың бас командасы – БАТЭ клубының әлеуеті қандай? Prosports.kz тілшісі «Астананың» қарсыласын азды-кем зерттеп көрген болатын.

Байырғы БАТЭ

Өткенге көз жүгіртсек, БАТЭ клубының негізі 1973 жылы қаланған. Кеңес одағы тұсында Борисов автотракторлар электржабдықтары заводы (БАЭЗ) жанынан құрылған БАТЭ клубы 1974 жылы Беларусь КСР-нің чемпионы атанды. 1976 жылы команда өз тарихында алғаш рет дубль жасады. Чемпиондыққа қоса Беларусь кубогын да иеленген клуб, өкінішке орай 1984 жылы таратылып тынды.

Бертіндегі БАТЭ

1996 жылы клубқа жаны ашитын бірнеше адамнан құралған бастамашыл топ БАТЭ командасын қайта құрмаққа талпынды. Талпынып қана қойған жоқ, аз ғана уақыттың ішінде БАТЭ-ні беделді клубқа айналдырып үлгерді. Содан бері тасы өрге домалаған «батондар» (жанкүйерлердің командаға қойған лақап атауы) осы уақытқа дейін 15 дүркін ел чемпионы атанса, Беларусь кубогын 3 мәрте, суперкубогын 7 рет жеңіп алды! Қазіргі бас бапкері – Алексей Бага клубтың бұрынғы ойыншысы болған. Клубтың бас демеушісі – Минск трактор зауыты. Клубтың бюджеті анау айтқандай керемет емес, небәрі 4,5 миллион АҚШ доллары, ал ойыншылардың жалпы трансферлік құны Transfermarkt бойынша – 13 миллон еуро. Салыстырмалы түрде «Астананыкі» 25 миллион еуроны құрайды.

Еурокубоктарда ысылған ұжым

БАТЭ-нің Еуропа командалары арасындағы сан турнирлерге қатысып, ғаламат тәжірибе жинақтағанын айтпай кетуге болмас. Еуропа чемпиондарының кубогы немесе қазіргі Чемпиондар лигасының топтық кезеңдерінде 5 мәрте доп тепті. UEFA кубогы, қазір Еуропа лигасы деп аталып жүрген турнирдің топтық кезеңінде үш рет ойнап, соның бәрінде 1/16 финалға дейін шықты. Жоғалып кеткен Интертото кубогында да борисовтықтардың тасы өрге домалады. Жалпы бұл команда ауыз толтырып айтарлық жетістікке 2012 жылы жетті деуге болады. Виктор Гончарнеко баптайтын клуб Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде франциялық Лилль командасын қонақта 3:1 есебімен ұтады. Ол ол ма, екінші турда атақты мюнхендік «Баварияны» өз алаңында жеңеді. Есеп тағы да 3:1. Алайда «Валенсиядан» екі рет ұтылған БАТЭ Еуропа лигасына жолдама алды. Сол жылы батэліктер тоғызыншы чемпиондығын тойлады және жетінші рет қатарынан жеңімпаз атанды. Сол маусымда өзінің басты қарсыласы минскілік «Динамоны» 5:1 есебімен талқандады.

Аузы күйген үріп ішеді

БАТЭ қазақстандық клубтарды жақсы «таниды». 2013 жылғы еурокубоктық маусымда қарағандылық «Шахтерден» екі рет 0:1 есебімен (гол авторлары: Хижниченко, Зенькович) ұтылған БАТЭ, араға үш жыл салып, «Астанаға» тап болды. Астанадағы (сол кезде Нұр-Сұлтан қаласының атауы Астана болатын) матчта 0:2 (голдар: Нұрғалиев, Кабананга) есебімен ұтылған белоруссиялықтар, өз алаңында 2:2 (гол соққандар: Гордейчук (Б), Стасевич (Б) – пенальтиден – Максимович (А), Твумаси (А) есебімен тең түсті.

Беларусь елінің жанкүйерлері мен мамандарында истериялық бір комплекстің байқалатыны анық. Мәселен журналист Сергей Канашиц «екі команданың құрамын салыстыратын болсақ, борисовтықтар жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайды» деген екен. Ол «Астана сапындағы Иван Маевский, Ненад Эрич, Антонио Рукавина, Жарко Томашевич, Дорин Ротариу, Рунар Сигурьонссон, Фирмин Мубеле және Рангело Янга сияқтыларды ерекше атап өтіпті. Бір қызығы, биылғы жылы алапат ойынымен көзге түскен Марин Томасовты аузына да алмаған. Томасовтың да айтар сөзі алда деп үміттенеміз. Беларусь сайттарына үңілсек, БАТЭ-ні жігерлендіретін мақалаларды табуға болады. Ал команданың бас жаттықтырушысы Алексей Бага «арық айтып, семіз шығадының» керін келтірді. Оның айтуынша, қазақстандық клуб - өте тамаша ойнайтын ұжым, трансферлік саясаты да дұрыс жолға қойылған, әрі білікті бапкері бар. Жанкүйерлердің «Астанамен» болатын ойын туралы әлеуметтік желілердегі пікірлеріне көз жүгіртсек, Қазақстан премьер-лигасын менсінбеушілікті байқаймыз. Тіпті ҚПЛ-ды ауыл лигасына теңейтіндер де бар екен. Янганы түкке алғысыз етіп отырғандар қазақтардың өзі дейді. «Астана» биыл да жеңіске жететін болса, олар бәрібір мойындамайтынға ұқсайды.

Ал футбол агенті Валерий Исаев Фейсбуктегі парақшасында екі елдің футболындағы ақша туралы сөз қозғапты. «Шомконың құны 2,5 миллион дейсіз бе?! Бұл қайдан шыққан сандырақ сандар?! Иә, қазақстандық клубтардың бюджеті бізбен салыстырғанда 10 есе көп шығар және оның немен байланысты екенін жақсы білеміз. Ол ел пайдалы қазбаларға өте бай, болғаны сол. Қазақ клубтары ондай ақшаға ойыншы сатып алмайды, тіпті сата да алмайды! Иә, шартты түрдегі Аршавин «Гродно» немесе «Витебск» клубтарынан қымбат тұратын шығар. Бірақ қазақстандық клуб оны сондай ақшаға сатып алды деген сөз емес қой.

БАТЭ-нің де жалпы құны 13 миллион емес. Екі команда ойыншыларының тұрақты трансферлік құны жоқ. Тек біз Еуорпаға жақынбыз, ал олардың ақшасы көп. Екі команданың мүмкіндігі тең», дейді Исаев.

Біздің сөз басындағы истериялық комплекс деп отырғанымыз да осы...

БАТЭ клубының легионерлері

Клубтағы келімсек ойыншыларға да азды-көпті тоқтала кетуге болады. Мұнда да соншалықты әлсіз ойыншылар жиналмаған. Еуропаның біраз мемлекетінен келген «сен тұр, мен атайын» ойыншылар құрамы мынадай:

Александар Филипович, қорғаушы, (Сербия)

Борис Копитович, қорғаушы, (Монтенегро)

Джамалдин Ходжаниязов, қорғаушы, (Ресей)

Эмиль Йонассен, қорғаушы (Норвегия)

Виллум Виллумссон, қорғаушы, (Исландия)

Неманья Милич, жартылай қорғаушы, (Сербия)

Слободан Симович, жартылай қорғаушы, (Сербия)

Эврен Мукам жартылай қорғаушы, (Камерун/Франция)

Боян Дубайич, шабуылшы, (Сербия)

Яссе Туоминен, шабуылшы, (Финляндия)

Ал «Астанаға» «қонаққа» келетін футболшылар мыналар:

қақпашылар – Александр Свирский,Сергей Черник, Антон Чичкан, Денис Щербицкий;

қорғаушылар – Дмитрий Бессмертный, Захар Волков, Эмиль Йоанессен, Борис Копитович, Алексей Риос, Егор Филипенко, Александар Филипович;

жартылай қорғаушылар – Антон Абрамович, Дмитрий Бага, Евгений Березкин, Виллюм Тор Виллюмссон, Станислав Драгун, Эрвейн Мукам, Максим Мякиш, Андрей Потапенко, Слободан Симович, Игорь Стасевич, Евгений Яблонский;

шабуылшылар – Боян Дубайич, Дмитрий Матяш, Неманья Милич, Антон Сарока, Максим Скавыш, Яссе Туоминен.

Үйреніскен жау атыспаққа жақсы

Қазақ «үйреніскен жау атыспаққа жақсы» жақсы деп осындайда айтса керек. Біз білетін байырғы, бағзы БАТЭ ғой... Ал астаналықтар Беларусь клубын қалай ұтуды біледі. Өз алаңындағы жанкүйердің қолдауы, стадиондағы синтетикалық төсеніш, ойыншылардың трансферлік құны, бәрі, бәрі «Астанаға» қол болып тұрғаны рас. Дей тұрғанмен «батондардың» да өз алаңында аянып қалмасы анық. Нұр-Сұлтанға да байқап-байқап келері белгілі. Айтпақша «Астана» UEFA рейтингінде 50-орында тұрса, БАТЭ одан бес саты төмен жайғасқан. Демек, мәселенің бәрі жасыл алаңда шешіледі деген сөз.

Бірінші матчта украиналық төрешілер Сергей Бойко, Александр Корнийко и Семен Шлончак қызмет етеді.

Дайындаған Мадияр Арстанбаев

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер