русский язык
Велоспорт

Александр Винокуров: «Бір айтарым, бұл қызғаныштан туындаған нәрсе»

Александр Винокуров: «Бір айтарым, бұл қызғаныштан туындаған нәрсе»

Александр Винокуров өзіне тағылған айыпты көреалмаушылық деп атады, деп мәлімдейді КТК арнасы.

Александр Винокуровтың басы даудан арылар емес. Еуропалық басылымдар қазір қазақ спортшысына қатысты тағы бір істің қозғалғанын жарыса жазып жатыр. Тіпті Бельгиядағы «Sudinfo.be» сайтының хабарлауынша, таяуда сот процесі де басталуы мүмкін екен. Нақтыласақ, «Астана» командасының жетекшісіне бұл жолы 2010 жылғы Льеж-Бастонь-Льеж велотурындағы жеңісін сатып алды деген айып тағылған. Ол Ресейлік әріптесі Александр Колобневке 150 мың еуро көлемінде пара берген көрінеді. Бірақ Винокуровтың өзі айыптың барлығын еуропалықтардың көре алмаушылығынан туындаған мәселе деп отыр. 

2010 жылы Бельгияда өткен Льеж-Бастонь-Льеж турында отандасымыз Александр Винокуров дәл осылай жеңіске жеткен еді. Ол кезде ресейлік қарсыласы Александр Колобневты небәрі 48 секундқа артқа қалдырды. Бірақ бұл жеңіс қазақ шабандозының басына бақтан гөрі, бәлені көп әкелгендей. Өйткені осыдан кейін Еуропа басылымдары «Винокуров жеңісті сатып алыпты» деген ақпарат таратып, әлемді дүрліктірді. Тек Халықаралық велошабандоздар одағы араға кірісіп, шу 2012 жылы доғарылғандай еді.  

Енді, міне, арада 4 жыл өткенде бельгиялықтар ескі жараның бетін қайта тырнап отыр. Ондағы басылымдардың бірі Винокуровтың ісі сотқа жетуі мүмкін екенін жазған.

- Александр Винокуров Льеждегі сайыс кезінде бірінші орын алу үшін Александр Колобневке 150 мың еуро көлемінде пара берген. Қазір істі қарауға кіріскен Бельгия соты Филипп Ричард екі спортшыны да қатарынан жауапқа тартуды ұйғарып отыр.  

Сондай-ақ, «жеңісті сатты» деген айыппен 33 жастағы Александр Колобнев те сотқа тартылмақ көрінеді. Тіпті прокурорлардың қолында сол кезде жасалған келісімге қатысты айғақ та бар деседі. Онда «Астана» клубының жетекшісі «Катюша» командасы лидерінің банктегі шотына бір рет 100 мың, екінші реті 50 мың еуро салып, екі мәрте ақша аударыпты. Ақысына ресейлік спортшы қазақстандық қарсыласын алдына әдейі шығарып, бірінші болуына мүмкіндік жасаған. Бірақ осы шуға қатысты Винокуровтың өз уәжі бар. Айтуынша, бұл «Астана» командасының биылғы жеңісін күтпеген еуропалықтардың құйтырқы әрекеті болуы мүмкін.

Александр Винокуров, «Астана» велокомандасының бас менеджері:

- Егер нақты дәлелі болмаса, прокурорлардың баспасөз құралдарын көтеретін әдеті ғой. Әсіресе, Еуропаға тән қасиет. Қанша жала жапса да, бұл жеңіске әділ жолмен жеткенім анық. Сондықтан бұған қатысты әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Бір айтарым, бұл қызғаныштан туындаған нәрсе.

Бұл әлемдік велододаны бағындырған қазақ командасының лидеріне қатысты туындап отырған бірінші дау емес. 2007 жылы да «Тур де Франс» жарысында оған допинг қолданды деген кінә артылып, сары жейде иесі екі жылға сайыстан шеттетілген еді. Бірақ үзіліс оң әсерін беріп, 2012 жылы спортшы Лондонда өткен олипиада ойындарында алтынды алқалады. Ал әзірге бұл даудың немен аяқталары белгісіз. Қазір Бельгия прокурорлары істі сотқа жолдап жатыр. 

Ақпарат КТК арнасының ресми сайтынан алынды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;