Басқа

Ақтауов: Азия чемпионатында жеті келі салмақ қуу қиынға соқты

Ақтауов: Азия чемпионатында жеті келі салмақ қуу қиынға соқты
news-banner7
mobile-news-top

Каратеден Ташкентте өткен Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Андрей Ақтауов ел қоржынына жалғыз алтынды салды. Бұл Андрейдің құрлық біріншілігінде төртінші рет топ жаруы. Сары құрлықта қарсылас шыдатпаған спортшы турнир барысына шолу жасады.

«Азия чемпионатына Алматыдағы АІВА бокс академиясының базасында дайындалдық. Орта тау деңгейінде өткен жаттығу жиыны бізге жақсы әсер етті. Десе де, чемпионат қарсаңында жеті келідей салмақ қуғаным қиын соқты. Мен үшін ауыр кезең болды десем, артық емес. Қуанышқа орай, салмақ өлшеу рәсімі бір күн бұрын өтті де, жекпе-жектер басталғанша қалпыма келіп үлгердім», - дейді спортшы.

Андрей Ақтауов Ташкенттегі бәсекеде төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

«Алғашқы айналымда камбоджалық қарсыласымды 5:0 есебімен ұттым. Екінші кездесуде ирандық спортшыны 1:0 есебімен жеңіп, жартылай финалда Малайзия өкілінен 2:1 есебімен басым түстім. Ал ақтық сында мені ежелгі қарсыласым, Сауд Арабиялық Әл-Шарби Абдулла күтіп тұрды. Шынымды айтсам, финалда жеңіске жету соншалықты қиын болған жоқ. Өйткені, Абдулламен талай мәрте кездескенмін. Азия ойындары мен ірі халықаралық сындарда жолымыз бірнеше рет түйіскен. Оның айтарлықтай өзгере қоймаған мәнері маған жақсы таныс. Сол себепті, еш қиындық туындаған жоқ. Осылайша, төрт дүркін Азия чемпионы атандым. Ал командалық есепте Қазақстан Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Иран және Жапонияға жол беріп, бесінші орын алды», - дейді Андрей.

55 келіде бақ сынайтын Андрейдің мақсаты – Олимпиадаға қатысу. Десе де, оның рейтингтегі ұпайы әлдеқайда аз.

«2017 жылы өз еліміздегі Азия чемпионатынан соң жарақат алып, бір жыл бойы жарысқа қатыспадым. Сол бір жылдың өтеуі маған қиынға соғып тұр. Өйткені, ірі рейтингілік турнирлерден сырт қалып, олимпиадалық рейтингте құлдырап кеттім. Көп ұпай жоғалттым. Әрине, ұпай жинап, Олимпиадаға баруды мақсат еттім. Өкініштісі сол, 55 келіде жиған ұпайлар олимпиадалық рейтингте есепке алынбайды. Жарақатымнан 100 пайыз айықтым. Енді бар күшімді жаттығуға саламын. Қыркүйекте Премьер-лига турнирі өтеді. Бірақ ол сынға да қатыса алмаймын. Себебі, аталған бәсекеге рейтингте алғашқы жүздіктің қатарына енгендер барады. Бұйырса А сериясы аясындағы турнирлерге дайындаламын», - дейді ол.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер