русский язык
Футбол

Еуропа Лигасы. «Қайрат» қолда тұрған жеңісті жіберіп алды

Еуропа Лигасы. «Қайрат» қолда тұрған жеңісті жіберіп алды

УЕФА Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңінде Алматылық «Қайрат» өз алаңында даниялық «Эсбьерг» командасын қабылдады. Орталық стадионға жиналған қалың көрермен алдында Вайсс шәкірттері намысты қолдан бермесі анық еді.

Алғашқы он минутта қос команда бір бірін зерттеумен болды. Тек 15-ші минутта Исламхан орта шеппен қарсылас қорғанысын бұзып жарып, Гоуға пас асырды. Жерардың тепкен добын қорғаушылар сәтті қайтарды.

Бірден қарымта шабуылға шыққан даниялықтар Хомичтің қақпасын көздеді. 15-ші нөмерлі Райан Лаурсен айып алаңының сыртынан қақпашымыздың қыралығын тексеріп көрді.

24-ші минутта «Эсбьерг» қорғаушыларының қателігін алматылықтар пайдасына асырмақ болды. Бауыржан Исламхан оң қапталмен сытылып өтіп, қақпа маңында тұрған Жерарға әуелетіп пас асырды. Бірақ Гоу допқа жете алмады.

Ойын бір сәтке де бәсеңдемеді. Алма кезек шабуылдарға ұласқан кездесуде қос команданың есепті ашатын мүмкіндігі болды. 5 минуттың ішінде Фредериксеннің шәкірттері екі рет шабуыл ұйымдастырды. Мохаммед Фелла айып алаңының сыртынан қақпаны дәлдеп көргенімен, оның ұмтылысы нәтиже бермеді. Артынша Якоб Андресен айып алаңына еніп жойқын соққы жасады, алайда доп қақпадан қиыс кетті.

37-ші минутта Гоуга қарсы даниялық ойыншылар ереже бұзды. Исламхан орындаған айып добын Жерар пайдалана алмады. Оның баспен ұрған добын Дубравка қақғып алды. Даниялық ойыншылар демалысқа голсыз кетпейтіндей бекінген. Мохаммед Фелла айып алаңының сыртынан шірене соққы жасады. Бұл жолы Хомич құтқарды. Осылайша, тартысты өрбіген алғашқы тайм өз мәресіне жетті.

 

 

Екінші таймның төртінші минутында шабуылға шыққан «Қайраттың» қорғаушысы Плиев командасына 11 метрлік айып добын алып берді. Нүктеге жақындаған Йосип Кнежевич мүлт кетпеді - 1:0! Жанкүйерлер бір ауыздан «ГОООЛ» деп айқай салды. «Эсбьерг» те қарап қалмай жылдам жауап қайтаруға тырысты. Алаңға Луниннің кірісімен «Қайрат» шабуылына жаңа қарқын қосылды. Луниннің берген пасынан кейін Исламхан оң қапталмен қақпа маңына еніп жойқын соққы жасады. Алайда қақпаның төменгі бұрышына бағытталған допты Дубравка қағып алды. 80-ші минутқа жақындаған тұста «Қайрат» ойыншыларының есепті еселеуге мүмкіндігі болды. Кнежевичтен пас алған Жерар Гоу алға ұмтылды, алайда алдында көлденең жата қалған қорғаушылардан өте алмай Йосип қайта пас берді. «Қайраттың» 10-ші нөмері қақпа маңына жақындап соққы бағыттағанымен, доп діттегенін жерге жетпей қалды.

Бір голға масатанған «Қайрат» қосымша уақытта опық жеді. Қақпа алдындағы қарбалас сәтте Мохаммед Фелла Хомичті қара жерге отырғызып кетті. Соңғы минутта қақпаға енген «Эсьберг» ойыншысы Вестергорға қарсы айып алаңында ереже бұзылды. Төреші ысқырығ үнсіщ қалды. Осылайша алыпшаһардың басты командасы қолдан тұрған жеңісті уыстан жіберіп алды.

 

Еуропа лигасы. Екінші іріктеу кезеңі.

«Қайрат» (Қазақстан) - «Эсбьерг» (Дания) - 1:1 (0:0)

Голдар: 49’ Кнежевич (пенальтиден), 90' Фелла

«Қайрат»: Хомич, Қуантаев, Кислицын, Смақов, Бакаев, Плиев, Кнежевич, Исламхан, Михалик, Едигарян, Жерар Гоу

«Эсбьерг»: Дубравка, Якобсен, Гомеш, Лаурсен, Леквен, Андресен, Анкерсен, Лусена, Фелла, Бурен, Люнг

17 шілде 2014 жыл. Алматы қ. Орталық стадион

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;