Дзюдо

Нұрбек Мықтыбеков: «Қазақстан дзюдосы қарыштап дамуда»

Нұрбек Мықтыбеков: «Қазақстан дзюдосы қарыштап дамуда»
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер мен жастар құрамасы Тайпэйде өткен құрлық біріншілігіне қатысып қайтты. Нәтиже көңіл көншіте ме? Кімдерден үміт күттік, қай спортшы өз деңгейінде белдесе алмады? Осындай сұрақтарды команда жаттықтырушыларының бірі, Кәркен Ахметов атындағы республикалық мамандандырылған спорт мектеп-интернаты (Дзюдо академиясы) маманы Нұрбек Мықтыбековке қойған едік

- Нұрбек, кейінгі кезде елде дзюдо спортына деген қызығушылық артып келе жатқандай...

- Еліміздің әр түкпірінде дзюдо спортына 5 жастан бастап бүлдіршіндерін жетелеп келетін ата-аналарға қарап жаның сүйсінеді. Солармен әңгімелесе қалсаң, дзюдоның ішкі әлемі, эстетикасы, өзіндік мәдениеті қызықтырады екен. Бұл дегеніңіз - қазіргі кезде халқымыз балаларын жай ғана спортқа баулып қоймай, сонымен қатар, мәдениетті болашақ қалыптастырып жатыр.

- Дзюдошы болу трендке айналып бара жатқан жоқ па?

- Ол да мүмкін. Трендке айналса да, жаман болмайтын шығармыз. Спортшының көп болғаны, бәсекелестікке жол ашады. Бәсекелестік бар жерде жақсы нәтиженің көп күттірмей келетіні анық. Спортшылардың көздерінде от бар. Жақында ғана Тайпэйде өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына барған дзюдошылар еліміздің атақ-даңқын аспандатып келді. Олардың бірнешеуі біздің академиядан. Нәтиже қуантады.

- Сары құрлықтың жастар арасындағы басты жарысына тоқталсақ. Кімдер үмітті ақтады?

- Жалпы екі құрама да сәтті қатысып келді. Жасөспірімдер құрамасы ешкімге шыдас бермей, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алса, жастар құрамасы 3-орыннан көрінді. Академиядан 5 дзюдошы жасөспірімдер, енді бесеуі жастар командасы сапында болды. 10 спортшының сегізі жүлдемен қайтты. Олар кім десеңіз, жасөспірімдер арасында Тілеген Тынарбай 66 келіде алтын медаль иегері атанса, Аслан Лес, Аружан Ережепова және Карина Такиевалар қолаға қол созды. Ал жастар арасында Ақжол Қайыпхан күміс жүлдеге ие болса, 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы олимпиада чемпионы Бекарыс Сәдуақас, Айбар Мұқышев, Саера Мырзахметовалар қола жүлде ұтып алды.

- Турнирде әттеген-ай дейтін тұс болды ма?

- Әрине. Мұндай додаларда шәкіртіңнің әр сәтсіздігіне жаның ауырады. Жастар арасында алтын әкеледі-ау деген Болат Біләл атты оқушымыз қателіктің кесірінен жүлдеге іліне алмады. Құрамадағы бірден-бір чемпиондыққа үміткер саналған спортшымыз еді. Еуропада өткен турнирлерде талай рет жүлдегер атанып, рейтингте жоғары орында тұрған көшбасшымыздың нәтижесі біраз жабырқатып тастады. Жасөспірімдер арасында Даяна Талғат деген талантты дзюдошымыз да қателігі себебінен жүлденің ауылынан тыс қалды. Дегенмен жалпы нәтиже көңіл көншітеді. Тағы бір айта кетерлігі, Қажымұқан атындағы республикалық спорт колледжінің жаттықтырушысы Нұрбол Сүлейменнің шәкірттері де алтын, күміс және қола медальдарды еншіледі.

- Бекарыс Сәдуақас та жоғары сынамалы жүлдеге үміткер болған шығар?

- Иә. Бекарыстың да алтын алатын жөні болған. Әр нәрсенің бір қайыры бар ғой. Бәлкім әлем чемпионатының қарсаңында бұл да дұрыс болған шығар. Себебі, спортшылар қателіктен сабақ алады. Алда үлкен додада дұрыстап белдесер деп үміттеніп отырмыз.

- Алда болатын әлем чемпионаттары туралы не айтасыз?

- Жастар арасындағы әлем чемпионаты Мароккода, жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі Алматыда өтеді. Қос құрамамыз да жақсы жетістіктерімен қуантуы тиіс. Бәрі Алланың қалауымен болмақ.

- Қай құрамалар мықты қазір? Жапонияны қоспай-ақ қойыңыз...

- Әлем бойынша бәсекелестік өте күшті. Азияның өзінде бұрын Иран, Үндістан және Тайпэй командаларының деңгейі өте төмен болатын. Қазір өте мықты. Көршілес Қырғызстанды айта кеткім келеді. Дзюдосы дұрыс жолмен дамып жатыр. Құрлықта мықты ұжымдардың көп болғаны бізге жақсы. Бәсекелестік болғанда ғана спортымыз дамиды.

- Нұрбек, әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мадияр Арстанбаев

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер