ММА

Қазақстан құрамасы аралас жекпе-жектен толағай табыстарға қол жеткізді

Қазақстан құрамасы аралас жекпе-жектен толағай табыстарға қол жеткізді
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстанның аралас жекпе-жектен (ММА) жасөспірімдер құрамасы Италияның Рим қаласында өткен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы әлем чемпионатында төрт күміс, төрт қола жүлдеге ие болып, осыған дейін еліміздің ММА тарихында болмаған нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Аталмыш чемпионатқа әлемнің 25 елінен 12-18 жас аралығындағы 253 спортшы қатысты.

Мұндай чемпионат әлемде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. IMMAF Президенті Керрит Браунның (Kerrith Brown) айтуынша, Рим аренасында болашақ ММА элиталары жиналды. «Егер біздің спорт түрі болашақта олимпиада ойындарының бағдарламасына қосылса, онда бүгінгі жарысқа қатысқан көптеген ұл-қыздар сол олимпиаданың жеңімпаздары атанары сөзсіз», - деді К. Браун.

Қазақстандық 22 спортшыны құраманың бас бапкеры Алмат Есентаев бастап барды. Бір күндік турнир нәтижесінде біздің жасөспірімдер 8 дүркін марапатталды.

- Мен биылғы көрсеткен нәтижені ел тарихында болған айтулы оқиғаның бірі деп санаймын. Біздің спортшылар барлық жекпе-жекте жоғары нәтиже көрсетіп, өздерінің осал еместігін дәлелдеп, жоғары жетістіктерге жетті. Жарыс кестесі өте тығыз жасалған екен, құраманың әр мүшесі бірнеше сағат ішінде үш-төрт жекпе-жек өткізді. Ал бізге АҚШ, Ресей, Австралия, Бахрейн, Германия және т.б. әлемнің үздік миксфайтерлері қарсы тұрды. Біз барлық алпауыт елдердің спортшыларын ойсырата жеңгенімізді мақтан етеміз. Алда бізді жаңа жарыстар мен жаңа белестер күтіп отыр, - деп атап өтті Қазақстанның аралас жекпе-жек федерациясының бас директоры Валихан Тен.

Бұл чемпионаттың ерекшелігі IMMAF-WMMAA біріккен халықаралық федерациясы үшін алғаш рет өткізіліп отырғанында емес. Мұның маңыздылығы - медициналық сарапшылар мен жаттықтырушылардың ұсынымдарына сәйкес олардың физиологиялық дамуын ескеретін жасөспірімдер үшін жаңа бірыңғай ережелер қолданысқа енгізілгені. Ары қарай IMMAF желісі бойынша барлық жарыстар осы ережелер бойынша өткізіледі.

18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ММА бойынша Әлем Чемпионатының жүлдегерлері:

Қыздар:

Динара Аяпова (52,2) - үшінші орын;

Тоқтар Дильназ (61.2) – үшінші орын;

Карина Сисенова (61.2) - екінші орын;

Гүлмира Азатбек (65.8) - екінші орын.

Ұлдар:

Данил Губин (83.9– - екінші орын;

Елжан Әлжанов (83,9) - үшінші орын;

Нұржан Қарасаев (93) – үшінші орын;

Диас Тлемис (120) – екінші орын.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың 24 желтоқсанында Қазақстанда жаңа құрылым - «Аралас жекпе-жектен (ММА) біріккен Қазақстан федерациясы» РҚБ құрылған болатын. Оның құрамына Қазақстан аралас жекпе-жек (ММА) федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион және грэпплинг ұлттық Федерациясы және NOMAD ММА федерациясы кіреді. Жаңа ұйымды Ғалымжан Есенов басқарады. Ал, бас директоры - Валихан Тен. Республикалық бірлестік Кәрім Мәсімов басқаратын Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының қамқорлығымен жұмыс істейді. Бұл ассоциация төрт бағытты дамытады: карате, жекпе-жек, толық байланыстағы спорт түрлері және аралас жекпе-жек (ММА).

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер