ҚПЛ. Қонақтар үстемдік құрған тур

ҚПЛ. Қонақтар үстемдік құрған тур
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан Премьер-Лигасының 22-тур матчтары аяқталды. Бірде-бір тең нәтиже тіркелмеді. Барлық ойындар қонақтардың пайдасына шешілді.

Сенбі күні «Қайсар» қонақта Тигран Барсегянның хет-тригінің арқасында «Атырауды» 3:1 есебімен тізе бүктірді. «Жетісу» әдемі комбинация ұйымдастырып, оған Мартин Тошев нәтижелі нүкте қойып, сырт алаңда «Оқжетпесті» жеңді.

Жексенбі күні тағы төрт кездесу өтті. «Тобыл», «Астана», «Қайрат» және «Ордабасы» түзде ойнады.

«Тараз» – «Қайрат» 0:1 (0:0)

Гол: Бауыржан Исламхан 83(пенальтиден)

«Қайраттың» Таразда ойыны мүлдем жүрмеді. Анда-санда ұйымдастырылған шабуылдарда Адерсинола Эсеола мүлт кетіп жатты. Вахид Масудов жігіттері де Стас Покатиловтың жиі мазасын алды. Эсеола өзі гол соқпаса да, командасына пенальти алып берді. Он бір метрден Тараз футболының түлегі Бауыржан Исламхан қателеспеді. Үш ұпайды қоржынға салған «Қайрат» кестеде үшінші орында тұр. Жамбылдықтар тоғызыншы сатыда.

«Ертіс» – «Тобыл» 0:2 (0:0)

Голдар: Бауыржан Тұрысбек 59, Максим Федин 75

Қостанайлықтар көш түзеп келе жатқан секілді. Нұрбол Жұмасқалиев ұстаздық ететін ұжым қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Әрине, «Атырау» да, «Ертіс» те ҚПЛ-дың аутсайдерлері. Әйткенмен, жеңістің аты - жеңіс. Өткен айда сынның астында қалған футболшылар үшін әрбір үш ұпай өздеріне деген сенімділікті арттыра түседі. Павлодардағы матчта Бауыржан Тұрысбек гол соқты. Қазақстандық шабуылшы чемпионатта маусым айының ортасынан бері қарсылас қақпасының кілтін таба алмай жүрген еді.

«Тобыл» әлі де болсын бірінші орында. «Астана» мен «Қайрат» бір ұпай артта. «Ертіс» 11-ші орыннан қозғалмады.

«Шахтер» – «Ордабасы» 1:2 (0:0)

Голдар: Еркебұлан Нұрғалиев 59 - Алексей Щеткин 30, Мияд Механович 51

«Ордабасының» Қарағандыдағы жеңісін сенсацияға балауға болады. Себебі, «кеншілер» өткен турда «Астананың» қалпағын қайырды. Оған қоса, өз алаңында өткізген соңғы үш матчта жеңіске жетті. Кахабер Цхададзе шәкірттерін «Шахтерға» қарсы жақсы дайындапты. Шымкенттіктер қарсыластың әрбір қателігі үшін жазалап отырды. Екі доп соғып алды. Алаң қожайындары бір голмен ғана жауап қата алды.

Осы жеңілістен кейін «Шахтер» алтыншы орындағы «Жетісуды» бес ұпайға алға жіберіп алды. «Ордабасы» төртінші орында. Бір саты жоғары тұрған «Қайраттан» төрт ұпай кем жинаған.

«Ақтөбе» – «Астана» 2:3 (0:1)

Голдар: Абат Айымбетов 56, 83 - Иван Маевский 8, Ринар Сигурьонссон 53, Роман Мұртазаев 86

«Астанамен» болатын матч алдында «Ақтөбе» жанкүйерлері үшін қуанышты жағдай орын алды. Маркос Пиззели алғашқы минуттардан алаңға шығатын болды. Алайда, «Астана» жылдам гол соғып, есеп ашты. Бірінші таймда таблодағы көрсеткіш өзгермеді. Ел чемпиондарының екінші голынан кейін матчта интрига жоқ секілді көрінген. Бірақ, клуб қандай жағдайда болмасын, ақтөбелік футболшылар қайсарлық танытады. Ойын бар, мінез бар, бапкердің қолтаңбасы бар. Тым болмаса бір ұпай алу үшін «Ақтөбеге» талай матчтарда тәжірбие жетіспей жатты.Абат Айымбетов қос доп соғып, есепті теңестірді. Басқа команда болған есіңгіреген «Астанаға» ес жиғызбаушы еді. Әйткенмен, қонақтар жеңісті жұлып әкетті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер