Beautiful Football

Оян, «Астана!»

Оян, «Астана!»
news-banner7
mobile-news-top

Күні кеше Андорраның ортаңқол командасымен тең түскен «Астананың» ойыны жанкүйерлерді уайымдатып қойды.

Футбол - бір ғажап ойын ғой. Кімнің нақты жеңетінін ешқашан болжап біле алмайсың. Құрамында «Алтын доптың» бес дүркін иегері Месси мен Роналдуы бар «Барселона» мен «Ювентус» те талай әлсіздерге «жем» болған. Неміс мәшінесі «Баварияның» да БАТЭ-ге азуы батпаған кездер есте шығар. Фавориттердің сүрініп, әлсіздердің ұтып кетуі - заңдылық. Мұнсыз футбол қызық болмайтын да еді, букмекерлерін өмір сүрмейтін еді. Бірақ қайбірін алсаң да додасыз берілмеген. Не тепкен добы маңдайша мен бағананы ғана көздеп, қақпаға кірмей қояды, не қақпашы шеберлігін танытып, командасын жеңілістен аман алып қалады.

Ал Андоррада олай болған жоқ... Ел чемпиондарының сүреңсіз ойыны, кәсіпқой футболшылардың әуесқойларға қарсы 90 минут бойы қауқарсыз болғаны алаңдатады. «Астана» бұл ойында «Санта-Коломадан» екі көрсеткіш бойынша ғана басым болды: біріншісі - бұрыштан көтерген доп саны көп болса, екіншісі - «қалтасының» қалыңдығынан.

Жанкүйерлер арасында «Астананың» жылдық бюджеті 10 миллиард теңгені құрайды деген сөз бар. Ал андорралық команданың қаржысы Роман Григорчукқа үш-төрт айлық жалақасын беруге ғана жеткілікті.

«Астанаға» не жетпейтіні түсініксіз. Құрамында Қазақстандағы ең мықты футболшылар жиналған. Франция, Испания секілді деңгейі жоғары чемпионаттарда доп тепкен ойыншылары қоса бар. Бар жағдайы жасалған. Не ішем, не жеймін деп уайымдаудың өзі артық. Күзде ғана Украинаның үздігі «Динамо» қолқа түскен Роман Григорчук баптайды команданы. Сонда әуесқойларды жеңу үшін тағы не қажет болғаны?

Команданың нәтижесі үшін бірінші кезекте жаттықтырушы жауап беретіні хақ. Бұл жерде украиналық маманды сүттен ақ, судан таза деп айта алмаспыз. Өз қапталында үздік болған Дмитрий Шомконы алаңға шығармайтыны түсініксіз. Не себепті? Қосалқы құрамда ғана отырумен айлық алатын болса оны неге сатып жібермейді? Оған қоса Роман Григорчуктың ойын кезінде жоспарын өзгертуге тәуекелі жетпейтінін анық байқадық.

Еліміздегі ең бай клубтың бапкері де сәйкесінше ең көп жалақы алатыны сөзсіз. Сондықтан Роман Григорчукты сынауға, одан нәтиже күтуге құқылымыз.

Кезінде «Атлетико», «Галатасарай», «Селтик», «Спортинг» секілді азулы қарсыластарымен қорықпай ойнап, жеңісті бермеген, «Реннің» қақпасына жауапсыз екі гол соққан «Астананың» қазіргі қауқары Андорраның әуесқойларына жетпей тұр.

Қарымта матчта «Астананың» өз алаңында «Санта-Коломаға» мүмкіндік бермей, тас-талқанын шығарытынан сенеміз. Бірақ та солай болғанның өзінде ел чемпиондарының ойыны жанкүйерлерді уайымдатпай қоймайды.

Оян, «Астана!»

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер