Күрес

Балуандар 17 медаль олжалады

news-banner7
mobile-news-top

Күрес түрлерінен кадеттер арасындағы Азия біріншілігі мәреге жетті. Қыркүйекте ересектер арасында өтетін әлем чемпионаты алдында, тест режімінде өткен байрақты бәсекеде балуандарымыз 17 медаль жеңіп алды.

Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастады. Бозкілемде асқан шеберлік танытып, қарсы келгендердің барлығын бет қаратпай ұтқан Саматбек Ізімғали (45 келі) мен Нұртас Қыдырбай (110 келі) бас жүлдені иеленді. Финалдық сайыста ғана қарсыласына есе жіберген Ерасыл Дəулетбек (48 келі) күміспен күптелсе, Ера­сыл Кенғанов (55 келі) пен Исхар Кұрбаев (51 келі) қолаға қол созды.

Екінші жарыс күнінде қазақстандықтар үш медаль жеңіп алды. Грек-рим күресінен Мақсат Сайлау (80 келі) қырғызстандық қарсыласын жеңіп, Азия чемпионы атанса, Дінмұхаммед Қошқаров (65 келі) финалда ирандық Резе Хожатқа есе жіберіп, күміс еншіледі. Өкінішке қарай, Денис Пилипенко (71 келі) қола үшін өткен күресте өзбекстандық спортшыға есе жіберді. Қыздар арасында сынға түскен Алтын Шағаева финалда жапондық ару Мако Унодан ұтылып, күмісті қанағат тұтты.

Құрлықтық чемпионаттың соңғы екі күнінде еркін күрес балуан­дары сегіз медаль жеңіп алды. Нұрдәулет Базарбаев (48 келі), Бекзат Аманғали (80 келі) және Ислам Тагиров (100 келі) фи­налдық бәсекеде қарсыластарына есе жіберіп, біріншіліктің күміс жүлдесін иеленсе, Мерей Базарбаев (51 келі), Ақниет Төле­генов (60 келі), Олжас Олжақанов (65 келі), Нұрдәулет Қуаныш­бай (71 келі) және Бекзат Тәжі (92 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.

Айта кетейік, алдағы қыркүйек айының 14-22 аралығында елорда төрінде күрес түрлерінен 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беруші әлем чемпионаты өтеді.

Түпнұсқасы: egemen.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер