русский язык
Футбол

Еуропа лигасы. «Астана» испандықтардың қарқынына төтеп бере алмады (ВИДЕО)

Еуропа лигасы. «Астана» испандықтардың қарқынына төтеп бере алмады (ВИДЕО)

Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде Астана қаласында жергілікті «Астана» клубы испаниялық «Вильярреалды» қабылдады.

«Астананың» алғашқы қауіпті соққысы 15-ші минутта жасалды. Фокси айып добын орындағаннан кейін Эсамме баспен допты қақпаға бағыттады, бірақ Асенхо өз орнынан табыла білді. Бірінші таймның орта тұсында елордалық футболшылар қауіпті шабуылмен көге түсті. Таңат Нөсербаев қақпа маңына еніп барып, Зелаоға пас асырғанымен, португалиялық ойыншы бос қақпаны тура дәлдей алмады. Қарымта шабуылға шыққан испандықтар «Астана» қақпасынан саңылау тапты. Қақпа маңындағы қарбаласта «Вильярреал» футболшысы Кане ұрымтал сәтті пайдаланып, Эричті қара жерге қаратып кетті. Кезекті шабуылдың бірінде Черышев бағын сынап көрді, алайда оған сәл дәлдік жетіспеді. Алғашқы таймның аяғына қарай қос команда бір-бір соққымен алмасты. Алаң иелері сапынан Шомко соққы жасаса, қарсыластан Дос Сантос қауіпті соққысымен есте қалды.

Екінші тайм бастала салып, испандықтар «Астана» қақпасын екінші мәрте дәл көздеді. Тригерос сол қапталмен сытылып өтіп, Дос Сантосты қақпашымен жеке дара шығарды. Мексикалық футболшы бұл сәтте Эричті қапы қалдырды. Он минут өтісімен елордалықтар бір қорғаушысынан айырыып, алаңда он ойыншымен қалды. Аничич «Вильярреал» футболшысына қарсы ереже бұзып, қызыл қағаз алды. Алаңға тыңнан шыққан Виетте есепті еселеп кете жаздады. Бос қақпаны көздеп көргенімен, оған дәлдік жетіспеді. 79-ші минутта Твумаси қауіпті соққы жасады, оның тепкен добы қақпадан қиыс кетті. Қарымта шабуылға шыққан испандықтар қауіпті ұмтылыс жасады. Эспиноцаның бағыттаған добын Эрич қайтара білді. Екінші деммен қайта басталған шабуылда Марио таблодағы есепті 3:0-ге жеткізді. Алаң иелері бір гол болса да соғуға ниетті еді. Соңғы шабуылда елордалық футболшылардың есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндігі болды. Жуковтың берген пасынан кейін Твумасы жүз пайыздық мүмкіндігін пайдалана алған жоқ. Осылайша, плей-офф сатысының алғашқы матчында «Астана»  өз алаңында ірі есеппен жеңілді.

 

Еуропа лигасы. Плей-офф. Бірінші матч

«Астана» (Қазақстан) - «Вильярреал» (Испания) 0:3 (0:1)

Голдар:  Кани 32, дос Сантос 48, Гаспар 85

 «Астана»: Эрич, Аничич, Бейсебеков, Постников, Фокси, Нөсербаев (к), Жуков, Эссаме, Шомко, Каньяс, Джолчиев;
«Вильярреал»: Асенхо, Гаспар, Мусаккио, Хауме, Паулиста, Кани, Черышев, Сориано (к), Ичечукву, Джованни дос Сантос, Тригерос.

21 тамыз 2014 жыл. Астана қаласы. «Астана Арена стадионы»

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;