русский язык
Волейбол

Сабинамания немесе Әлемді сұлулығымен мойындатқан қазақ волейболшысы

Сабинамания немесе Әлемді сұлулығымен мойындатқан қазақ волейболшысы

Сабина Алтынбекова есімді қазақтың қаракөз қызы ғаламтордың нағыз жұлдызына айналды. «Фейсбук», «Инстаграм», «Твиттерде» қызу талқының тақырыбына айналған бойжеткен несімен танылды?

Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Сабинаны жапонның «анимэсіне» ұқсатса, енді біреулері Азия ханшайымына балап жатыр. Тайбей жерінде Қазақстан намысын қорғау үшін жарысқа аттанған қандасымыз жергілікті халықты сұлулығымен тәнті етіпті. 17-жасар қыздың суреттері америкалық 9GAG.com порталында пайда болғаннан кейін оған деген қызығушылық арта бастады. Cуреттердің астына үш мыңға жуық пікір қалдырыпты сайт тұтынушылары. Қазіргі кезде Сабинананың Instagram әлеуметтік желісіндегі «фоллоуерлері» 200 мыңнан асып жығылады.

Сабина Ақтөбе облысының тумасы. Ата-анасы да спорттан алыс жандар емес. Анасының айтуына қарағанда Сабина кішкентай кезінен би үйірмесіне қатыстқан. Алайда бой жете келе әуедоп өнеріне аңсары ауып, ақыры әке шешесінің рұқсатымен волейбол секциясына жазылады. Жергілікті «Казхром» командасының белді ойыншысы атанады кейін. Жас бойжеткеннің дарынын байқаған бапкерлер Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының белді ұжымдарына шақыртқан.

«Біз Сабинаны Алматыға баруына үгіттедік. Cосын ол 16 жасынан бастап «Алматиночка» клубында ойнай бастады», - дейді волейболшы қыздың анасы Нұрипа Амриевна. Сабина 2012 жылы Қытайдың Цзыян қаласында өткен жасөспірім қыздар арасындағы Азия чемпионатына қатысқан.

 

 

Мынаны қараңыз, қазақ қызының көркіне тамсанған қытайлықтар Азия чемпионатын екінші орынға сырғытып, жарысқа тек қазақ қызын көру үшін барады екен. Тіпті Қазақстан құрамасы қатысатын әр ойында зал көрермендерге лық толы көрінеді.

«Әрине, қызымыздың танымалдығы бұлайша артқаны жақсы. Бірақ бұл ұжымға кері әсер етуде. Өзіңіз ойлаңызшы, лық толған зал көрермендері тек бір волейболшының іс-әрекетін бақылап, істеген қимылдарына қошемет көрсетеді. Командалық ойынды көру үшін емес, жалғыз ойыншының сұлулығын тамашалауға келгендей», - деп назын шертеді Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрлан Садықов.

Сабинаның жергілікті телеарнаға берген сұхбатында:

«Соңғы болып жатқан жағдайлар әрине қуантады. Өзім бұлай болады деп ойламаппым. Танымалдылық жақсы, бірақ асыра сілтемеу қажет», - дейді бидай өңді биязы қызымыз.

Ендеше Сабинаның сұлулығына ғашық болған жігіттердің құлақтарына алтын сырға. Волейболшы қызды «Азияның феномені» деп бағалаған suara.com сайты мәлімдегендей, Сабина жеке өміріне байланысты қойылған сұрақтың бірінде өзінің сүйіктісі жоқ екенін білдіртіп қойған.

Әлемді көркімнен бағындырған Сабина қызымыз рекордты «Инстаграмда» ғана емес, әлемдік ареналарда орнатады деп сенеміз.

 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;