Асланбек Кәкімов: Туған қаламыздың абыройы үшін барымызды саламыз

Асланбек Кәкімов: Туған қаламыздың абыройы үшін барымызды саламыз
news-banner7
mobile-news-top

«Ақтөбе» футбол клубының жетекші футболшыларының бірі Асланбек Кәкімов Prosports.kz тілшісіне осы маусымдағы ойыны жайлы, жанкүйерлер мен құрамаға шақыртылмауы туралы айтып берді.

- Асланбек, былтыр бір маусымда үш голдың авторы атандың. Ал соңғы өткізген үш матчта үш доп соқтың. Прогресс көзге көрініп тұрған секілді?

- Әрине, алға жылжу бар. «Гол+пас» cтатистикасына қарайтын болсақ, қазірдің өзінде өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Соғылған голдар, берілген нәтижелі пастар - командалық жұмыстың арқасы.

- «Ақтөбеде» жанкешті мінез бар. Оған, әсіресе, соңғы ойындар айқын дәлел. Әйткенмен, команда жиі бірінші болып гол өткізіп алады. Себебі неде деп ойлайсың?

- Біз қай командаға қарсы ойнасақ та, көп шабуылдауға тырысамыз. Қақпамызға соғылған голдардың көбі қарымта шабуылдан келеді. Командада жас футболшылар көп. Оларға ойынға бірден сіңісіп кету қиынырақ. Кейбір жерлерде тәжірбие жетіспейтін секілді. Бәрі уақытымен келеді деп ойлаймын.

- Жанкүйер жинаудан «Қобыланды батыр» стадионына ҚПЛ-да ешбір команда теңесе алмайды. Жаман айтпай, жақсы жоқ, команда Бірінші лигаға түсіп қалса, стадионға келетін жанкүйерлер саны азаймай ма?

- Қазақстандағы ең мықты жанкүйерлер Ақтөбеде екені барлығына белгілі. Ойлаңыз, команда соңғы орында келе жатыр. Бірақ әр матчтағы қолдаудың кереметтігі қандай. Өте мықты. Матч барысында жеңістен басқаны ойламайсың. Команда қайда және қандай деңгейде болмасын, «Ақтөбе» жанкүйерлердің қолдауынсыз қалмайды. Оған күмәнім жоқ.

- Турнирлік кестеде 10-орындағы «Атыраудан» 14 ұпай қалып тұрсыздар. Шындыққа тура қарасақ, қуып жету қаншалықты мүмкін?

- Мойындаймыз, қуып жету өте қиын. Бірақ, мүмкін емес деп айта алмаймын. Үмітсіз - шайтан демекші, соңына дейін таласамыз. Жан аяп қалмаймыз. Оның үстіне командада жергілікті футболшылар көп. Сондықтан, туған қаламыздың абыройын түсірмеу үшін барымызды саламыз.

- Осы маусымдағы ойының керемет. Ұлттық құрама бапкерлеріне «елемей жүр» деген реніш жоқ па?

- Реніш жоқ. Шақырылмаудың себебін өзімнен ғана іздеймін. Тынбай еңбектену керек. Әлі де жұмыс көп. Оған қоса, осы жылы жоғарғы деңгейдегі қазақ ойыншылары өте көп. Ойынымды тағы да жақсартып, ұлттық құрамаға шақыртылуға лайықты болуға тырысамын.

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер