Әлем футболы

Cалах, Мане, құлдық, жанжал. Африка кубогы басталады

Cалах, Мане, құлдық, жанжал. Африка кубогы басталады
news-banner7
mobile-news-top

Елорда уақыты бойынша маусымның 21-нен 22-не қараған түні Египетте Африка кубогы басталады.

Біріншілік алдын-ала Египетте емес, Камерунда өтеді деп жоспарланған. Оның себебі, турнирге арнайы салынып жатқан стадиондардың құрылысы жоспарланған уақытта бітпеген. Жарысты өткізу Египетке сеніп тапсырылды.

Африка кубогына 24 команда қатысады. Әр топтан алғашқы екі орынды иемденген командалар мен үшінші орынды алған төрт үздік команда 1/8 финалға шығады.

Турнир басталмас бұрын басты интригаларға көз жүгіртіп өтуді жөн көрдік.

Египетті Салах сүйрей ала ма?

Өткен жылы Ресейде өткен әлем біріншілігінде Мохамед Салах бастаған Египет топтан шыға алмаған еді. Чемпиондар лигасының финалында алған жарақаты еркін көсілуіне көп кедергі болды. Ал, бұл турнирдің басты фавориті - Египет. Әрі, алаң қожайындары. Басты жұлдыз да өз бабында. Әйткенмен, бұл команда аяқ асты Салахтан айырылса қандай күй кешпек? Мохамедты алып тастасаң, ортаң қол команда болып шыға келеді. «Арсеналда» негізгі құрамға іліне алмай жүрген Мохамед Эль-Ненни жеңіске жетелей қоймас.

Мане Сенегалға тұңғыш Африка кубогын алып келе ме?

Египеттің топ жаруына «Ливерпульдағы» Салахтың әріптесі Садьо Манье кедергі болып көрмек. Жақында ғана Чемпиондар лигасын бірге жеңіп алған екі футболшы турнирдің негізгі жұлдыздары. Негізі қағаз жүзінде Сенегалдың құрамы өте мықты. Қорғаныста бүкіл топ-клубтар көз тігіп жүрген Калиду Кулибали бар. Орталық алаң мен шабуыл да Еуропадағы үздік клубтарда өнер көрсететін футболшылардан жасақталған: Кейте, Гейе, Куйате. Команда ретінде Сенегал Египеттен қарағанда әлдеқайда мықты.

Үздік қақпашы және Кларенс Зеедорф

Өткен чемпионатты жеңіп алған Камерун бұл турнирдің фавориттері қатарында жоқ. Командада жиі ұрыс-керіс. Оның үстіне әйгілі Самуэль Это'О секілді футболшы жоқтың қасы. Әйткенмен, Камерунды мансабында «профессор» атағын алған Зеедорф тізгіндейді. Қақпаны дәл қазіргі таңда Африканың үздік қақпашысы Андре Онана күзетеді. Әйткенмен, сарапшылар Камерун ширек финалдан әрі аспайды деп болжам жасап отыр.

Эрве Ренар кубокты үшінші мәрте жеңе ме?

Эрве Ренар Африка футболының тарихына енген бапкер. Алдымен, Замбиямен кубокты жеңіп алды. Финалда Дидье Дрогбасы бар Кот-д'Ивуарды жүлдесіз қалдырды. Кейін Кот-д'Ивуарға бапкер болып барып, бұл құрамамен жеңіс тойын тойлады. Бір сөзбен айтқанда, жүрген жері трофей.

Бүгінде Ренар Марокко футболшыларына бапкерлік етеді. Құраманда Хаким Зиеш пен Мехди Бенатия бар бұл құрама да осал емес. Жылдам футболды басты рөлге қоятын Марокко турнирде жеңіске жетсе айтарлықтай таңданыс туғызбайды.

Құлдары көп ел - Мавритания

Ең жұмбақ құрамалардың бір - Мавритания. 1981 жылы құлдықтан бас тартты бұл мемлекет. Дегенмен, көптеген сараптамалық орталықтардың нәтижесіне сенсек, бұл елдегі әрбір бесінші тұрғын құлдықта өмір сүріп келеді.

Дегенмен, ұлттық құрама сапында еркін адамдар өнер көрсететін шығар. Бір қызығы, құрамадағы Еуропада доп тебетін кейбір футболшылар тарихи отанына мүлде аяқ баспаған екен.

Турнир басталмай жатып жанжал

«Қара құрлық» чемпионаты жанжалсыз өтпейді. Жарысқа қатысқандары үшін ақша төлемегенге ренжитін футболшылар бүлік шығарады. Кейбір футболшылар бас бапкермен ұрысып, командада іріткі салады. Бұл турнир де ондай кесапатты айналып өткен жоқ. Алғашқы матчта Египетке қарсы алаңға шығатын, Зимбабве футболшылары турнирге келгеніміз үшін сыйақы төлемесе, матчқа шықпаймыз деп отыр.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер