русский язык
Футбол

«Қайсардың» қара маржаны Кулибали

«Қайсардың» қара маржаны Кулибали

Егер «Атырау» - «Қайсар» кездесуінде өзінің қателігін түзей алмай, ойын тең есеппен немесе қызылордалық команданың жеңілісімен аяқталғанда матчтың антиқаһарманы Мамуту Кулибали болар еді. Өйткені, қақпамызға пенальти Мамутудың қателігінен кейін белгіленді. Бірақ малилік қорғаушымыз екінші таймда көсіле шауып, өзінің керемет голымен «Қайсарға» жеңісті жұлып әперді.

Бұл Мамутудың футболшылық ғұмырындағы ең өрескел қателігі еді. Қандай түлен түрткенін өзі де түсіндіріп айта алмайды. Әдетте, оп-оңай баспен қағып жіберетін допқа қолын көтере секірді. Пенальти. Мұндайды төреші назардан тыс қалдырсын ба, қолын нүктеге соза жүгірді. Осылайша «Атырау» үзіліске бір минут қалғанда есепті теңестіріп кетті. Екінші таймның қалай өрбитіні белгісіз...

...«Ертіс» сапынан ауысып келген Мамуту Кулибали ә дегеннен-ақ Дмитрий Огай қорғанысының басты тіректерінің біріне айналды. Негізі, «Ертісте» жүрген кезінде де өте еңбекқор ойыншы екені бірден байқалатын. Алаңда Кули бар кезде жанкүйерлері қорғанысқа қам жемейтін. Сонымен не керек, малилік марғасқа қызылордалық футболсүйер қауымды да өзіне бірден баурап алды. Ақ жарқын, көкіректігі жоқ. Өз ісінің хас шебері...

...Киім ауыстыратын бөлмеген Кули соңғылардың бірі болып кірді де, өзінің орнына үнсіз ғана жайғаса қалды. Көкірегінде өксік тіреліп тұр. Әлбетте, өзінің кінәлі екенін жақсы біледі. Шыдай алмады-ау, көз жасына ерік берді. Бапкерлердің де өкпесі қара қазандай. «Сен немене волейбол ойнап жүрсің бе?», - дегенді де естіді. «Осыдан ойын жағдайын құтқарып қалмасаңдар, бірің де демалысқа шықпайсыңдар. Осыдан Қызылордаға жетейік, бес күн үзіліс пе, бес күн бойы жаттығу жасайсыңдар!», - деді Дмитрий Алексеевич. Әлбетте, бас бапкердің мақсаты жылдам гол соғып алып, артынша босаңсып қалған шәкірттерін осылайша қайрап алу еді. Ал Мамуту ызаға булығып әлі отыр. Бапкерге емес әрине, өз қателігіне. Осы кезде командаласының бірі қасына жақындады. «Кули, бұл сынақ. Қазір қасиетті Рамадан айы. Оның үстіне, өзің бес уақытыңды қаза қылмайсың. Сондықтан, Алла сүйген құлын осылайша сынап отыр. Өзіңді қайрасаң, екінші таймда гол соғасың!», - деп демеп жіберді...

...Қорғаныста ғана емес, шабуылда да пайдалы Мамуту биылғы Премьер-лигада қарсылас қақпасына соғылған голдардың да себепшісі болды. Алдымен «Астанаға» гол соғылған кезде қорғаушыны қателестіріп, Дмитриенконы өз қақпасына соғылған голдың авторы етті. Одан кейін «Ақтөбемен» болған кездесуде де Антон Землянухиннің айып добынан кейін қақпашы Андрей Сидельниковты «жансыздандырып» тастады. Бұлардан бөлек, өзін де гол соғатын бірнеше мүмкіндіктер болды. Бірақ, гол соғудың реті келмеді...

...Малилік қорғаушының өрескел қателік жіберуі бүгін ғана емес. Қарағандыда «Шахтермен» өткен кездесуде де жоқ жерден доптан айрылып қалып, қақпамызға гол әкелген. Соның кесірінен бапкерлер алқасы Қызылордада өткен «Спартакпен» болған кездесуде Мамутуды қосалқы құрамда қалдырып, оның орнына Милан Ябланды шығарды. Енді міне, тағы бір қателік...

...«Давай, Кули, қолыңнан келеді». Бас бапкер шәкіртін осылай алаңға шығарып салды. Осыдан кейін қорғаушымызға ерекше қанат біткендей болды. Әр допқа ызақор балалар секілді булыға ұмтылады. Шабуылда да жүрген осы Кули. Стандартты жағдай болса бітті, қарсыластың айып алаңында аш қасқырдай анталап жүрген де осы қара жігіт. Ақыры мақсатына жетті-ау. Мартин Кляй орындаған айып добын Сергей Струков баспен асыра салған еді, бірінші болып жеткен Мамуту «теңбіл снарядты» қақпаға шірене қадады. Есеп – 2:1. Бұл гол «Қайсарға» қосымша күш бітіріп, ойын соңына таман жерлестеріміз тағы бір гол соқты. Сөйтіп, жеңісті жұлып алды. Ойын соңында Алексеевич Кулибалидің артынан қақты. Бұл бапкерінің шәкіртіне риза екендігінің белгісі еді.

Еңбекқорлығы бар, ынтасы бар, маусым барысындағы гол соғатын мүмкіндіктері бар, жалпы бір сөзбен айтқанда Мамуту Кулибали бұл голға әбден лайық еді. Мамандар айтпақшы, Мамутудың шеберлігі соншалық керемет болмаса да, ол өзінің еңбекқорлығымен дара. Нағыз кәсіпқой!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;