Басқа

Көктөбеде түсіріліп, желіні жарған вингсьюттың видеосы жалғасын тапты

news-banner7
mobile-news-top

Әуе акробаттарының Red Bull Skydive Team халықаралық командасы Үлкен Алматы көлінің үстіне екінші рет самғады. Атлеттер оңтүстік-шығыс тұсында 4 000 метр биіктікте ұшқан АН-2 ұшағынан секірді. Олар еркін құстай самғап, айдынның арғы жағына түсті. Бұл 2019 жылғы 21 маусымда болған оқиға.

Содан екі күн бұрын Марко Вальтеншпиль, Марко Фюрст және Даниэль Дэ Ла Бланка Көктөбе телемұнарасынан вингсьютпен секірген болатын. Атлеттер 220 м биіктікте телемұнарадан 10 метр арыдан айналып өтіп, сол маңайдағы жотаға қонған. Шара Visit Almaty, Алматы қаласы Әкімдігі және Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Red Bull Skydive Team – халықаралық команда. Марко Вальтеншпиль мен Марко Фюрст Аустрияда тұрады, ал Даниэль Дэ Ла Бланка – испаниялық. 2012 жылы құрылған команданың құрамы тағы екі атлетпен толықты. Олардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласында 2017 жылы Орталық Азиядағы ең биік ғимараттың төбесінен секірген бейсджампқа қатысқан Макс Манов, екіншісі – Феликс Сайферт.

«Біз ай сайын бірге жаттығу өткіземіз. Сол үшін бәріміз бір қалаға жиналамыз. Скайдайвингтің барлық түрімен айналысамыз, әсіресе ұшуға көбірек мән береміз. Әр жаттығуда нақты мақсаттарға жетуге ұмтыламыз, команданың әр мүшесі сол мақсатқа жетудің ең тиімді жолдарын ойластырып, алдын ала дайындалады. Командаңның мүшелері самғау барысында қалай әрекет ететінін білудің маңызы зор. Өйткені еркін түсу кезінде сөйлесе алмайсың, сондықтан серіктеріңді тура өзің секілді білу қажет. Біздің кәсіпте өзгелерге деген сенім аса маңызды», - дейді Марко Вюрст.

Көктөбе мен ҮАК үстіндегі самғауға бір жарым ай дайындық жүргізілді. Дегенмен, ұшуға дейін кез келген минутта жоба тоқтатылуы мүмкін еді.

«Секіру-секірмеу негізінен жағдайға байланысты. Біз осы Алматыдағы секілді, жобаға дайындалғанда, ауа райы, жел және басқа да факторларды ескереміз. Біз ауаға көтерілгенге дейін шешім қабылдаймыз. Бүгінде әлемде скайдайвинг үшін жұрт пайдаланатын орындар көп. Жаңа орынды іздегенде, ол жерде тау бар ма, жоқ па – соған қараймыз немесе секіретіндей тағы бірдеңелер іздейміз. Мұндағы секілді жобаларға басқаларынан да мұқият дайындалу қажет. Өйткені Көктөбе мен Үлкен Алматы көлі өзге орындардан ерекше. Бұлардың орналасқан жері тамаша!», - деп түйді Вюрст.

Скайдайверлердің айтуынша, олар әлемнің түрлі нүктелерінде түрлі жобаларға әзірленіп отыр. Қысқа қарай жаңа жобаларға дайындалудың мүмкіндігі туады. Атап айтқанда, спортшылар Алматыда жаңа ауқымды жобаны іске асырмақ. Бірақ оның егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.

Төменде Көктөбе телемұнарасының алдында түсіріліп, желіні жарған атлеттер әрекетінен видео және фотолар.

Фото: Виктор Магдеев

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер