русский язык
Футбол

Чемпиондар Лигасы. «Ақтөбе» сырт алаңда «Динамоны» тізе бүктірді

Чемпиондар Лигасы. «Ақтөбе» сырт алаңда «Динамоны» тізе бүктірді

УЕФА Чемпиондар Лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Тблиси қаласында жергілікті «Динамо» мен Қазақстан чемпионы «Ақтөбе» күш сынасты.

Грузия чемпиондары бірден қарсыласын қысымға алып бақты. Алғашқы соққыны да Михал Билек шәкірттері жасады. Айып добын орындаған Лаша Тотадзенің соққысын Андрей Сидельников екінші ұмтылыста қағып алды.

Бірден қарымта шабуылға шыққан Ел чемпиондарының ұмтылысы қауіпті шықты. Маркос Пиззели орта шеппен жорық жасап, қақпаға соққы бағыттағанымен доп қақпа бағанасынан қиыс кетті.

23-ші минутта Марат Хайруллин қақпа маңында «Динамо» ойыншысына қарсы ереже бұзып, айып добын алып берді командасына. Ақ сызықтан сәл бері қойылған допты Дзария қауіпті орындады. Оның тепкен добын Сидельников қиындықпен шығарып алды.

Қазақстан чемпиондардың сапында бірінші таймда белсенді ойнаған футболшылардың бірі Пиззели.  Маркостың алғашқы таймның ортасында жасаған соққысы қауіпті болды. Неконың пасынан бірден жойқын соққы жасағанымен, доп қақпа маңдайшасынан жоғары кетті.

Ақырындап доп басымдығын өз қолдарына ала бастаған ақтөбеліктердің шабуылы жиілей түсті. Бірақ «Динамоның» қорғаныс шебінде са бір қателіктер орын алған жоқ.

Алғашқы таймның соңында Патрик Вухоның есепті ашуға мүмкіндігі туды. Алайда айып алаңының маңында тепкен добы қақпадан сәл ғана қиыс кетті.

Осылайша қос команда алғашқы таймда қақпасын голдан аман сақтап қалды.

 

 

Екінші таймды Билек шәкірттері жылдам қарқынмен бастады. Екі мәрте Сидельниковтың иелігін мазалағанымен, жөнді шабуыл жасай алмады. 51-ші минутта қарымта шабуылға шыққан Ел чемпиондары діттегендеріне жетті.  Сантананың ауттан әуелетіп лақтырған добын Неко қақпа дөп тигізді.

Осыдан кейін «Динамо» бірден есепті теңестіруге алға шықты. Меребашвилидің айып соққысынан тепкен добын Сидельников сәтті қайтарды.

63-ші минутта қазақстандық клуб қорғаушыларының қателігінен кейін тбилисиліктердің таразы басын теңестіретін сәт туды. Бұл қарбаласта Андрей Сидельников қыралығымен көзге түсті. 

Грузиялық ойыншы Тотадзе оң қапталда екі ойыншыны қапы қалдырып барып, ортаға ойысты. Айып алаңына жақындаған тұста жойқын соққы жасағанымен, пентакампеондардың қақпашысы өз орынан табыла білді.

70-ші минутта грузиялықтар футболшылар алма кезек шабуылдар жасады. Алдымен Дзараия Сидельниковтың қырағылығын тексерсе, енді бірде Вухо қақпа маңынан қиыс тепті допты.

Тотадзе әдеттегідей айып добын орындады. Бұл жолы оған дәлдік жетіспеді, тепкен добы қақпадан әлдеқайда жоғары ұшты.

Соңғы минуттар «Динамо» ойыншыларының  жаппай шабуылымен өтті. Каталондық «Барселона» мектебінің түлегі Хиско таразы басын теңестіріп кете жаздады. Оның айып алаңына кіріп барып жасаған соқысы Сидельников қақпасынан сәл ғана қиыс кетті.

Осылайша «Ақтөбе» сырт алаңда жеңіске жетіп,  келесі кезеңге үлкен қадам жасады.

 

 

 

Чемпиондар Лигасы. Екінші іріктеу кезеңі

«Динамо» (Грузия)  - «Ақтөбе» (Қазақстан)  0:1 (0:0) 

Гол: 51' Неко (0:1)

Бас төреші: Павел Рачковски (Польша) 

«Динамо»: Лория (к), Тотадзе, Джанелидзе, Меребашвили, Григалашвили, Папава, Досоудил, Гвелесиани, Шергелашвили, Дзария, Вуо

«Ақтөбе»: Сидельников, Мирошниченко, Арзуманян, Логвиненко (к), Сантана, Царикаев, Коробкин, Неко, Хайруллин, Пиззелли, Антонов

17 шілде 2014 жыл. Грузия, Тблиси қаласы

 

Неконың голы

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;