русский язык
Футбол

Қазақстанда Студенттер Ұлттық лигасы құрылды

Қазақстанда Студенттер Ұлттық лигасы құрылды

Бүгін, яғни шілденің 24-і күні Алматы қаласында Қазақстан футбол федерациясының Вице-президенті, Сейілда Байшақов, Қазақстан футбол федерациясының Бас менеджері Асқар Ұранхаев және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Студенттер ұлттық лигасын құрды, деп хабарлайды kff.kz сайты.

ҚФФ вице-президенті Сейілда Байшақовтың айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігімен ынтымақтастық орнатуы бірінші рет емес. – Қазақстан футболының ардагерлері атынан баршаңызды Студенттер лигасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ел футболын дамыту бағытында біз Білім министрлігімен бірінші рет ынтымақтастық орнатып отырған жоқпыз. Сегіз жылдан бері «Былғары доп» додасын бірге ұйымдастырып келеміз. Қазақстан футбол федерациясы отандық аяқдопта үлкен маңызы бар бұл жобаны толық қолдайды, - деді С. Байшақов.

- Бұл біздің қызметіміздің маңызды саласы. Өйткені, дені сау ұрпақты тәрбиелеу біздің ұйымның басты мақсаттарының бірі. Елбасымыздың қойып отырған тапсырмасы да – осы. Алғашқы кезеңде бастамамыз 10 мыңнан астам студентті қамтиды деп күтіп отырмыз. Осылайша олар өздері осы турнирге қатыса алады немесе өз командаларына жанкүйер болады. Футбол жастарды патриорттыққа тәрбиелей алады деп ойлаймын, - деді өз кезегінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Жалпы Студенттер Лигасының базасында болашақта ұлттық құраманың фан-клубын құру жоспарда бар. Сондай-ақ, ЖОО білімгерлерін әртүрлі халықаралық ойындарға көрермен ретінде шақыру да жалғасын таба бермек. – Қазір біз Студенттер Лигасының сайтын жасаумен айналысып жүрміз. Осы сайт арқылы доданың үздік ойыншыларын, апта, ай, маусымның үздіктерін анықтап отырамыз. Яғни, осылайша студенттердің ынталарын арттыруға тырысамыз, - деді ҚФФ Бас менеджері Асқар Ұранхаев.

Бұған дейін хабарланғандай 2014 жылдың мамыр айында Қазақстан футбол федерациясы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі өзара Ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Соның нәтижесінде Студенттердің Ұлттық Лигасын құру жобасы қолға алынған. Бұл Ынтымақтастық – білім ошақтарындағы білімгерлер арасында футбол лигасын ұйымдастыру арқылы жастарды салауатты өмір салтына шақыру мақсаты көзделген. Осыған орай, мамырдың 14-і мен 25-і аралығында Астананың Жоғарғы оқу орындары арасында алғашқы турнир де ұйымдастырылды. Турнир студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, доданың үздік үш ойыншысы Будапеште өткен Венгрия – Қазақстан жолдастық кездесуін тамашалауға мүмкіндік алды. Ал келесі турнир осы жылдың күзінде басталады. Оған еліміздің әр аймақтарындағы барлық Жоғары оқу орындары қатысуға ниеттерін білдірді.     

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;