Бірінші лигада «Алтай» көш басында

news-banner7
mobile-news-top

Футболдан бірінші лига командалары арасында ХІ тур нәтижелері белгілі болды.

Осы турдағы орталық кездесулердің бірі Орал қаласындағы П.Атоян атындағы стадионда өтті. Өткен турда сырт алаңда «Алтайдан» 0:2 есебімен ұтылып қалған «Ақжайық» үшінші орында келе жатқан «Академия Оңтүстік» командасын қабылдады.

Оралдық маман Артур Авакянцтың шәкірттері бірден ойын тізгінін қолға алды. Бұл өз жемісін берді де. Бірінші тайм соңына таман батысқазақстандық жас футболшы Даниил Кочнев есеп ашты.

Екінші тайм тең жағдайда өтті. Ойын аяқталуға бес минут қалғанда, қонақтар таразы басын теңестірді. Дегенмен «Ақжайықтың» тісқаққан ойыншыларының бірі, хорватиялық Денис Главина тәжірибелі қорғаушы Руслан Қайыровтың тамаша пасынан кейін өз командасына жеңіс әперді - 2:1.

Екінші маңызды матч Петропавлда өтті. Жергілікті «Қызылжар» Ақтаудың «Каспийін» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде 22 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Ал Ақтөбеде «Ақтөбе-Жасты» 2:0 есебімен тізе бүктірген «Алтай» командасы 29 ұпай жинап, қалған клубтардан ұзай түсті. Семейліктер тоғыз матчта жеңіп, екі кездесуде тең ойнап, әлі күнге жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ.

«Каспий» 21 ұпаймен үздік үштікті түйіндесе, өз алаңында «Жетісу Б» командасын 2:0 есебімен қапы қалдырған Алматының «Қайрат-Жастары» (20 ұпай) төртінші орынға көтерілді. «Академик Оңтүстік» пен «Ақжайық» 19 ұпаймен бесінші-алтыншы орындарды бөлісуде. Осылайша премьер-лига жолдамалары үшін бәсеке қыза түсті деуге болады.

29 маусым күні болатын ХІІ турда орталық матч «Алтай» мен «Қызылжар» командалары арасында өтеді. «Каспий» «Қыранды» қабылдаса, оралдықтар үшін сырт алаңда «Байқоңырдан» ұпай алу оңайға түспейтіні анық. Өйткені «Байқоңыр» соңғы үш ойында қатарынан жеңіске жетіп, соның нәтижесінде 16 ұпай жинап, үздік алты командаға жақындай түсті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер