Жеңіл атлетика

Кениялықтар Қазақстан атынан Токио Олимпиадасына қатысуы мүмкін

Кениялықтар Қазақстан атынан Токио Олимпиадасына қатысуы мүмкін
news-banner7
mobile-news-top

Кениялық жеңіл атлеттер Қазақстанның атынан Токиода болатын Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрбір кениялық мектепке барғанда алдымен жүгіруді үйренеді. Себебі Кениядағы ең жақын білім ордасының өзі үйден 20 шақырым жерде орналасқан. Бала кезінен жүгіріп, қазір кәсіби спортшыға айналғандардың бірі - Каролин Чепкоеч. 25 жастағы желаяқ еліміздің жеңіл атлетика клубтарының бірінде өнер көрсетеді.

Каролин Сепкоеч, кениялық атлет:

- Мен ерте жасымнан спортпен айналыса бастадым. 2010-2013 жылдар аралығында Кенияда өткен түрлі чемпионаттарға қатыстым. Енді әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуды армандаймын. Жақын арада арманым орындалады деген ойдамын.

Каролин таңғы алтыда тұрып, ботаникалық бақта 18 шақырым жүгіреді. Дайындық барысын жаттықтырушысы жіті бақылайды. Континент пен климат басқа болса да, спортшыларды бабына келтірудегі айырмашылықтар шамалы. Сұхбат барысында Кенияның жеңіл атлетика құрамасын дайындаған маман Қазақстандағы бұл саланың кем тұстарын тізіп берді.

Кеннет Кипиего, жаттықтырушы:

- Біріншіден, спорттық база, яғни құрал-жабдықтар жетіспейді. Дұрыс тамақтану жағы да өзекті мәселе болып тұр. Біздің спортшылар протеиндерді қолданбайды. Олар тек жергілікті табиғи өнімдермен тамақтанады. Арнайы диета жоқ. Ал үшіншіден, менің ойымша, жаттықтырушы мен спортшылардың арасында дұрыс қарым-қатынас орнату керек.

Қанша жаттықса да кениялықтар Қазақстанда үлкен қашықтыққа жүгірмейді. Оған жердің ерекшелігі мен ауа райының құбылмалы болуы себеп. Дегенмен, бізде «қысқа қашықтықтарға шығуға қолайлы жағдай жасалған», - дейді олар. Кеннет Кипиего өз елінде қазақстандық спортшыларды дайындап жүргенін айта кетті.

Кеннет Кипиего, жаттықтырушы:

- Гүлжанат Жанатбек деген қазақстандық спортшы қазір Кенияда. Мен оны сол жақта жаттықтырамын. Оны үлкен жарыстарға дайындап, спорттық жетістіктерін еселейміз деген үміттемін. Жалпы Кениядағы оқу-жаттығу орталықтарының есігі қазақстандық спортшылар үшін әрдайым ашық.

Алдағы үлкен дүбірлі додалардың бірі - Токио Олимпиадасы. Әлемдік сайысқа кениялық атлеттер Қазақстан туын көтеріп бара ма жоқ па? Әлі белгісіз. Бұл тек Халықаралық олимпиада комитетінің шешіміне байланысты.

Түпнұсқасы: https://24.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер