русский язык

Германия – төрт дүркін әлем чемпионы

Германия – төрт дүркін әлем чемпионы

Бір ай бойы барша жанкүйерге қуаныш пен өкінішті қатар сыйлаған әлем чемпионаты аяқталды. Ал оны түйіндеуге Германия мен Аргентина құрамалары шықты.

Номиналды алаң иелері шаруаны кейінге қалдырмай, бірден іске кірісті. Аргентиналықтарға қорғануға тура келді. Сондықтан ойынның алғашқы минуттарында қарымта шабуылға иек артты. Немістер қос қаптал арқылы бірнеше рет айып алаңына пас асырып көрді, сан мәрте стандарттық шабуылға да ие болды. Барлық жағдайда да оңтүстік америкалықтар қорғаныста сыр бере қойған жоқ. Кездесудегі есепті ашатын тамаша мүмкіндік аргентиналықтарда болды. 20-минутта қорғаныстағы қателіктен кейін Игуаин қақпашымен бірге-бір шығып кетті. Шабуылшы ұрымтал тұсқа еніп, соққы бағыттады. Гансалоның өкінішіне қарай, доп нысанадан қиыс кетті.

Еуропалықтар қысқа әрі жылдам пастармен қарсыласының қорғанысын бұзып жаруға тырысты. Алайда, Аргентина, Бразилия емес. Өз иелігіне еркін өткізе қоймады.

30-минутта Гансало Игуаин оң қанаттағы Лавессиден пас алып, допты Нойер қақпасында тулатты. Алайда қапталдағы төреші жалаушасын көтерді – оффсайд. 37-минутта немістер де тоблодағы есепті өзгертетін мүмкіндікке ие болды. Сол қанаттан асырылған допты Андре Шюррле қақпаға тепкен еді, Серхио Ромеро шеберлігін танытты. Алғашқы тайм аяқталар тұста Хеведес Кроостың пасынан кейін допты қақпа бағанасына тигізді.

Екінші таймды аргентиналықтар белсенді бастады. Лионель Месси бірнеше мәрте қарсыласының қорғанысын мазалап көрді. Алайда немістер қате жіберген жоқ.

74-минутта сол Месси өз командасын алға шығаратын мүмкіндікке ие болды. Доп діттеген жерден қиыс кетті. 80-минуттарда «бундестимде» екі бірден мүмкіндік болды. Алдымен Хеведес мүлт кетсе, кейін Кроостың алыстан бағыттаған соққыы нысанаға жеткен жоқ.

Командалар қанша тырысып баққанымен бір-бірінің қақпасынан саңлау таба алмады. Сондықтан әлем біріншілігі жарты сағатқа болса да ұзақтау өтеді. Себебі бізді овертайм күтіп тұрды.

Қосымша уақыт басталысымен қос қарсылас шабкылмен алмасып алды. Аллдымен Шюррленың соққысы Ромеро қолынан табылса, кейін Серхио Агуэро бағыттаған доп Нойер қақпасынан қиыс кетті. 97-минутта Паласио Аргентинаны әлем чемпионы қалатын бір мүмкіндікке ие болды. Қақпаның алдында пас алған ол допты Нойердің бойынан асырып жіберді. Аргентиналық жанкүйерлер бір күрсініп алды, доп биік кетті.

Овертаймның бітуіне алты минут қалып, іштей пенальти сериясына дайындалып отқанымызда Марио Гетце неміс жанкүйерлерінің төбесін көкке жеткізді. Сол қанаттағы Шюррледен пас алған Марио допты кеудесімен тоқтатып алып, алыс бұрышты көздеді. Гол!

Аргентиналықтарда ойынды құтқарып қалатын бар болғаны бес минут қалған еді. Оңтүстік америкалықтардың өкінішіне қарай, бұл уақыт таразы басын теңестіруге жетпеді.

Германия құрамасы тарихында төртінші рет әлем чемпионы атанды.  

 

Германия – Аргентина 1:0 (0:0)

Голдар: Марио  Гетце 114

Германия: Нойер, Лам, Хуммельс, Боатенг, Ховедес, Швайнштайгер, Крамер (Шюррле 31), Мюллер, Кроос, Озил, Клозе (Гетце 88).

Аргентина: Ромеро, Сабалета, Демичелис, Гарай, Рохо, Билья, Маскерано, Перес (Гаго 84), Месси, Игуаин (Паласио 77), Лавесси.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;