Еркін күрес

Снайдер, Садулаев, Гацалов... Кім әлем чемпионы болады

Снайдер, Садулаев, Гацалов... Кім әлем чемпионы болады
news-banner7
mobile-news-top

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет грек-рим, еркін және әйелдер күресінен лицензиялық әлем чемпионаты өтетіні қалың жұртқа мәлім.

«Күрес десе ішкен асын жерге қоятын» спорт жанашырлары бұл дүбірлі доданы асыға күтіп отыр. Әлемнің түкпір – түкпірінен жарыс көркін қыздыру үшін мыңдаған палуан келмек. Кез келген салмақта бірнеше көшбасшы бар. Дей тұрғанмен күрес жанкүйерлерінің асыға күтіп отырған белдесуі - Садулаев пен Снайдер арасындағы теке-тірес. Күрес жанкүйерлері оны техника мен физика, дағыстандық күрес мектебі мен америкалық күрес мектебінің айқасы деуде.

«Ресейлік танк» пен «америкалық вундеркиндтің» соңғы белдесуін Біріккен күрес әлемінің ютубтағы ресми арнасынан 100 мыңнан астам көрермендер тікелей эфирден тамашалаған. Ол - күрес тарихындағы жаңа рекорд. Ал қос балуанның үшінші кездесуін жанкүйерлер әлеуметтік желіде қызу талқылап, «жаға жыртысып» топтасып пікір таластыруда. Ендеше бұл кездесудің бәсі жоғары деуге толық негіз бар.

Тарихқа көз жүгіртсек, Абдулрашид Садулаев пен Кайл Снайдердің жолы екі рет әлем біріншілігінің финалында түйіскен екен. Парижде (2017 жыл) Кайл жеңісті соңғы секундтарда жұлып алса, бір жылдан соң Абдулрашид Будапешт төрінде есені қайтарған болатын. Көптен күткен кездесу не бәрі 70 секундта аяқталып, авар ұлтынан шыққан ресейлік балуан мықтылығын күллі әлемге мойындатқан еді.

«Мен бұл сәтті бір жыл күттім. Снайдер – лайықты қарсылас. Алайда, жарыс алдында ол менің бапкерлерімнің жұмысын сынға алып, маған тіл тигізді. Жартылай ауыр салмақта әлсіз екенімді, тіпті оны жеңе алмайтынымды айтты. Алайда, әр адам айтқан сөзіне жауап беру керек», - деп сұхбат берген еді Абдулрашид Садулаев жеңісті кездесуден соң.

Айта кетер жайт, аталмыш салмақтың бас жүлдесіне ресейлік Абдулрашид Садулаев пен Кайл Снайдер ғана таласады десек қатты қателескен болар едік. «Жыланды жетті кессең де кесірткелі һәлі бар» дегендей Реза Яздани, Асланбек Алборов және қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс, аты аңызға айналған Қажымұрат Гацаловтар да жарысқа көрермен ретінде келе жатпағаны белгілі.

Сөзсіз, Абдулрашид Садулаев пен Кайл Снайдер жарыстың қай кезеңінде жолықса да әлем чемпионатының басты кездесуі болатыны анық. Себебі ол жай ғана күрес мектептері мен даңқты балуандардың белдесуі ғана емес Ресей мен АҚШ-тың бәсекелестігі жасырылған теке-тірес десек артық айтқандық емес. Шын мықтыға тұсау жоқ. Садулаев та, Снайдер де жеңістің ең жоғарғы сатысынан көрінуге лайық палуандар. Ал шын мықты Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде анықталады.

97 келіге дейінгі салмақтағы басты фавориттердің бүгінгі күнге дейінгі нәтижелері:

Абдулрашид Садулаев (Ресей) - Олимпиада чемпионы (Рио-де-Жанейро 2016, 86 кг), үш дүркін әлем чемпионы (Ташкент-2014, Лас-Вегас-2015, Будапешт-2018), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Париж-2017), үш дүркін Еуропа чемпионы, екі дүркін Еуропа ойындарының жеңімпазы.

Кайл Снайдер (АҚШ) - Олимпиада чемпионы (Рио-де-Жанейро 2016, 97 кг), екі дүркін әлем чемпионы (Лас-Вегас-2015, Париж-2017), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Будапешт-2018), Панамерика чемпионы, Панамерика ойындарының жеңімпазы.

Қажымұрат Гацалов (Ресей, Армения) - Олимпиада чемпионы (Афина 2004), бес дүркін әлем чемпионы, екі дүркін әлем чемпионатының жүлдегері, үш д.ркін Еуропа чемпионы, үш дүркін әлем кубогының иегері.

Реза Яздани (Иран) - екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия және Азия ойындарының жеңімпазы.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер