русский язык

Жас спортшыларымыз Олимпиадаға аттанды

Жас спортшыларымыз Олимпиадаға аттанды

16-28 тамыз аралығында Қытайдың Нанкин қаласында 18 жасқа дейінгі ІІ Олимпиада ойындары өтеді. Алматыда осы жарысқа қатысатын Қазақстан құрамасын шығарып салды, деп хабарлайды Хабар арнасы.

Еліміздің жеткіншектері 21 спорт түрнінен 43 лицензияны жеңіп алды. Ұлттық құраманың атынан жарыста 51 спортшымыз сынға түседі. Биылғы ойындарға 200-дей мемлекеттен 3800 спортшы қатыспақ. Сонымен қатар, бірнеше мемлекеттің спортшыларынан құралған командалар да жарысқа түспек. 33 спорт түрінен 184 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады. Қазақстан құрамасынан 2010 жылы Сингапурда өткен жасөспірімдер арасындағы І жазғы Олимпиадаға 47 спортшы қатысқан еді. Бапкерлер биыл 11 спорт түрінен жүлдеге қол жеткіземіз деген сенімде. Соның ішінде: бокс, ауыр атлетика мен күрес.

Мәлік Сапашев, делегация жетекшісі:

- Бірінші олимпиада ойындарында 6 жүлде алдық, соның ішінде 2 алтын медальға ие болдық. Осы жарысқа осы дәрежеден кем емес деп жоспарлап қойдық. Бірінші олимпиада ойындарына қатысқан біздің спортшыларымыздың арасында Зульфия Чиншанло екі жылдан кейін Лондон Олимпиадасында жеңімпаз болып шықты.

Ермахан Ыбрайымов, Олимпиада чемпионы:

- Олимпиада ойындарына әлем чемпионатынан алдық біздер лицензияны. Биыл Болгарияда өткен әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алдық. Сөйтіп, жалпы командалық есепте Қазақстан дүниежүзінде көш бастады. Біздің спортшыларымыз қай-қайсысын алсаңыз да бәрі медаль алуға лайықты жігіттер. Сондықтан, біздер бокс бұл жолы, айтады ғой, лидерлер болып саналамыз.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;