Дзюдо

Елдос Жұмақанов: Өзіме тым сенімді болдым

Елдос Жұмақанов: Өзіме тым сенімді болдым
news-banner7
mobile-news-top

Венгрияның Будапешт қаласында өткен Гран-при турнирінде Елдос Жұмақанов күміс жүлдеге ие болды. Ақтық кездесуге дейін қарсылас шақ келтірмеген балуанымыз соңғы белдесуде моңғол спортшысы Ганболт Херленге есе жіберді.

Жарыстан соң Елдос Жұмақанов Prosports.kz тілшісіне жеңілісінің себебін түсіндіріп, әлем чемпионаты дайындығымен бөлісті.

- Гран Приге дайындығыңыз қалай болды?

- Дайындығымыз жақсы өтті деп айта аламын. Бұл негізі Гран При жарысын Токиода өтетін әлем чемпионатына дайындық деп санауға болады. Жоспарда болған турнир. Тауда өткен оқу-жаттығу жиынынан кейін бір жарысқа қатысып, татамидің сезімін жоғалтпауымыз қажет болды.

- Жарыс алдында алтын аламын деген мақсат болды ма?

- Әрине, барлығында алтын алуға деген ынта болды. Бірақ бабымызға қарай құдайдың бұйыртқаны болды.

- Гран Придің финалына екінші мәрте шықтыңыз. Біріншісінде алтын алған едіңіз, бұл жолы моңғол дзюдошысына есе жібердіңіз. Ақтық кездесуде қандай қателік болды деп ойлайсыз?

- Ақтық кездесуде моңғол палуаны Ганболт Херленмен белдестім. Күресіп жатқанда қарсыласымды таза тастаймын деген ой болды. Татамиде өзіме қатты сенімді болғанның кесірінен ұтылып қалдым. Моңғол балуанының шаршағанын көріп алға қарай баса бердім. Қолда тұрған алтын еді. Бұйырғаны күміс болды.

- Алда қандай маңызды жарыстар күтіп тұр?

- Тамыз айында Токиода әлем чемпионаты өтеді. Соған дайындықты бастаймыз. Жалпы Олимпиадаға дейін жарыстарымыз көп. Сол себепті рейтингіні көтеру қажет. Биылғы жылдың ең басты додасы - әлем чемпионаты. Бар ойымыз енді сол жақта.

- Азия чемпионатында иығыңызды жарақаттап алған болатынсыз. Қазір денсаулығын қалай? Жарақатыңыз мазалап жүрген жоқ па?

- Жоқ. Жарақатымнан толық айықтым. Қазір жарақатым мазалауын қойды.

- 66 келіге дейінгі салмақта Ерлан Серікжанов екеуіңіз өнер көрсетесіздер. Бір салмақта екі мықтының бірге болуы бәсекелестікке әкеп соқтырмай ма?

- Бәсекенің болғаны жақсы. Өз ойым, осы бәсекелестік Олимпиадаға дейін жалғасса екен. Мықты бәсеке болар еді. Әрдайым босамай, кез келген жарысқа дайын жүресің.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
0
Пікірлер