«Астана» плэй-офф кезеңіне бір қадам жақын

«Астана» плэй-офф кезеңіне бір қадам жақын
news-banner7
mobile-news-top

Елордалық «Астана» УЕФА Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңін сенімді жеңіспен бастады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Өткен кезеңде андорралық «Санта-Коломамен» біраз арпалысқан «Астана», «Валлеттаға» қарсы матчты белсенді бастады. Сол «Санта-Коломаны» жалғыз өзі артта қалдырған Марин Томасов бұл жолы негізгі құрамнан орын алды. Хорватиялық футболшы үйреншікті оң қапталына жайғасты. Әйткенмен, елордалықтардың алғашқы голы сол қапталдан соғылды. Румыниялық Дорин Ротариу қапталмен жүйткіп барып, дәл пасымен айып алаңнын ортасындағы Рунар Сигурьонссонды тапты. Ал, исландиялық мүлт кеткен жоқ. Екінші гол да көп күттірмеді. Бұл жолы Рунар айып соққысан кейін Юрий Логвиненкоға әуелете пас берді. Жартылай қорғаушы баспен дәл соққы бағыттап, есепті еселеді.

Қонақтардың «Астананың» деңгейіндегі команда емес екені ойын басынан байқалған еді. Екі гол өткізіп алған соң да, мальталықтар тұшымды шабуылдар ұйымдастыра алмады. Роман Григорчук шәкірттері басымдылықты бермеді. «Валлетта» төмен деңгейлі команда екенін Томасов гол соққан кезде тағы да көрсетті. Дмитрий Шомко өз жарты алаңынан ауттан қолымен хорватиялыққа лақтыра салды. Ал, Марин қарсыласы айып алаңының жанында елеусіз тұрған еді. Қорғаушылар оны жабуды ұмытты. Шебер Томасов қақпашымен бірге-бір шығып, допты үстінен асыра салды. 3:0.

Екінші тайм оныншы минутынан асқан тұста алаң иелері төртінші допты соқты. Ротариу мен Сигурьонссон матчтағы алғашқы голдың сценарийін қайталады. Рунар дубль авторы атанды. Осыдан кейін «Астана» арқаны кеңге салды. Соны пайдаланып «Валлеттаның» ең қауіпті ойыншысы Марио Фонтанелла, Ненад Эрич қақпасынан саңылау тауып кетті. Дегенмен, Қазақстан чемпиондары тыңнан қосылған Рангела Янганың арқасында Анри Бонеллоның иелігіне бесінші допты тоғытып, матч нүктесін қойды.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 15 тамыз күні Мальтада өтеді.

Еуропа лигасы-2019/20. 3-іріктеу кезеңі. Бірінші матч

«Астана» – «Валлетта» 5:1 (3:0)

Голдар: Сигурьонссон 8, 57, Логвиненко 15, Томасов 35, Янга 80 – Фонтанелла 67

«Астана»: Эрич (Қ, К), Рукавина, Шимунович, Постников, Шомко, Логвиненко, Маевский (Перцух 63), Сигурьонссон, Ротариу (Муртазаев 87), Мубеле (Янга 63), Томасов.

«Валлетта»: Бонелло (Қ), Камиллери, Борг, Пенья, Зерафа, Пакер (Пичолло 78), Мускат, Юри, Фонтанелла, Нвоко (Димек 61), Тулимьери (Пьюлис 61).

8 тамыз. Нұр-Сұлтан. «Астана Арена».

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер