русский язык
Футбол

Ақталмаған үміт. «Ақтөбе» Чемпиондар Лигасындағы жорығын аяқтады

Ақталмаған үміт. «Ақтөбе» Чемпиондар Лигасындағы жорығын аяқтады

Ел чемпионы «Ақтөбе» УЕФА Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңінде румыниялық «Стяуаға» қарсы қарымта кездесуін өткізді.

Көптен күткен кездесу өте жоғары жылдамдықпен басталды. Қос команда қақпашыларын бір-бір мәртеден тексеріп көрді. Алдымен Лучан Сынмэртян Сидельниковтың қыралығын тексерсе, сосын «Ақтөбе» футболшылары қауіпті жауап қайтарды. Ойынның бар болғаны 3-ші минутында алаң иелері есепті ашып кетті. Шабуылдан қорғанысқа қайтып үлгермеген ақтөбеліктерді Гылкэ шәкірттері жазалады десе де болады. Алесандру Кипчу қақпа маңында пас алып, «Ақтөбе» қақпасына гол соқты. 20-ші минутта Варелла есепті еселеп кете жаздады. Оның айып алаңының сыртынан бағыттаған соққысы Сидельников иелігінен сәл ғана қиыс ұшты. Біраз уақыттан соң «Ақтөбе» ойыншысы Алексей Антоновтың таразы басын теңестіруге мүмкіндігі туды. Қақпашымен жеке шыққан тұста Алексей Арлаускистен айласын асыра алмады. Алаң иелері бірден жауап қайтаруға тырысты. Тэнасэ қақпа маңына жақындап, жойқын соққы жасағанымен, Сидельников өз орнынан табыла білді. 39-шы минутта Константин Гылкэның шәкірттері екінші голын соқты. Алғашқы голдың авторы Кипчу оң қапталмен сытылып өтіп, ортаға пас асырған болатын. Ыңғайлы тұста тұрған Станчу Николаэ «Ақтөбе» қақпашысы Сидельниковты қапы қалдырды. Екі бірдей голдан кейін пентакампеондар қайтсе де жауап қайтармақ болды. Кезекті шабуылда Хайруллиннің екі бірдей мүмкіндігі болды. Ыңғайлы тұсқа жайғасқан ол соққы жасағанымен доп қақпашыдан кері қайтты, екінші деммен қайта шабуылдап көрмек болғанымен, румын қақпашысы тамаша ойнап, Мараттың аяғынан допты тартып ала білді.

 

 

Екінші тайм басталысымен қос қарсылас қақпасының маңында аса бір қауіпті шабуылдар орын алған жоқ. Тек 57-ші минутта   «Ақтөбе» капитаны ереже бұзғаны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. 10 ойыншымен қалса да, ел чемпиондары қорғаныста сауатты ойнай білді, ал алаң иелері қарсыласының қақпасына қанша соққы бағыттаса да саңылау таба алмады. Филип Сидельковтың қақпасын бір мәрте жойқын соққы жасап көрді. Алайда оның айып алаңының сыртынан тепкен добы, қақпа бағанасын жанап өтті. Ойынның аяқталуына аз ғана уақыт қалғанда алаңға тыңнан қосылған Кападзе есеп айырмасын қысқартты. Сантананың көтерген добынан кейін, қорғаушылар қателігін ұтымды пайдаланып, Арлаускис қақпасын дәл көздеді. Алайда ақтөбеліктердің бұдан артыққа шамасы жетпеді.

Осылайша қос кездесу қорытындысы бойынша румыниялық «Стяуа» келесі кезеңге өтті. Ал Ел чемпионы «Ақтөбе» болса, осы маусымдағы Чемпиондар Лигасы жорығын осы жерден аяқтады.

 

УЕФА Чемпиондар Лигасы. Үшінші іріктеу кезеңі

«Стяуа» (Румыния) - «Ақтөбе» (Қазақстан)  - 2:1 (2:2)

Голдар: Кипчу 3', Станчу 39',  – Кападзе 85'

«Стяуа»: Арлаускис, Рыпэ, Шукала, Латовлевич, Варела, Кипчу, Тэнасэ, Препелицэ, Станчу, Сынмэртян, Попа

 «Ақтөбе»: Сидельников, Мирошниченко, Арзуманян, Логвиненко, Минейро, Царикаев, Пиззелли, Хайруллин, Коробкин, Неко, Антонов

Бас төреші: Мирослав Зелинка (Чехия) 

Ескертулер: Кипчу (6), Латовлевич (68) – Андерсон Сантана (11), Логвиненко (24, 57), Коробкин (35)

Алаңнан қуылды: Логвиненко (57)

6 тамыз 2014 жыл Румыния, Бухарест қаласы. Ұлттық стадион.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;