русский язык
Футбол

Красножанның сенімді серкелері

Красножанның сенімді серкелері

Юрий Красножан тұлғасымен таныстық. Ал оның қасындағы серіктері, яғни Юрий Анатольевичтің көмекшілері ретінде небір маңызды жұмыстарды атқарып жүрген жаттықтырушыларды әлі таныстырып үлгермедік. Олқылықтың орнын толтырайық деп бүгінгі нөмірімізде Красножанның көмекшілеріне жеке тоқталуды жөн көріп отырмыз.

 


 

 Виталий КАФАНОВ – қақпашылар бапкері
Виталий Кафановтың есімі «Қайрат» және «Елімай» жанкүйерлеріне жақсы таныс болуы тиіс. Өйткені, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Кафанов осы командалардың қақпасын қорғаған. Оған дейін Виталий Витальевич өзінің отаны Түркмения чемпионатында өнер көрсеткен. Сол жақта Құрбан Бердыевпен танысты. Жасыл алаңдағы ғұмырын аяқтаған соң ол өзінің тағы бірнеше достарымен бірге (арасында «Қайраттың» қазіргі техникалық директоры Павел Черепанов та болды) бапкерлік карьераларын бастады. Ал 2001 жылы олар Қазанның «Рубиніне» тағайындалды. Рас, Смоленскінің «Кристалында» жұмысы аяқталмағандықтан Кафанов «Рубинге» сәл кешірек барды. 
Сөйтіп, Ресей чемпионатында екі дүркін жеңімпаз атанды, Кубок пен Суперкубокты иеленді. Сондай-ақ, еуродода бәсекесінде керемет өнер көрсетіп, сол кезде дүркіреп тұрған «Барселонаның» өзін тізе бүктірді.
Кафановтың қақпашылармен жұмыс істеуінде ешқашан олқылық болған емес. Рас, бас кезінде өзіне ыңғайлы қақпашы таппай жүргені бар. Бірақ 2007 жылдан бастап бұл мәселе де түбегейлі шешілді. Айтып отырғанымыз Сергей Рыжиков. «Рубинде» қанатын кеңінен жайған Рыжиков қақпашы Кафановты бапкерден де жоғары көреді. Өзінің футболшылық ғұмырында Кафановтың орны ерекше екенін айтудан еш жалыққан емес. Сол Рыжиков «Рубин» арқылы кейін Ресей ұлттық құрамасына шақыртылды. Тіпті, Бразилияда өткен әлем чемпионатына да барып қайтты. 
Айта кету керек, Кафанов басқа қақпашыларды да әрдайым назарында ұстады. Солардың бірі – отандасымыз Давид Лория. Естеріңізде болса, кезінде қазақстандық қақпашы да «Рубин» сапында сынақтан өткен болатын.
Кафановтың Қазақстан ұлтты құрамасына келуі, әлбетте біздің футболымыз үшін үлкен жетістік. Өте тәжірибелі, көргені көп бапкер. Өзінің шәкірттерін дамыта алатынын дәлелдеген жаттықтырушы.
Кафановтың мәлімдеуінше, Сидельников пен Мокиннің әлеуетін жақсы біледі. Олардан да Рыжиковтың дәрежесіндегі қақпашыларды дайындап шығаруға болатынын айтты. Сонымен қатар, назарында Стас Покатиловты да ұстап жүр.

 

 

Евгений Шевелев – Бапкер-сарапшы
Евгений Шевелевтің өмірі туралы жастарға керемет үлгі боларлық спорттық шытырман кино түсіруге болады. 
Нижний Тагилдің бұрынғы милиционері Football Manager компьютерлік ойынының фанатынан Ресейдегі ең үздік жаттықтырушы-сарапшылардың дәрежесіне жетті. Бір қызығы, Шевелев өзінің сарапшылық қабілетін sports.ru сайтында көрсете білген. Оның футбол тактикаларына арналған жеке блогы көпшіліктің сұранысына ие болып, тіпті ресейлік мен деген жаттықтырушылардың өздері пайдаланған. Шевелев жаттықтырушыларға арналған әлемге белгілі Soccer Coaching International журналының орысша нұсқасын жасап шығарған. Сөйтіп, бұл журналдың кереметтілігі Леонид Слуцкийдің өзін тамсандырған. Сондай-ақ, Евгений Soccer Coaching International статистикалық компаниясында да жұмыс істей бастады. Айтпақшы, бұл компания Қазақстан чемпионатындағы фактілерді де тіркеп отырады. 
Ал бір жыл бұрын Шевелевтің өмірінде ерекше жағдай орын алды. Юрий Красножанның шақыртуымен «Терек» футбол клубының бапкерлер алқасына еніп, бірден өзінің біліктілігімен көзге түсті. Ал қазір көмекшісіне жүз пайыз сенетін Юрий Анатольевич бұл жаттықтырушыны өзімен бірге Қазақстанға алып келді.

 

 

Мұрат Ысқақов – Бас бапкердің көмекшісі
Кафановты қалай таныса, қазақстандық футбол жанкүйерлері Ысқақовты да дәл солай білуі тиіс. Бұл бапкер де футболшылық ғұмырының бір бөлігін, нақты айтсақ, соңын Қазақстанда, оның ішінде «Елімайда» өткізген. Осы клубта 19 ойын өткізіп, футболшылық ғұмырын аяқтаған. 
Бапкерлер алқасының ішінде Юрий Красножан Ысқақовпен бұрыннан таныс. Екеуі де бір өңірдің тумасы, Баксанның «Автозапчасть» командасында бірге ойнаған. 
Мұрат Ысқақов бапкерлік ғұмырын бірден бастап кеткен жоқ. Бутсасын шегеге ілгеннен кейін жеті жыл өткізіп, қолына қойынкітапшасы мен ысқырығын алды. Алдымен Мұрат Сәлімұлы Нальчиктің «Спартак» командасында жастарды жаттықтырды. Ал 2011 жылы Юрий Красножанның штабына еніп, Мәскеудің «Локомотивінде» қызмет атқарды.
Кейін Ысқақов Юрий Анатольевичтің жанынан бір елі кетпейтін болды. Нақты айтсақ, Красножанмен бірге үш жылдың ішінде бес команданы жаттықтырды. Яғни, Ресейдің екінші құрамасы, «Анжи», «Кубань» және «Терек».
Юрий Красножанның бапкерлер алқасында физдайындық жөніндегі жаттықтырушы Евгений Стукалов пен өзімізге етене таныс Григорий Бабаян және Виктор Кумыковтың бар екенін де айта кеткеніміз жөн.

 

«Футбольные вести

Ақпарат футбол федерациясының ресми сайтынан алынды

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;